Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тіл мамандары диплом алды

Тіл мамандары диплом алды

Түлектер

Сейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлектері диплом алды. Студенттер сарайында «Білікті маман — ұлт болашағы» деген атаумен өткен салтанатты шараға университет ректоры Бауыржан Ердембеков қатысып, университетті үздік бітірген түлектерге дипломдарын табыстады.

Биыл филология факультетін 9 мамандық бойынша 192 түлек тәмамдады. Оның 109-ы күндізгі бөлімді аяқтаса, 83-і сырттай бөлімнің дипломын қолға алды. Ал үздік диплом иегерлері атанған тіл мамандарының саны — 48.

— Тарихы сонау 1935 жылдан басталатын филология факультеті — университеттегі іргелі факультеттердің бірі. Бүгінгі таңда бұл факультет жеке ғимарат болып бөлініп шығып, аталған ғимаратқа халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілді. Сондай-ақ факультетте Құдайберген Жұбанов, Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залдармен қатар елге белгілі тұлғаларға арналған арнайы кабинеттер ашылды. Факультет қабырғаларына Рабиға Сыздықова, Тобық Жармағанбетов, Сағи Жиенбаев секілді белгілі тұлғалардың портреттері ілініп, оларды ұлықтау рәсімдері өткізіліп келеді. Өткен жылы осы факультеттің бастамасымен көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің мерейтойы ұйымдастырылған болатын.  Факультет ұжымымен бірлесе атқаратын жұмыстар әлі де көп, — деген университет ректоры түлектерді айтулы күнімен құттықтап, ақ жол тіледі. Сондай-ақ өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Жұбанов университетіне балаларын сеніп тапсырған ата-аналар қауымына да алғыс білдірді.

Бұдан соң салтанатты шараға арнайы шақырылған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев болашақ жас мамандарды құттықтап, болашақта белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Одан әрі диплом табыстау рәсімін университет ректорының оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова, филология факультетінің деканы Күлзат Садировалар жалғастырып, болашақ мамандарға ақ тілегін жеткізді.

Сондай-ақ түлектерге дипломды аталған факультеттің 2015 жылғы түлегі, бүгінгі таңда №9 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Бауыржан Қанағатов табыстады.

Ал ата-аналар атынан ақ жарма тілекті  «Қазақ филологиясы» мамандығының түлегі Динара Жамболдың анасы айтты.

Салтанатты кеште үздік диплом алғандардың бірі Нұрлыбек Адайбаев алдағы уақытта мемлекеттік тілдің дамуы мен өркендеуіне өзіндік өлшеусіз үлесін қосуға ниетті. Ол өзінің ақжарма тілегін келесідей жеткізді:

— Бүгін — ата-анамыз бен төрт жыл бойы бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына алғыс айтатын күн. Енді өзіміздің кім екенімізді дәлелдейтін кез келді. «Жұбановшы» деген атымызға кір келтірмей, адал еңбек етуге уәде береміз, — деді Нұрлыбек.

Түлектердің диплом алу кеші әрі қарай мерекелік концертпен жалғасты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=77294