Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түрік тілін меңгеруге мүмкіндік мол

Түрік тілін меңгеруге мүмкіндік мол

Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян.

Жұбанов университетінің  Халықаралық ынтымақтастық орталығы 15 мемлекетпен келісім шарт жасап, солардың ішінде «Мәулана» гранттық бағдарламасы да іске асып жатыр. Биылғы жылы аталған бағдарлама  аясында университеттің 8 студенті степендиялық грант иегерлері атанды, күз айында Түркия Республикасы Сакария, Хаджеттепе университеттерінде өз білімдерін жалғастырмақ және де Рахман Өксүздің жетекшілігімен түрік тілін меңгерген тарих факультетінің  «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының оқытушысы, доцент Балжан Давлетьярова  «Мәулана» бағдарламасы бойынша  Анкара Йылдырым Биязит университетіне жолдама алды.  Сондай-ақ, әрбір студент түрік тілін жетік меңгеріп, өз мамандығына байланысты Түркияның серіктес университеттерінде білім алуға, түрік тілін үйрену академиялық ұтқырлық бағдарламалары және  «Мәулана», қос диплом бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндіктеріне ие бола алады. Айта кететін жайт, түрік тілін жеделдетіп оқыту арқылы студенттерге орта деңгейлік сертификаты беріледі.

Бүгінде білім іздеген жанның жолы ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Соған орай, 2018-2019 оқу жылының II жарты жылдығында басталған түрік тілі курсын  22 тіл үйренуші орта  деңгейі бойынша сәтті аяқтады.

«Курсқа өз қалауларымен келіп отырған тыңдаушылардың түрік тілін үйренуге деген қызығушылықтары жоғары болғанын байқадық. Жеделдетілген  курста тіл үйренушілер қарым-қатынас жасау біліктілігін қалыптастырып, өз ойын жүйелі жеткізуге, сұрақтарға жауап беруге, сауатты жазуға дағдыланды», — дейді, түрік тілінің оқытушысы Рахман Өксүз.

Сондай-ақ, аталмыш курстың 2 тобындағы түрік тілін үйренушілерге Түркия Республикасынан келген түрік тілі маманы, халықаралық ынтымақтастық орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Туркана Хусейнова дәріс жүргізді.

Курстың мақсаты – түрік тілінің практикалық білімдерін үйрету, ресми және ресми емес қарым-қатынас кезінде қажетті сөйлеу дағдыларын (ауызша және жазбаша) дамыту; лингвистикалық білімдер мен дағдыларды одан әрі жетілдіру; білім беру ортасын кеңейтіп, жаңа ұлттық мәдениетті тану.

Шара соңында курсты аяқтаған студенттер сертификат иеленіп, ұйымдастырушылар мен Хусейнова Туркана ханымға өз алғыстарын білдірді және университет ректорының атынан алғыс хат табысталды.

«Түрік тілі курсының университетте жүргізілуіне септігін тигізген университет басшылығына алғысым шексіз және мені қатысушылардың жастарына одан бөлек жұмыстарына қарамастан тіл үйренуге деген құлшыныстары қуантты» — деді өз сөзінде Туркана Хусейнова.

Айта кететін жайт, университет пен шет елдер арасындағы байланыс күннен күнге жақсару мақсаттарын орындап келе жатыр. Бұл өз кезегінде шет елдермен арасындағы байланысты нығайтумен қатар ынтымақтастық аясын кеңейтетіні сөзсіз.

Халықаралық ынтымақтастық орталығы