Воскресенье, Октябрь 2, 2022
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің 75 студенті облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болды

Жұбанов университетінің 75 студенті облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болды

Бүгін Шығармашылық академиясы ғимаратында облыс әкімінің атаулы стипендиясын табыстау салтанатты шарасы өтті.

Шараның мақсаты – жоғарғы оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу үлгерімдерінде оң көрсеткіш бар, қоғамдық өмірге белсене қатысатын талантты және дарынды студенттеріне, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан жастарға Ақтөбе облысы әкімінің атаулы стипендиясын тағауындау және облыс жастарының интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін сақтау, дамыту және қолдау.

Шараға облыс әкімі, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, оқу орындарының басшылары және қаулы негізінде облыс әкімінің атаулы стипендиясын тағайындау жөніндегі комиссия шешімі бойынша үміткерлердің ішінен іріктеліп алынған үздіктер, яғни стипендия иегерлері қатысты.

Облыс әкімі мен басқарма басшылары алдымен Шығармашылық академиясының төменгі қабатында өңіріміздің әр саласы бойынша ұйымдастырылған жастардың көрмесін тамашалады. Көрмеге Жұбанов университетінің жетістіктері де қойылды.

Салтанатты жиында қолдауға ие болған жастар  аймақ басшысына алғыстарын білдірді. Жұбанов университетінің «Металлургия» мамандығының магистранты Азамат Бурамбаев өз кезегінде облыс басшылығына жастарға көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысын білдірді.  «Мен өңіріміздегі өзекті мәселелердің бірі — хром металының жоғалуын қарастырған едім. Оның ішінде хром металының шаң түрінде жоғалуы және осы шаңды қайта балқыту нәтижесінде феррохром қорытпасын алуды зерттеген болатынмын. Жұбанов университетінің ғылыми-зерттеу барысында орналасқан тұрақты тоқты доғалды типті пешінде хром шаңын қайта балқыту нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмысының оң нәтижесіне қол жеткіздік. Сондай-ақ, алынған нәтижелерді Жұбанов университететінің «Ғылым қайнары» атты ғылыми жобалар сайысына жіберіп, жүлделі 1орынды иелендім», — деп, ғылыми жобасы жайында баяндады.

«Әрбір мемлекеттің, қоғам дамуы жастарға байланысты. Себебі жастарда жігер, қайрат, жаңашылдық, ізденімпаздық бар. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін жастарға ерекше көңіл бөледі.Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы сіздерге үлкен мүмкіндіктер берді.  Бұл – мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам», — деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өз құттықтау сөзінде. Сөз соңында Оңдасын Сейілұлы студенттерге салтанатты түрде атаулы стипендияны табыстады.

Айта кетейік, шара барысында жоғары оқу орындарының 137 студенттеріне 160 мың теңге, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 студенттеріне 80  мың тенге көлемінде атаулы стипендия табысталды. Жоғары оқу орындарының арасында Жұбанов университетінің 75 студенті облыс әкімінің атаулы стипендиясын иленеді.

Салтанатты шара соңы жастардың театрландырылған қойылымы және концерттік бағдарламасымен жалғасты.