Вторник, Сентябрь 29, 2020
Басты > Жаңалықтар > Білікті маман – ұлт болашағы

Білікті маман – ұлт болашағы

Бүгін 85 жылдық тарихы бар  Батыс Қазақстандағы іргелі оқу орны Жұбанов университетінде  шетел тілдері факультетінде  «Білікті маман – ұлт болашағы»  тақырыбында түлектерге диплом табыстау салтанаты өтіп, оқу орнын қызыл дипломмен бітірген 36 түлек аймақ басшысының орынбасарының  қолынан диплом алды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов білім ордасының топжарған түлектеріне ағалық тілегін жеткізіп, жас қырандарға қызыл дипломдарын салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ Марат Лұқпанұлы Ақтөбе қаласының дамуына елеулі үлес қосқан университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен  және  «Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен» марапаттады.

Одан кейін Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков сөз алып, Жастар жылымен, Құтты мекен – Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған айтулы сәт, қара шаңырақ – Жұбанов университетін бітіріп, түлеп ұшқалы отырған барша түлектерді  саналы өмірге аяқ басар қуаныштарымен шын жүректен құттықтады.  Бауыржан Аманкелдіұлы: «Қазақстан Республикасы ЖОО-ның рейтингісі бойынша төртінші орынды иеленіп тұрған, кеше ғана Х жазғы универсиадада командалық есепте жүлделі 2-орын иеленген, он үш мыңнан астам студенті бар, іргетасы 85 жыл бұрын қаланған өңірлік университет биылғы жылы үш мыңнан астам жас маманды алтын ұядан қанат қақтырып отыр. Яғни қазақ елінің өркендеуіне үлес қосар үш мың жас түлек, ел іргесін  нығайтуда, Абай айтқандай, кірпіш боп қаланғалы отырсыздар. Бүгінгі беріліп отырған диплом куәлігі – бір жапырақ қатырма қағаз емес, бұл сіздің төрт жылғы жиған біліміңіз бен білігіңіз, ұстаздардың тағылымы мен ата-ананың үкілеген үміті, селкеу түспес сенімі, қазақ елінің аманаты деп түсініңіздер», — деді ол.  Университет ректоры сөз барысында түлектердің ата-аналары мен Жұбанов қара шаңырағының профессорлық-оқытушылық құрамына, кураторларына, кафедра меңгерушілеріне, декандарына, декан орынбасарларына ректорат атынан алғысын жеткізді.

Бұл күні ата-аналар да бауыр еті — балаларының жетістігіне қуанып, кеуделерін қуаныш кернегені анық. «Екі шетел тілі» мамандығын бітіруші, үздік диплом иегері Махай Сәулеттің анасы, Ырғыз мектеп-гимназиясының директоры, университеттің 1994 жылғы түлегі, көп балалы ана Зәуреш Махаева ұл-қыздарының Жұбанов  университетіндей іргелі білім ордасында оқығанына қуанышты екенін айтып, ата-аналар атынан ұстаздар қауымына алғысын білдірді. «Жұбанов университеті  – менің отбасым үшін қасиетті шаңырақ. Өйткені, осы жоғары оқу орнынан өзім бітірген болатынмын. Міне бүгін  қызым да жақсы тәлім-тәрбие мен сапалы білім алып шықты. Оқытушыларға рахмет! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! Ал, түлектерге айтарым, Қазақстанның болашағы – жастар демекші, еліміздің көркеюіне үлес қосыңыздар!» — деді Зәуреш Жәрдемқызы.

Сонымен қатар, білім мен дарындылығы «үздіктерден» кем түспейтін бірнеше түлекке дипломды Ақтөбе облысының тілдерді дамыту департаментінің басшысы Гюлайым Тельманқызы Тюлебаева, Ақтөбе қаласындағы №13 мектеп директоры Асқар Төлебайұлы Күштаев, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Сағызбайұлы Отыншин, университеттің стратегиялық даму жұмыстары  жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкейұлы Шүңкеев,  филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Салтанат Қуатқызы Искендирова,  Жұбанов университетінің ардагер кеңесінің төрайымы  Найля Файзрахманқызы Мухаметхузина тапсырды.

Түлектерген диплом тапсырған университеттің ардагер кеңесінің төрайымы  Найля Мухаметхузина түлектерге: «Бүгін қолдарыңызға диплом алып отырсыздар. Барлық оқып-түйгендеріңізді, мүмкіндіктеріңізді көрсетіп, барынша қабілеттеріңізді арттырып, өзбетінше өмір сүретін кез басталды. Олай болса, өмірде барлық жақсылықты тілеймін. Ақ жол, сіздерге!» — деп түйіндеді өз сөзін.

Шара барысында университет студенттері Қасымбек Кәдіров пен Ақтілек Есенжолова «Жұбановтар көшесі» әнін айтып, мерекелік жиынға қайталанбас рең берді. Салтанатты шара соңы 2019 жылғы түлектердің «Heroes» әнімен аяқталды.  

Айта кетейік, бүгінгі күні шетел тілдері факультетінде диплом алып жатқан түлектердің 90%-ы еңбекке орналасып отыр. Шетел тілдері факультетінің 2 кафедрасы  бакалавриат бойынша 3,  магистратура 1  мамандық негізінде  мамандар даярлайды.  Аталған факультетті  биыл 119 түлек бітіріп, Жұбанов университетінің 100 мыңыншы түлектер қатарын толықтырды.