Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет институционалды аккредиттелді

Университет институционалды аккредиттелді

2019 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде өткен Аккредиттеу Кеңесі университетімізді максималды мерзімге, 7 жылға аккредиттеу жөнінде шешім қабылдады.

Ағымдағы жылдың 14-16 мамыр аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) тарапынан институционалды аккредиттеу рәсімі жүргізілген болатын.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Ердембековтің қабылдауынан басталған аккредиттеу рәсімі сыртқы сарапшылардың университет проректорларымен және құрылымдық бөлім басшыларымен, факультет декандарымен және бітіртуші кафедра меңгерушілерімен сұхбаттасу жүргізуіне, университеттің оқу ғимараттары мен кафедраларына сырттай шолу жасауына жалғасты. Сонымен қатар, университет бойынша барлық құжаттардың стандарттарға сәйкестілігін тексеріп, емтихандарға таңдап қатысты. Студенттермен, магистранттармен, ПО құрамымен, түлектермен, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, олармен еркін тақырыпта сұхбаттасты. Аталған кездесулерге 153 оқытушы, 158 білім алушы, облыстың түрлі саласынан 88 жұмыс беруші мен университеттің 98 түлегі қатысты. Сұхбат барысында комиссия тарапынан қойылған сұрақтарға барлық қатысушылар қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Сарапшылар сұхбаттасу нәтижесінде қатысушылардың бұл үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарағандарына ризашылығын білдіріп, университет пен түлектер, жұмыс берушілер арасындағы кері байланыс тиісті деңгейде екендігін атап көрсетті.

Институционалды аккредиттеу рәсімі аясында сыртқы сарапшылар Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ практика базалары мен кафедралардың өндірістегі филиалдарына да барды. Мысалы, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты, №2 орта мектеп, «Нұрсәт» №33 мектепке дейінгі білім беру орталығы, үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясы,  «Нектар» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған балабақша, АФЗ «Казхром ТҰК» АҚ филиалы, Ақтөбе облысы бойынша «Даму» ӨФ, «Сбербанк» АҚ АФ, Ақтөбе облысының Әділет департаменті, «Ақтөбе хром қосылыстарының зауыты» АҚ,  «Гидроэкоресурс» ЖШС, Жас туристер станциясы, Ақтөбе облысының плданетарийі, Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану музейі, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві жұмысымен танысты.

Сыртқы сарапшылар университетіміздің материалдық-техникалық базасына, жаңадан ашылған мамандандырылған кабинеттер мен оқу ғимараттарының ауқымына қызығушылық танытты.

Университет ұжымының аккредиттеуге дайындық кезіндегі қажырлы еңбегі, ұжым мүшелерінің іс-шараларды үлкен жауапкершілікпен атқаруы, университетіміздің жұмыс берушілері мен түлектерінің аккредиттеу рәсімі аясында өткізілген сұхбаттасуға белсенді түрде қатысуы маңызды кезеңнен сәтті өтуге негіз болды.

Институционалды аккредиттеуден сәтті өткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымын алған белестерімен құттықтаймыз!

 

Аккредиттеу және рейтинг бөлімі