Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық конференция студенттік спорт мәселесіне арналды

Халықаралық конференция студенттік спорт мәселесіне арналды

Жұбанов университеті ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының  қолдауымен  «Студенттік спортты ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етудің заманауи проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Мұнда Ресей, Беларусь және Қазақстандық ғалымдар  өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ғылыми шараның мақсаты — студенттердің спортын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша ғылыми зерттеулер саласында тәжірибе алмасу және бірлескен бағыттарды іздеу.

Университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеевтің айтуынша, бұл конференция салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бауырлас халықтар арасындағы достық, спорттық және ғылыми байланыстардың интеграциясына жаңа күш береді.

Конференцияда сондай-ақ, Жұбанов университетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариев: «Қазақстан Республикасындағы студенттік спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы студенттік спорт түрлерінің дамуын оңтайландыруға мүмкіндік беретін зерттеуге үлкен рөл бөлінеді. Дамудың қазіргі кезеңінде білім беру процесінде инновациялық технологиялар мен ақпараттық технологияларды дене шынықтыру сабақтарында және спортшыларды дайындаудағы оқу үрдісінде белсенді енгізу қажет», — деді ол.

Айта кетейік, конференцияға 200-ге жуық адам қатысты, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, спорт комитетінің қызметкерлері және т.б.