Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облыстық сотының төрағасы С.Абдолла Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенттерімен кездесті

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы С.Абдолла Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенттерімен кездесті

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы С.Абдолла Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттеріне «Сот жүйесін жаңғырту» тақырыбы бойынша лекция оқыды.

Іс-шараға ректор Бауыржан Ердембеков, проректор Нұржан Бердібаев, заң факультетінің деканы Аслан Тасмағамбетов, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Сот төрағасы лекция барысында Ұлт жоспары туралы айта келіп, екінші институционалдық реформа – заңның үстемдігі шеңберінде сот жүйесіне бекітілген 10 мақсатты қадамның орындалғанын атап өтті.

Ол азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге,  татуластыру рәсімдерін кеңейтуге, сот ісін жүргізуді мамандандыруға және цифрландыруға бағыт алып отырған сот жүйесін жаңғыртуға баса назар аударды. Осы орайда «Отбасылық сот», «Виртуалды сот», «Түнгі сот», «Еңбек дауларының профилактикасы», «Судья көмекшісі» мен «Татуластырушы-судья» жобалары бойынша көрсеткіштер мысалға  келтірілді.

Татуластыру рәсімдерін және сот ісін жүргізуде IT-технологияларды қолдану тақырыптары студенттердің көңілінен шыққаны байқалды. Олар осы мәселелер бойынша әр түрлі сұрақтар қойып, талқылауға өздері де лектормен бірге белсене  қатысты.

Облыстық соттың төрағасы іс-шараны қорытындылай келе, сот органдарына сауатты мамандар қажет екенін атап айтты. Сондықтан да сот жүйесі жас заңгерлерді дайындауға, оларды іс жүзінде машықтандыруға мүдделі екенін, сондай-ақ мамандардың кәсіптік бағытты ұстануына және жұмысқа орналасуына көмектесетінін айтты.

Іс-шараға қатысушылар арасында әлдеқайда өзекті мәселелер бойынша пікір-талас өрбіп, қойылған сұрақтарға жан-жақтылы жауаптар қайтарылды. Соттар мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара байланысты одан әрі дамытудың келешегі туралы да пікір алмасылды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі