Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > X жазғы Универсиада өз мәресіне жетті

X жазғы Универсиада өз мәресіне жетті

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Жұбанов университеті Қазақстан Рес­публикасы жоғары оқу орындары студенттерінің X жазғы Универсиа­дасының жабылу салтанатын өткізді.

Салтанатты шараға Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры, «ҚР құрметті спорт қайраткері» Садық Мұстафаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испанов, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов,  Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков және басқа ресми тұлғалар, спорт қауымдастығы, жанкүйер қауымы қатысты.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және Жастар жылына  арналған шараның мақсаты – Елбасының Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету, салауатты өмір салтын насихаттау.

Универсиаданың жабылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев  Универсиадаға қатысқан студенттер мен жоғары оқу орындарының ректорларына ризашылығын  білдірді. «Жоғары оқу орындары арасында өткізілген Қазақстан Республикасының Х жазғы Универсиадасы бүгін өз мәресіне жетті. 2019 жылдың 03 сәуір мен 09 маусым аралығында өткен бұл шара еліміздің Алматы, Орал, Шымкент, Өскемен, Семей, Тараз және Ақтөбе қаласында өткізілді. Былтыр Талдықорған қаласында өткен ІХ жазғы Универсиадаға 52 жоғары оқу орнының спортшылары қатысқан болатын болса, биыл Ақтөбедегі Жұбанов университетінде өткен спорттық шараға 62 жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Сондай-ақ, Х жазғы Универсиадаға 480 командадан 4025 спортшы қатысып, былтырғы жылмен салыстырғында 70пайызға артып отыр», — деді Садық Шоңмұрынұлы. Сөз соңында Универсиада жарыстарын ұйымдастыру­шылар, жеңімпаздар мен жүлде­герлер, олардың   оқытушылары мен жат­тықтырушыларын  Қазақстан Респуб­ли­касының  Білім және ғылым министрі Күләш Ноғатайқызы Шамшидинованың грамотасымен, Ұлттық ғылыми-прак­тикалық дене тәрбиесі орталығының кубогымен,  естелік медальдармен марапаттады.

Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің коман­дасы, жүлделі екінші орынды  Жұбанов университетінің командасы иеленсе, ал үшінші орынға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің командасы ие болды. Тиісінше 4–6 орындарды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командалары ен­шіледі.

Кеш соңында Жұбанов университеті мен  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ұйымдастырушылары  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Универсиада туын табыстады.

X жазғы Универсиаданың жабылу салтанаты  үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік,  38 спорт түрі бойынша Қазақстанның 60-тан астам жоғары оқу орындары қатысқан Қазақстан Республикасының Х жазғы Универсиадасы Ақтөбе өңірінде алғашқы рет өтіп отыр.   Республикалық универсиаданың жеңімпаздары еліміздің намысын қорғау үшін осы жылы өтетін Неаполь (Италия) қаласындағы ХХХ жазғы Бүкіләлемдік Универсиадаға жолдама алады.