Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студент және өндірістік тәжірибе

Студент және өндірістік тәжірибе

Кеше Жұбанов университеті мен «КазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы арасында күндізгі бөлім студенттерінің ақылы кәсіби тәжірибесін ұйымдастыру мен өткізу бойынша бірлескен және келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында жасалған келісімге (26.04.2019 ж.) сәйкес,  5В071300-«Көлiк, көлiк техникасы және технологиялары», 5В070800-«Мұнай-газ ісі», 5В072100-«Органикалық заттардың химиялық технологиясы», 5В072000-«Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» білім бағдарламаларының 3-курс студенттері үшін ақылы өндірістік тәжірибеден өту кезеңінің ресми ашылуы өтті.

Ақылы негізде ұйымдастырылатын кәсіби тәжірибе жазғы кезеңде 10 маусым-11 тамыз аралығында жүзеге асырылады және оған көрсетілген білім бағдарламаларының 20 студенті іріктелініп алынған болатын.

Ресми шараға Жұбанов университетінің  ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен, кәсіби даму және мансап орталығының жетекшісі Бақтыгүл Ертлеуова және студенттер қатысты.

Салтанатты рәсімді «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының бастығы Қуаныш Өтебалиев ашып, студенттерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ шарада университет проректоры Рахым Бекназаров алғаш рет Жастар жылында ұйымдастырып отырған мүмкіндіктер үшін «КазТрансОйл» АҚ компаниясына алғысын білдіріп, студенттерге сәттілік тіледі.