Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Суретшілердің дипломдық жұмыстары Ұлы даланың жеті қырына арналды

Суретшілердің дипломдық жұмыстары Ұлы даланың жеті қырына арналды

Жұбанов университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын бітіруші түлектердің  дипломдық жұмыстары «Ұлы даланың жеті қыры», «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» сынды тақырыптар бойынша дайындалды. Сондай-ақ, олардың арасында тарихи, психологиялық тақырыптарды арқау еткен жұмыстар да бар.

«Тарихи тақырыпқа картина жазу өте күрделі, ауқымды жұмыс. Біздің түлектер суреттерді бейнелемес бұрын алдымен таңдалған тақырыпты зерттейді. Дегенмен осындай жұмысты батыл қолға алып, шебер орындап шыққан түлектерімізді мақтан тұтып отырмыз», — дейді «Бейнелеу өнері және сызу» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Кургамбеков зор ризашалықпен. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне тоқталғанын атап, дипломдық жұмыстардың  Елбасы мақаласымен үндестік тауып отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, аталмыш мамандық бойынша күндізгі бөлімді бітірушілердің емтиханы екі күнге созылды. Мемлекеттік комиссия мүшелері 16 шығармашылық жұмысты қарап, бағалады. Сонымен қатар бітірушілердің қыл қаламынан туған сәтті туындылар ретінде «Қазақтың бишілері», «Қазақ батырлары», «Нұрсұлу Тапалова», «Құлагер», «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» және тағы да басқа  тақырыптарыдағы дипломдық картиналарды атауға болады. Дипломдық жұмыстардың арасында қазақтың ежелгі тұрмыстық бұйымдарын  да көруге болады.