Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студент спортының заманауи проблемалары талқыланды

Студент спортының заманауи проблемалары талқыланды

Ақтөбедегі жастар сарайында «Студенттік спортты ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етудің заманауи проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Пленарлық отырыста конференцияның мақсаттары мен міндеттері талқыланды. Басқосудың мақсаты – студенттердің спортын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша ғылыми зерттеулер саласында тәжірибе алмасу және бірлескен бағыттарды іздеу.

Жиынға ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шункеев, Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының президенті, FISU Атқарушы комитетінің мүшесі, Асессор AUSF, педагогика ғылымдарының докторы, профессоры Қайрат Закирьянов, Беларусь студенттік спорт қауымдастығының төрағасы Александр Богданович, Беларусь Республикасының оқушылары мен студенттерінің дене тәрбиесі және спорт республикалық орталығының директоры Виталий Стригельский, Беларусь студенттік спорт қауымдастығының Бас хатшысы  Виталий Карнаушенко, Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының бас хатшысы Жаснұр Акедилов, профессор, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дене тәрбиесі кафедрасының құрметті меңгерушісі Анатолий Арещенко, ҚР БҒМ құрметті қызметкері Сұрағали Тайжанов және де ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, профессорлық-оқытушылар құрамы және университет студенттерін құрайтын жүзден астам адам қатысты.

 

Шара барысында Қазақстан ұлттық спорт студенттік одағы мен Беларусь студенттік спорт қауымдастығы арасындағы өзара  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, ғылыми конференция аясында 2019 жылы Италияда Неаполь қаласында өтетін ХХХ Дүниежүзілік жазғы Универсиадада спорттық делегация мен жанкүйерлер үшін ақпараттық баяндамамен “Complete Service” халықаралық туристік командасының президенті Абылхан Сәрсенбаев, “Үздік дене шынықтыру мұғалімі-2019” республикалық конкурсының нәтижелерін талдау тақырыбында

педагогика ғылымдарының кандидаты Меруерт Тұяқбаева, “Президенттік тестілер-дене тәрбиесінің негізі” жөнінде Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Владимир Кореньков, “Қазақстан Республикасындағы ғылыми зерттеулердің қазіргі жағдайы және оларды жетілдіру жолдары” тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Ботағариев және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сергеевна “Студенттік ортада бейімделу спорты” туралы баяндама жасады.

Жүздесудің соңында Садық Мұстафаев алқалы топтың қошаметімен Анатолий Аращенко мен Сұрғали Тайжановтың қажырлы қызметіне ізгі ниетпен лайықты құрмет көрсетіп, қазақтың ұлттық салт дәстүріне сай иықтарына зерлі шапан жапты.

Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Баспасөз қызметі