Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстанның бірлігі — халқының достығында

Қазақстанның бірлігі — халқының достығында

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн — әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында» мерекелік шара өтті. Мерекелік шара аясында әр түрлі ұлттың тағамдары ұсынылды

Салтанатты жиынды университет ректоры Бауыржан Ердембеков ашып, білім ордасының ұстаздары мен студенттерін айтулы мерекемен құттықтады. Университет ректоры өз кезегінде ұлттар арасындағы достықтың қадір-қасиеті ынтымақ пен бірлікте екенін атап өтті.

Құттықтау рәсімінен кейін халықтар достығының ұлы мейрамы мерекелік концертке ұласты. Концерт барысында университет студенттерінің орындауларында түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық билері орындалып, әсем әндер шырқалды. Көрермендер концерттік бағдарламада украин, татар-башқұрт, корей, қазақ, өзбек, орыс ұлттарының өнеріне тәнті болды.

Сондай-ақ, мерекелік шара аясында әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің және шетел тілдері факультетінің ұйымдастыруымен ұлттық тағамдар көрмесі өтті.