Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Университет түлектеріне дилом табыстау салтанаты басталды

Университет түлектеріне дилом табыстау салтанаты басталды

Бүгін Жұбанов университетінде 5В050600 — «Экономика», 5В050700 — «Менеджмент», 5В051000 — «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау  рәсімі өтті.

Биылғы оқу жылында факультеттен 464 түлек, оның ішінде  жоғарыда аталған мамандықтардың күндізгі бөлімінде 51, сырттай бөлімінде 22 студент бітіргелі отыр. Оның ішінде екі бөлім бойынша 4 бітіруші түлек үздік үлгідегі дипломға ие болды.

Бүгінгі айтулы шараға білім ордасының оқытушылары мен бітіруші түлектердің ата-аналары, туыстары  қатысуға арнайы келді.  Салтанатты шараға қатысқан университет ректоры  Бауыржан Ердембеков алдымен түлектердің ата-аналары мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына, кураторларына  алғысын жеткізді.  Салтанатты жиында «Құрметті түлектер! Қай жерде жүрсеңіздер де білім мен ғылымның қара шаңырағы — Жұбанов университетінің атын тек жақсы жағынан шығарып, туын биік ұстаңыздар!», — деген университет ректоры түлектерге сәт-сапар тіледі. Бітіруші түлектерді құттықтаған университет басшысы сөз соңында үздік дипломдарды табыстады.

Өз кезегінде экономика және құқық факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты  Аслан Тасмаганбетов: «Киелі білім ордасынан төрт жыл бойы білім алып, өздерің қалаған мамандықтың иесі атанып, үлкен өмірге қадам басқалы отырсыздар. Алған мамандықтарыңызды ел игілігіне пайдаланып, елімізге адал қызмет жасаңыздар, қайда жүрсеңіздер де биіктен көріне беріңіздер!», — деген тілегін жеткізді. Сөз соңында факультет деканы Аслан Букенбайұлы университет қабырғасында үздік оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан бірнеше түлектердің ата-аналарын алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты жиын барысында түлектердің ата-аналары ұл-қыздарының Жұбанов  университетіндей іргелі білім ордасында оқығанына қуанышты екендерін айтып, ұстаздар қауымына алғыстарын білдірді.

Түлектердің атынан үздік  диплом иегері Әсемгүл Мурзабекова сөз сөйлеп, университет ұжымына, біліммен сусындатқан тәлімгерлеріне үлкен ризашылықтарын жеткізіп, жоғары оқу орны қабырғасында алған теориялық білімдерін тәжірибеде кеңінен қолданатынын сөз етті.

Айта кетейік, факультеттің басқа да мамандықтарының түлектеріне арналған диплом тапсыру рәсімі 24 маусым мен 1 шілде аралығында  өтеді.

Экономика және құқық факультетінің «Ақ жол, жас маман — 2019» диплом тапсырудың салтанатты кеші концерттік бағдарламамен жалғасты.