Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жоғары колледжінің: батыл қадамы, самғау сәті, өрлеу биігі

Жоғары колледжінің: батыл қадамы, самғау сәті, өрлеу биігі

Осы тақырыптағы салтанатты шара  Жұбанов университетінің Жоғары колледжінің 1 жылдық мерейтойына арналды. Бір жылдық есеп беру кешіне облыстық басқарма басшылары мен білім саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер,   Ақтөбе қаласының колледж білім алушылары, оқытушылары, студенттер, ата-аналар, білім беру мекемелері мен практика базаларының өкілдері, колледж серіктестері қатысты. Жиналғандар алдымен «Жеңіске жетелер жетістіктер» тақырыбындағы студенттер шығармашылығы көрмесін тамашалады.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков колледждің құрылу тарихы, оның келешектегі дамуы, колледждің табыстары мен жетістіктері туралы баяндады.  Сөз соңында университет басшысы  студенттер үшін колледжге жаңа оқу жылында компьютер сыныбын сыйға тартты. Одан соң Бауыржан Аманкелдіұлы Жастар жылы аясында қоғамдық жұмыстар мен  қоғамдық-мәдени шараларға белсене атсалысқан колледж білім алушылары Талғат Алматовты, Әсел Күзенбаеваны, Әлия Ұлықпанованы, Назерке Ғабитқызын, Медет Сисенғалиевті Алғыс хатпен марапаттаса, оқу озаттары, спорттық  жарыстар мен  түрлі байқаулардың жеңімпаздары Нұрсұлтан Жұмағалиевке, Малика Жұмабекке 2019-2020 оқу жылына Құдайберген Жұбанов атындағы білім гранттарының сертификатын  табыстады.

Кешке  қатысқан құрметті қонақтар да сөз алып, ақжарма тілектерін білдірді. Өз кезегінде ыстық ықыласын жеткізген «Ер Бақыт» қоғамдық қорының төрағасы, кәсіпкер Марат Қойлыбаев бір жылдық оқу ақысының сертификатын колледждің 1-курс студенті Ақтілек Аманжоловаға табыстады.

Салтанатты жиында студенттердің білім алуына қолдау көрсеткен өзге де кәсіпкерлер  бір жылдық оқу ақысы мен шәкіртақылар сертификатын табыстаса, колледждің ата-аналар комитеті, «Жоғары колледж жылуы» акциясы атынан студенттерге 50 пайыз жеңілдіктер сертификаты тапсырылды.

Сондай туденттерге қолдау көрсеткен кәсіпкерлер университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталды.

Колледждің бір жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Алтын доп» шағын футбол жарысы, «Ақын жүрегінде алқынған арман» жас ақындар мүшәйрасы, «Жастар дауысы» ретро әндер байқауларының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Мерекелік шара облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Еске салсақ, Жұбанов университетінің жоғары колледжі ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен 2018 жылдың 1 маусым айында 12 мамандық бойынша өз жұмысын бастаған болатын.  Бүгінгі таңда колледжде 400-ге жуық студент оқыса, 30-ға жуық қызметкер жұмыс жасайды.

Жоғары колледждің миссиясы — өңірлік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кәсіби қызметін дербес орындай алатын білікті маман даярлау, аймақтың экономикалық-әлеуметтік қажеттіліктеріне сәйкес білім алушының үздіксіз білім беру жүйесін дамыта отырып, азаматтық, рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, еңбекпен қамтылуына ықпал жасау.