Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түлектерді жұмысқа бөлу және орналастыру

Түлектерді жұмысқа бөлу және орналастыру

Бүгін Жұбанов университетінде Кәсіби даму мансап орталығының ұйымдастыруымен «Білім» бағыты бойынша «ТҮЛЕК – 2019» атты университет түлектерін алдын-ала жұмысқа орналастыру рәсімі өтті.  Аталған шараға Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Ақтөбе қалалық білім бөлімі, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен мамандары, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстық блім басқармаларынан басшылары мен студенттер қатысты.

Іс-шара  білім бағыты бойынша бітіруші түлектерді Ақтөбе облыстық білім беру ұйымдарының сұраныстарына сай жұмыс орындарына алдын-ала бөлу мақсатында ұйымдастырылды.

Бүгінде Жұбанов университетінде  8 бағытта 53 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда 13332 студент білім алып жатыр. Жиында білім бағыты бойынша биыл бітіргелі отырған 641  түлек жұмысқа бөлінді. Оның ішінде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша — 124, ауылдық квотамен — 53, грант негізінде — 166 және ақылы түрде 299 студент білім алады.

 «Облыстың және басқа да өңірлердің білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылып, қай жерге қандай мамандар қажеттілігі анықталды. Осыған сәйкес мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 588 орынға сұраныс анықталды. Осы сұранысқа орай мамандарды бөлдік. «Серпін» бағдарламасымен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан  124 студент келді. Бұл студенттердің барлығы міндетті түрде Ақтөбе облысында еңбек етуі тиіс. Қазіргі таңда олардың 78 пайызын жұмысқа орналастыруға бөліп қойдық» — деді университеттің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова.

Жиында сөз алған педагогика факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Рысбаева: «Педагогика факультетін 2019 жылы 248 түлек бітіреді.  Оның ішінде «Серпін» бағдарламасымен оқитын 37 студентіміз бар, қазіргі таңда 34 студент жұмысқа орналасып отыр, қалған 3 студент еркін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.  Ал, ауыл квотасымен 15 студент оқиды, оның 13-і жұмысқа бөлінсе, 2-еуі еркін жұмысқа орналасу бойынша бөлініп отыр. Сондай-ақ, факультетте мемлекеттік грантта 44 студенті оқиды, оның 41-і жұмысқа бөлінді, 3-і еркін жұмысқа орналасу бойынша бөлінсе, ақылы негізде 152 студент, оның 145-і жұмысқа орналасып, 7-і еркін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал білім бағытында 197 студент оқиды. Оның ішінде 183 студент жұмысқа алдын ала орналасып отыр, 14 студенті еркін жұмысқа орналасу бойынша бөлінді.  Студенттерді жұмысқа облыстық білім басқармасының берген орындарына және жеке сұраныстары бойынша жұмысқа бөліп отырмыз» — деп баяндады.

Түлектерді алдын-ала  жұмыс орындарына бөлу «Ақтөбе облыстық білім басқармасының педагог кадрларға сұранысы» негізінде өткізіледі. Аталған сұранысқа сәйкес жаңа оқу жылына жас мамандарға қажеттілік  347 орынды құраса, университет түлектері осы сұраныстардың 60%-ы қанағаттандырып отыр.

Бұған дейін университет студенттері аудан әкімдерінің орынбасарларымен өткен кездесуге қатысқан болатын. Бүгінгі жиында жастарға аудандарда берілетін әлеуметтік көмектер, қандай мамандар қажеттігі туралы ақпараттар берілді. Студенттер толғандырған сауалдарына жауап алды.

Айта кетейік, биыл аталған университетті 1821 студент бітіргелі отыр.