Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Арыны атанған қазақтың

Арыны атанған қазақтың

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арын тірі болғанда үстіміздегі жылдың мамыр айында 83 жасқа толар еді.  Мұхтар Ғалиұлының есімін ақтөбелік жерлестері жадынан шығармақ емес.

ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, бірнеше жыл Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған абыройлы азаматтың артында қалдырған рухани мұрасы өте көп. Ол облыс орталығындағы әлеуетті зор жоғары оқу орнының ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпақ зердесінде өшпестей із қалдырған танымал тұлға. Марқұмның есімін жаңғырту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бас ғимаратына берілгені айтулы оқиға ретінде қабылданғаны рас. Айта кетейік, университет тарихында ойып орын алған тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, ғимараттар мен оқу кабинеттеріне беру игі дәстүрге айналған.

Салтанатты жиында университет ректоры Бауыржан Ердембеков  құттықтау сөз сөйледі.  «Біз Ғылыми Кеңестің шешімімен Ақтөбедегі тұлғалардың университет  ғимараттарына  есімін беру мәселесін қарастырған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі бұған дейін Гришин көшесіндегі ғимаратқа Нұрпейіс Бағанин есімін берсек, Тургенев көшесіндегі ғимаратқа Бекежан Сүлейменов есімін бердік. Бүгін міне, бас ғимаратты Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар Арын есімімен атауды жөн көрдік. Алдағы уақытта Мұхтар Арынға арнап конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді.   Сөз соңында   Бауыржан Аманкелдіұлы оқу ғимараттарына белгілі тұлғалардың есім беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі екенін ерекше айтып өтті.

Өз кезегінде ардагер-ұстаз Константин Цхай Алаш ағартушысының көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп берді. Ғалым атындағы ғимараттың ашылуы – нағыз ғылымды дәріптеген ұстаздың бүгінгі студенттерге қалдырған мұрасын насихаттау, еңбектерін таныта отырып, дәріптеу деп білеміз. Білім бұлағынан сусындап, Ақтөбе педагогикалық инстиуттын қалыптастырып, әрбір шәкipттi өзінің баласындай тәрбиелеген ғалым-ұстазға деген құрметпен жасалған дүние. Осында жиналғандар мен өз басым дарынды ғалыммен қызметтес болғанымызды мақтан тұтамыз, – дей келе, Мұхтар Ғалиұлының есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

Салтанатты жиынға ғалымның көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері мен жолдастары қатысты. Жиналғандар университетте «Мұхтар Арынның мәңгілік асқары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде бас қосты.  Дөңгелек үстелге қатысқан ғалыммен қызметтес болған әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қайраткер туралы естіліктерімен бөлісіп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды.  Сонымен қатар, бұл шарада Мұхтар Ғалиұлының зайыбы Райхан Бердіқожақызы, ұлы Ерлан Арын мен ардагер-ұстаз Абылай Жортабайұлы  видеоқұттықтау арқылы ыстық ілтипаттарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Онда Райхан Бердіқожақызы: Мұхаң өте парасатты, зерделі кісі болатын. Ол үлкенге де, кішіге де тірек бола білді. Ел қамын, ұрпақ туралы ойлайтын. Ақтөбе өңірі жұртшылығына, зиялы қауымына ризамын. Мұхтардың еткен еңбегін елеп, ескеріп, осындай үлкен шаралар ұйымдастырып жатыр. Оның әріптестері мен шәкірттері үлгілі, биіктерден көрініп жүргеніне қуанып отырамын. Мұхаң қазақ жастарының өнерлі, өнегелі, білімді, тәрбиелі азамат болғандығын қалады. Сондықтан жастарымыз сол үрдістен шыға білсе екен деймін, – деді.

Сондай-ақ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ерлан Мұхтарұлы «Ақтөбе өңірінің топырағында, сай-саласы, құмы, суында әкемнің іздері жатыр. Бұл өңірде әкем аттары аталмай жатқан арыстарды жарыққа шығаруға күш салды. Оның еңбегінің бәрін санамалап шығу міндет емес, ең бастысы оны халқы біліп, ел-жұрты елеп, еске алып жатыр.

Міне,  Ақтөбедегі  Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің оқу ғимаратына әкемнің есімі беріліп отыр. Бұл, оның ұрпақтары, біз үшін үлкен мәртебе.  Мені бұл жерде адамды оның еңбегіне қарай бағалайтын жандардың көптігі қуантып отыр. Қарапайым халыққа, жалпы елге еткен еңбектің ескерусіз қалмайтынының дәлелі осы болса керек. Әкеміздің атын ардақтап жатқан Ақтөбе жұртшылығы мен университет ұжымына алғыс айтамын» – деген тілегін жеткізді.  Жиынға қатысқан ардагер-журналист Идош Асқар Мұхтар Арын туралы тебірене еске алды. Оның Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі орасан зор екенін, сондықтан ол қалың бұқараның құрметі мен алғысына ие болып, елі сүйген азамат ретінде мәңгі есте қалатынын айтты.

Шарада университет ректоры Бауыржан Ердембеков Ақтөбе қаласындағы М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаровты алғыс хатпен марапаттаса, сол мектептің 11-сынып оқушысы, жас ақын Нұрсерік Тәуекеловке Құдайберген Жұбанов  атындағы білім грантын табыстады. Сондай-ақ қос тарап басшылары М.Арын атындағы Қарғалы орта мектепте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра филиалын ашу туралы екіжақты келісімге қол қойды. Қалалық, республикалық, «Абай оқуларының», «Мағжан оқуларының» жүлдегері, облыстық «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысының жеңімпазы, «Ақ айдын» жыр жинағына өлеңдері енген жас ақын Нұрсерік Тәуекеловтің «Мұхтар ағаға арнауын» тыңдады. Шара соңында қонақтар университеттегі Мұхтар Арын атындағы кабинетпен танысты.

Айта кетейік, Мұхтар Арын – Жетісу өңірінің перзенті, ол бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында 1936 жылы дүниеге келген. Ол кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеген ғалым. Ол «Бес анық» тәрбие туралы толғамдарының авторы.

Мұхтар Арын  қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға. Ол Тама Есет батырға кесене тұрғызып, тәлім-тәрбиенің тереңі тарихтың қойнауында жатқанын ұғындырды. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ, 
Ақтөбе қаласы

http://bilimdinews.kz/?p=40040