Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұмыспен қамту мәселесі қаралды

Жұмыспен қамту мәселесі қаралды

Жұбанов университеті бітірушілерінің өндіріс орындары өкілдерімен кездесуінің ашық кеңістігі Open Space өткізілді. Аталмыш шара педагогикалық емес мамандықтар бойынша университет бітірушілерін жұмыспен қамту, өндіріс орындары өкілдерімен кездесу және түлектерді жұмысқа орналастырудың тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Өндіріс орындары өкілдерімен кезекті кездесу Open Space (ашық кеңістік) форматында ұйымдастырылды.

Жиынға «Stady Inn» білім беру холдингінің оқытушысы Гульнара Игисенова, Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Акжанат Кемалова, «Work and Force» кадрларды іріктеу және оқыту агенттігі директоры Татьяна Чернухина, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің кадр бөлімінің инспекторы Айнұр Сарсенова, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов, Ақтөбе қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ольга Смирнова, Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің кадр бөлімінің бас маманы Дана Жетибаева, «СНПС-АМГ» АҚ еңбек ресурстар департаментінің кадр бөлімінің бастығы Татьяна Шунукова, «КазАгроФинанс» АҚ директорының орынбасары Байсал Алпысбай, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жемқорлыққа қарсы Департаментінің («Мансап» мектебі) маманы Аида Жалбырова, Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Талант Жұмабек арнайы қатысты.

Ашық алаң форматындағы кездесуді алғысөзімен ашқан университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова университет бітірушілерінің жұмыспен қамтылуы туралы баяндап, бітірушілер туралы сөз етті.  «Жұбанов университеті — облыста студенттерінің саны жағынан алғашқы орында тұрған жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде Жұбанов университетінде  8 бағытта 53 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Білім алушылар саны жыл сайын артып келеді, қазірде университетімізде 13 мыңнан астам студент, магистрант, докторант білім алады. Биыл  университетті 1821 студент бітіргелі отыр, соның 1180-і педагогикалық емес  мамандықтар», — деді.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы  Нұрлан Күнтуов жиналғандарды Жастар жылымен құттықтап, денсаулықтың, табыстың құт-берекенің жылы болуына тілектестігін білдірді.  Сөз соңында Нұрлан Жеткергенұлы «Қазақстанның жоғары оқу орындарының жалпы рейтингінде Жұбанов университеті жоғары оқу орындарының арасында төртінші орынды иеленді, шын жүректен құттықтаймын!», — деді.

 Кездесу барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Жастар мәселесі — күн тәртібіндегі өзекті проблемалардың бірі. Сондықтан бүгінгі жиын барысында университет басшылары  жас буынды жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Ал, жауапты өндіріс орындарының өкілдерінің  мәлімдеуінше,  соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын жоюға бірінші кезекте мән беріліп келеді.

Кездесуге қатысқан өндіріс орындарының өкілдері қатысушыларға мекеменің структурасы, даму болашағы туралы баяндап берді. Жиын барысында олар баяндама жасап, жастарды диплом алғаннан кейін жұмысқа орналастыру жоспарларын айтты.  Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар  өндіріс саласының дамуына өз үлестерін қосатын алғыр да білгір жастардың  қажеттігі жайлы  ерекше атап өтті.

Кездесу кезінде қатысушы қонақтар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, болашақ жас мамандардың көкейлерінде жүрген бірқатар мәселелерді талқылады.

Шара  соңында университет басшылығы жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша мән беріп, ықпалдастыққа үнемі мүдделілік танытатын өндіріс орындарының басшыларына ризашылығын білдірді.