Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетел ғалымдары – Жұбанов Университетінде

Шетел ғалымдары – Жұбанов Университетінде

Бүгін Беларуссия Республикасы Янки Купалы атындағы Гродно мемлекеттік университетінен келген физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, оқу-ғылыми-өндірістік «Технолаб» орталығының директоры Александр Васильевич, Гродно Университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, доцент Владимир Барсуков және Эстония Республикасы Тарту университетінің профессоры Александр Лущик университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Аманкелдіұлының қабылдауында болды.

Кездесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлы қонақтарға университетті таныстырып, оқу ордамыз есімін иеленген  Құдайберген Жұбанов жайында айтып өтті. Жұбанов Университеті Янки Купалы атындағы Гродно мемлекеттік университетімен тамыз айында халықаралық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған болатын.  Университет ректоры Бауыржан Ердембеков ғалымдардың бұл іссапары осы ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін жасалып жатқан алғашқы қадамдардың бірі екендігіне, алдағы уақытта екі университет арасында әріптестікті нығайта түсу үшін көптеген жаңа жобалардың жүзеге асатындығына тоқтала отырып, қонақтарға «Ақтөбе – құтты мекен» форумы аясында университетте жүзеге асатын жаңа бастамаларды тілге тиек етті.

Кездесу кезінде университет ректоры қонақтарға Қ.Жұбанов бейнесі бейнеленген кілемше мен «Парасат биігінде» экциклопедиясын сыйға тартып, кездесу соңында шетелдік ғалымдар университет ректорымен естелік суретке түсті.

Шетелден келген ғалымдармен факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылық құрам университеттің мәжіліс залында кездесті. Жиынды университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев кіріспе сөзбен ашып, жиналғандарға қонақтарды таныстырып өтті.

Кездесуде сөз алған Александр Лущик Тарту университеті тарихына тоқталып, Қазақстан жоғары оқу орындарымен Тарту университеті арасында ғылыми-инновациялық байланыстың тығыз орнағанын айта кетті. Профессор университетіміздің физика-математика факультеті студенттеріне ағымдағы жылдың 3 қазанына дейін дәріс оқитын болады.

Янки Купалы атындағы Гродно мемлекеттік университетінен келген ғалымдар да кездесу кезінде сөз сөйлеп, әлемдік білім беру кеңістігінде инновациялық университет ретінде танылған Гродно университетінің білім, ғылым саласындағы мүмкіндіктері жайында айтып, тәжірибелерін ортаға салды.

Шетелден келген ғалымдар университетте 28-29 қыркүйекте өткізілетін шараларға, «Ақтөбе:кеше,бүгін,ертең» республикалық ғылыми-конференциясына қатысатын болады.