Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Азия елдері Конфуций институттарының халықаралық жиыны

Азия елдері Конфуций институттарының халықаралық жиыны

8-10 қыркүйек аралығында Бангкокте (Тайланд) Бансомдэчжаопрайа Раджабат университетінде «Бір белдеу, бір жол» жобасы бойынша Азия елдері Конфуций институттарының халықаралық жиыны өтті. Конфуций институттарының Бас Басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген бұл жиынға Азияның 30 мемлекетінің 77 Конфуций институты мен 14 Конфуций класынан 250-ден астам өкілдер, оның ішінде Жұбанов Университеті жанындағы Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры Г.Т.Шоқым, Конфуций институтының Қытай тарапынан директоры Ли Цзяньхун қатысты.

Бансомдэчжаопрайа Раджабат университеті 1896 жылы құрылған коммерциялық емес қоғамдық Тайланд Білімі министрлігі ресми түрде аккредиттеген жоғары оқу орны болып табылады. Бансомдэчжаопрайа Раджабат университеті жанындағы Конфуций институты 2006 жылы арнайы жергілікті қытай тілі оқытушыларын дайындау бағытында құрылған, институтқа 2011 және 2013 жылдары Тайландтың Конфуций институттары және кластары арасында «Жыл институты» атағы берілді.

Конференцияның ашылу салтанатында Конфуций институттары Бас Басқармасының Бас директорының орынбасары Ся Цзяньхуэй, Таиланд Білім министрінің орынбасары М.Л. Паннадда Дискул, Тайландтағы ҚХР Елшісі Лю Цзянь баяндама жасады. Ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырылған форумда Азия мемлекеттерінен келген ғалымдар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамытудағы Конфуций институтының маңызды рөлін талқылады. Конференцияның алғашқы күні өткізілген Азия елдері Конфуций институттарының жетістіктері фотокөрмесіне Жұбанов Университеті жанындағы Конфуций институтының фотосуреттері қойылды.

Форум аясында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Конфуций институттарын дамыту және жергілікті қытай тілі оқытушылары мәселелері бойынша есептік мәліметтер беріліп, бірқатар панельдік талқылаулар жүргізілді.