Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлия — көркемсөз шебері

Әлия — көркемсөз шебері

Байқау

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және Жастар жылына орай «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты қалалық тіл фестивалі аясында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтті.

Байқауға 17-29 жас аралығындағы барлығы 12 үміткер қатысты. Олар — іріктеу кезеңінен өткен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері.

Байқауда қатысушылар Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, т.б. ақындардың шығармаларынан үзінділер оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың оқу шеберліктерімен қатар дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне айрықша көңіл бөлді.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жоғары колледжінің студенті Әлия Ұлықпанова жеңіп алса, 2-орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің педагогика факультетінің студенті Алтынай Қайроллаева, 3-орынды Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Қуаныш Молдыбаев иеленді.

Шара соңында барлық жеңімпаздарға қала әкімінің атынан дипломдар мен сертификаттар табысталды.

Аталған байқаудың жеңімпазы Әлия Ұлықпанова алдағы уақытта республикалық байқауға қатысып, Ақтөбенің намысын қорғайды.

Айта кету керек, аталған фестиваль аясында биыл мамыр айында үш тілді меңгерген қала жастарының арасында «Тілдарын» олимпиадасы өтеді. Сондай-ақ қыз-келіншектер арасында «Өмірін өлеңмен өрнектеген арулар» атты қалалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылады.

Данагүл ҚАЗИХАН