Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгінгі студент — ертеңгі маман

Бүгінгі студент — ертеңгі маман

Форум

Кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Студент-түлек-маман» республикалық форумы өтті. Шараға еліміздің 12 жоғары оқу орны, 6 колледжі, 80 мектебінен өкілдер қатысты.  

Жиынды аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков ашып, жастарға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, ол шараның маңыздылығын, студенттерді қолдау мақсатында жасалып жатқан игі жұмыстар мен мол мүмкіндіктер туралы айтты.

Жастар жылы аясында өткізілген форумның мақсаты — жастардың бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау. Форум девизі: «Мен өз мамандығымның шебері болу арқылы мансабыма қол жеткіземін!». Басқосу барысында сапалы білім беру, жастарды жұмыспен қамту және дуальды білім беру мәселелері талқыланды.

Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 40-қа жуық түлегі дуальды білім алды. Олар Назарбаев зияткерлік мектебінде тәжірибеден өтуде.

Нарық сұранысына сәйкес Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің білім беру үдерісіне 28 мамандық бойынша 55 білім беру траекториясы енгізілген. «Университет-мектеп» жобасы аясында облыстық мектептерде 47 филиал ашылды. 30 мамандық бойынша қосарлы білім беру элементтері енгізілді. Физика, математика, информатика, биология, химия және дефектология мамандықтары бойынша көптілді топтар ашылып, 32 студент білім алуда.

— Шара Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.

Біздің университетте жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мысалы, қосдипломды білім беру бағдарламасы бар. Соның арқасында түлектер өз мамандықтарымен бірге қосымша мамандықты да алып шығады. Сондай-ақ, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша біздің университетте 10 жоғары оқу орнының 40-тан астам студенті білім алуда, — дейді университет проректорры Бибігүл Әбенова.

Форумда «Жұбанов университеті» студенттері жетістіктерінің көрмесі, пленарлық және секциялық мәжілістер, «Үйрен-бөліс» кабинетінің  ашылуы, пікірталастар, университеттік турлар және ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.  Шара қатысушылары үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері шеберлік сабақтарын өткізді.

Жиынның жабылу салтанатында форумның Үндеуі қабылданды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=75979