Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > 98 түлек үздік диплом алды

98 түлек үздік диплом алды

Жұбанов  университетінен кезекті рет түлектер түлеп ұшты, диплом алып үлкен өмірге қадам басты. Болашаққа нық қадам басқан  педагогика факультетінің жастарына салтанатты түрде диплом табысталды. Бұл маңызды сәтте университет бітірушілерді ұстаздар мен  ата-аналар құттықтады.

Мерекені факультет қыздары ұлттық киімде билеп шығып,  көпшілікке шашу шашып ашты. Диплом табыстауға арналған салтанатты жиынды дәстүрлі түрде құттықтау сөзбен университет ректоры Бауыржан Ердембеков ашып берді.  Ол биылғы жыл Жұбанов университеті үшін  аса елеулі оқиғаларға толы болғанын, әсіресе, университет дипломына ие болу түлектерге үлкен қуаныш сыйлап отырғанын атап өтті.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академияның директоры Шамшат Жұбай түлектерді құттықтап, кәсіби және ғылыми салада табыстар тіледі.

Факультет деканы Жанна Жусупованың айтуынша, қазіргі еңбек нарығында педагог мамандарына деген сұраныс артып отыр. ««Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – адам тәрбиешісі, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтін ерекше кәсіп иесі, адамды адам ету­ші тұлға. Шәкіртінің бойындағы өзгеге байқалмайтын жақсы қасиеттерді көре білетін, оны дамытуға бірден-бір жәрдемші бесас­пап маман. Міне, бұл тұрғыда бізге жүктелер жауапкершілік жоғары. Ұстаздықтың ұлы жолында талмай еңбек еткен адам ғана өзінің биігін бағындыра алады. Оның негізі –  ізденімпаздық пен талап.

XXI ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бүгінде әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің жаңашыл ұстаздардың қолына тапсырылып отыр. Білікті ұстаз дайындау – мемлекет дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс екендігін баса айтқым келеді. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам бүгінгі заман мұғаліміне де жүктелер жүк еселене түсуде. Нағыз ұстаз – оқушы жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Түлектеріміз осы талаптар үдесінен толық шыға біледі деген сенімдемін», — дейді.

Педагогика факультеті мұғалімдер мен психологтарды дайындайтын еліміздегі іргелі білім ошағы. Бүгінгі таңда факультеттің 3 кафедрасы бакалавриат бойынша 6, магистратура бойынша 5, докторантура бойынша 1 мамандық негізінде қазіргі таңда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар дайындайды. Биылғы оқу жылында факультетті 575 түлек тәмамдаса, ал 98  түлек үздік диплом иегері атанып отыр.

Диплом табыстау рәсімінде сөз алған факультет түлегі Сабина Тұржанова: «Мен ерекше қуаныштымын. Себебі, бұл уақытты біз 4 жыл күттік. 4 жыл қиындығы мен қызығы мол білім ордасында оқып үздік нәтижемен тәмамдап отырмыз. Бұл тек біздің қуанышымыз емес, ата-анамыздың қуанышы деп ойлаймын. Және де осы бүгінгі бітіріп отырған курстастарыма ақ жол тілеймін!», — деді.

Педагогика факультетінің  2019 жылғы түлектерімен қоштасу кеші әрі қарай мерекелік концертке ұласты.