Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қабылдау комиссиясы есігін айқара ашты

Қабылдау комиссиясы есігін айқара ашты

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 85 жылға жуық тарихы бар, Батыс Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Жұбанов университетінің  Қабылдау комиссиясы ресми жұмысын бастап, талапкерлерге есігін айқара ашты.

Жұбанов университетінің болашақ студенттері қабылдау комиссиясының жұмысының алғашқы күнінен бастап ақпараттар алу үшін, сондай-ақ талап етілетін мамандықтарға құжаттар тапсыруға асықты.

Қабылдау комииссиясының салтанатты ашылу рәсімінде университеттің стратегиялық даму жұмыстары  жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев  шараға қатысушыларға оқу орнының қысқаша тарихы, тыныс-тіршілігімен таныстырып, Жұбанов университетінің жетекші жоғары оқу орындарының ішінде 4 орында, көшбасында тұрғандығын тілге тиек етті.  Сөз соңында  қабылдау комиссиясының ресми жұмысын бастауына өз тілегін білдіріп, ректорат аппаратының басшысы Гафур Борамбаевпен бірге қызыл лентаны қиды.

Шарада онлайн құжат тапсыру рәсімі  таныстырылып,  бірінші құжат тапсырушы түлектерге сыйлықтар табысталды.

Жылдан жылға Жұбанов университетінде білім алғысы келетін талапкер саны артуда. Биылғы мектеп бітіруші түлектер арасында біздің оқу орнын таңдап отырған талапкерлер де аз емес. Солардың бірі  Алтынгүл Қазиханова салтанатты рәсімде сөз алып, университеттің кәсіби-шығармашалық факультетіне құжат тапсырып, студент атануды армандайтынын жеткізді. «Білім ордасын таңдау кезінде мен бірден осы оқу орнына тоқталдым.  Арнайы ашық есік күніне келіп, аралап, жақынырақ таныстым. Университетте жақсы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалған екен. Әр күнді оқумен, ізденіспен өткізем деуші студенттер үшін барлық жағдай бар. Менің ендігі мақсатым —  осы университеттің студенті атану. Одан кейін магистранты болып, оқу орнында ұстаз болғым келеді», — деді талапкер.

Айта кетейік,  аталмыш оқу орны 20 маусымнан бастап  ресми түрде бакалавр бойынша 59 мамандыққа, магистратура бойынша 30 мамандыққа, PhD докторантура бойынша 6 мамандыққа талапкерлерді қабылдай бастайды.  Қабылдау комиссиясында тәжірибелі мамандар – оқу орнының оқытушылар қауымы мен қызметкерлерден құрылған топ жұмыс жасайды. Университетке келуші әрбір талапкер қабылдау комиссиясынан өзіне қажетті барлық мәліметтерді ала алады. Олар Сіздерге көмек беруге әзір!