Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық Тілдер фестивалі өткізілді

Халықаралық Тілдер фестивалі өткізілді

2017 жылғы 22 қыркүйекте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде филология факультетінің ұйымдастыруымен алғаш рет Бірінші Халықаралық Тілдер фестивалі өткізілді. Мерекелік іс-шараға Башқұртстан мемлекеттік университетінен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен, Ойыл ауданындағы Ш.Берсиев атындағы орта мектептен, Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназиясынан қатысушылар келіп, өздерінің тіл туралы презентацияларын көпшілікке таныстырды. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Екатеринбург қаласындағы Урал мемлекеттік педагогика университетінің қатысушылары онлайн режиминде байланысқа түсіп, баяндама жасады.

Фестивальдің ашылу салтанатының алғы сөзін университет ректоры ф.ғ.д., профессор Б.А.Ердембеков сөйлеп, фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі. Уфа қаласындағы Башқұртстан мемлекеттік университетінің доценті З.Ф.Шайхисламова және Башқұртстан мемлекеттік университетінің Стерлитамак қаласындағы филиалының доценті Л.М.Хусайинова қатысушыларды құттықтап өтті. Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Н.Қ.Барбосынов еліміздегі ұлттар достастығы мен ынтымағы жөнінде мәлімет беріп, Тілдер күні мерекесінің  маңыздылығына тоқталды. Ақтөбе қаласындағы Достық үйінің өкілдері концерттік бағдарлама аясында көрермендерді өз өнерлерімен тамсандырып, Фестиваль жұмысына ерекше реңк сыйлады.

Тілдер фестиваліне қатысушылардың презентациялары тақырып ауқымы кең, баяндау формасы әртүрлі болды. Мысалы, түрік ұлтының мәдени ерекшелігін зерделеген Башқұртстан мемлекеттік университетінің қатысушысы эбру немесе суда сурет салу әдісін пайдалана отырып, санаулы минуттарда өз туындысын көпшілікке ұсынды. Ал башқұрт ұлтының ұлттық ерекшеліктері, дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы презентация жасаған қатысушы башқұрт ұлттық биі туралы айта келе, сахна төрінде «Алдар батыр» биін орындады.  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы Конфуций институтының оқытушылары қытай тілінің қайталанбас келбетін сыршыл әні және нәзік би арқылы бейнеледі.

Тілдер фестивалі әрбір ұлттың өзіне ғана тән ерекшелігін танытып, тіл үйренуге шабыттандырды. Шараға қатысушылардың презентация жасаған тілдері әртүрлі болса да, қатысушылардың баяндамалары барлығына түсінікті, мазмұнды болды. Бұл ұлтаралық достастық пен ынтымақтың тылсым күші, ерекше құдіреті болса керек.