Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Олар үлкен өмірге қадам басты

Олар үлкен өмірге қадам басты

Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық  факультетінің түлектері үшін бүгін қуанышты күн.  Факультетті «Музыкалық білім», «Дене шынықтыру және спорт», «Бейнелеу өнері және сызу», «Кәсіптік оқыту», «Дизайн», «Хореография» мамандықтары бойынша 269 түлек бітірді, ал 16 түлек үздік диплом иегері атанды.  Түлектердің  өміріндегі бұл сәтті бөлісуге оқытушылармен қатар ата-аналары, жақын туыстары мен достары жиналды. Салтанатты кешті бастаған университет ректоры Бауыржан Ердембеков биылғы жылғы түлектердің «Жастар жылымен», «Ақтөбе қаласының 150 жылдық» мерейтойымен тұспа-тұс келгендігін атап, өнерлі түлектерге ақ жол тіледі.  Сонымен қатар Бауыржан Аманкелдіұлы  профессор-оқытушылар мен ата-аналардың еңбектерін ерекше айта келіп, ұстаздарға  еңбектеріне жеміс, ата-аналарға денсаулық тіледі. Сөз соңында оқу озаттарына  ерекше үлгідегі дипломдарды тапсырды.

Одан әрі диплом табыстау рәсімін Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы, факультет түлегі  Евгений Гончаров, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев, университеттің стратегиялық даму жұмыстары  жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев, кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы, Сабыржан Мұхтаров,  ардагер ұстаз  Әбдіжалел Ерниязовтар жалғастырып, түлектерге ақ тілектерін білдірді.

Тоғызқұмалақ ойнынан ҚР чемпионы, факультет түлегі  Азамат Қайдаров «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 4 жыл бойы білім алды. Спортшы түлек алған білімін болашақта қолданамын дейді.  «Мен өте қуаныштымын. Ұстаздар мен ата-аналарға деген ризашылығым шексіз. Батыс  өңіріндегі іргелі оқу орны — Жұбанов университетін аяқтау мен үшін зор құрметтің бірі. Осы қуанышымды мен ата-анаммен және туған туыстарыммен бөлісемін. Түлектерге, яғни, достарыма сәт-сапар тілеймін!», — деді бітіруші түлек.

Өз кезегінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының түлегі Әділет Қолғанаттың анасы Райса Қолғанатова да  университет ұжымына алғысын айтып, толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.

Диплом тапсыру салтанатты кеші Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған, Ескендір Хасанғалиевтің «Студенттердің қоштасу» әнімен өз мәресіне жетті.

Ендеше, үлкен өмірге қадам басқан түлектерге сәт-сапар тілейміз!