Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жұбановтан — Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шығады

«Жұбановтан — Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шығады

«Жұбановтан - Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы жолға шығады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің делегациясы «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедициясына аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде 1-9 маусым аралығында ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Зерттеушілер Ақтөбе — Нұр-Сұлтан — Павлодар — Семей — Жидебай — Қарқаралы — Баянауыл — Қарағанды — Нұр-Сұлтан — Ақтөбе  бағытын қамтиды. Бұл экспедиция Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 85 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Бұл бағыт Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арынның ғылыми экспедициясына арнайы жоспарланған болатын.

«Мұхтар Арын бұл экспедицияны 1995 жылы құрып, бастаған істі аяқтай алмады. Бұл жолы университет басшылығы қолдап, игі істі жалғастыруға мүмкіндік пайда болды. Сапар кезінде ғылыми зерттеушілер өзара байланыс орнатып, мақалалар жазады, жинақ шығады. Әрі бейнефильм түсіріліп, танымдық туындылар көпшілікке ұсынылады. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бейітіне де барамыз. Бұл — магистранттар мен доктаранттар үшін үлкен мүмкіндік», — деді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Дәулет Әбенов.

Айта кетейік, делегация құрамында «Абайтану және ұлттық руханият» ҒЗО жетекшісі, ф.ғ.д, профессор Абат Пангереев, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Дәулет Әбенов, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы, магистр Айбат Өмірбаев, Маркетинг орталығының директоры Жанна Әбілдаева, «Филология» мамандығының 2-курс магистранты Гүлайна Ізмұқанова, Педагогика және психология ғылымдарының PhD докторы, аға оқытушы Жандарбек Иманшиев, «Филология» мамандығының 2- курс магистранты Бекарыс Олжабаев бар.

Экспедиция бағдарламасы Қазақстанның рухани мұраларының объектілеріне баруды және зерттеуді көздеп отыр. Қатысушылар университеттерге, ғылыми орталықтарға, мешіттерге, медреселерге, ескерткіштерге, мұражайларға және басқа да тарихи орындарға барады. Университет делегациясы Абай Құнанбаевтың мұрасын талқылауға және зерделеуге арналған шараларға қатысады.

Алтынай Сағындықова
https://www.inform.kz/kz/zhubanovtan-abayga-gylymi-tanymdyk-ekspediciyasy-zholga-shygady_a3532262