Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ойылдың мұрағаттық құжаттардағы тарихы

Ойылдың мұрағаттық құжаттардағы тарихы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Мәңгілік ел» мәжіліс залында «Ойыл. Мұрағаттық құжаттардағы тарих» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында өз туған жерін мақтан тұтатын әр азаматқа, әсіресе кейінгі жастарға өлкенің тарихын түсіндіруді, киелі жерлері мен тарихи орындарын таныстыруды басты мәселелердің бірі етіп қозғаған болатын. Мұрағат және тарихи құжаттарды зерделеу бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халыққа Ойыл өңірінің тарихына қатысты бұрын беймәлім болып келген фактілер мен оқиғаларды ұсынған Нұрлан Жұмағалиев пен Олег Ярошенконың аталған кітабы — осы мақсатты жүзеге асыруға арналған нақты қадам. Кітап авторлары —  осы өңірдің перзенттері, бір мектептің түлектері. Нұрлан Нұрымжанұлы — белгілі баспагер, Ойыл ынталы тобының жетекшісі, Олег Геннадиевич — әскери адам, отставкадағы  полковник. Екеуін бір мүддеге біріктіріп, қызықтырған — туған жердің бай тарихы.

Ойыл — тарихта аты қалған өңір. Ұлы Жібек жолында «Көкжар» жәрмеңкесі аталуымен әйгілі. Кезінде Ресей империясының он ірі жәрмеңкесінің қатарына кіргені белгілі. Бұл  — арғысы, мұрағаттары енді ашылып жатқан, көп жайттары көпшілікке беймәлім болып келген тарихи жолы. Бергі баяны даңқы жалпы жұртшылыққа атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің атымен байланысты. Асан қайғы жырға қосқан Ойыл бұратыла аққан өзенімен, көз тартарлық табиғатымен, ежелден сақталып бүгінге жеткен салт-дәстүр, құнды шежірелерімен ерекшеленеді.

Осындай өлкенің тарихын қамтыған маңызды еңбектің тұсаукесер салтанатының ашылуына негізінен облыс орталығында тұратын ойылдықтар, осы ауданының құрметті азаматтары, ауданды әр жылдарда басқарған белгілі тұлғалар, облыстық мекемелердің басшылары, ғалымдар мен ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында  «Ойыл. Соғыс жылдарында» атты тарихи құжаттамалық кітаптың тұсаукесерін өткізгеніміз есімде. Сол дәстүрді жалғастырып, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» тапсырмасына сәйкес маңызды шара жүзеге асырылып отыр. Ойыл — киелі мекен. Ұлы Жібек жолындағы Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын атап өткен едік. Енді  осы кітап арқылы Ойыл бекінісінің негізінің қашан қаланғаны, 2017 жылға дейінгі тарихы  айқындалып отыр. Бұл — үлкен еңбек, — деп атап көрсетті аудан әкімі Асқар Қазыбаев өзінің кітаптың тұсаукесеріне байланысты сөйлеген сөзінде.

Салтанатты жағдайда жаңа кітаптың лентасын жетпісінші жылдары Ойыл ауданында бірінші басшы боп қызмет атқарған, қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев пен алыста жүрсе де, туған ауданының жанашыры болып жүрген өлкетанушы Олег Ярошенко қиды.

Бұдан кейін сөз алған Нұрлан Жұмағалиев:

— Бір мектепте, бір сыныпта оқыған досым екеуіміз архив құжаттарына сүйеніп, өңір тарихын зерделеумен біраз жылдардан бері шұғылдандық. Мынау — соның нәтижесі. Қолымызға түскен, жинақтаған материалдар өте көп. Сондықтан ауқымды еңбекті  2017 жылмен шектеп, алғашқы томын шығаруды жөн көрдік. Құжаттар орыс тілінде болғандықтан, әзірге кітабымыз да осы тілде шығып отыр. Өйткені құжаттардың оқырмандарға түпнұсқасында жеткенін дұрыс көрдік. Ана тілімізге кітап алдағы уақытта аударылады, — деді.

Кітаптағы көптеген тарихи қызықты құжаттармен автор жиналғандарды электрондық құралдардың көмегімен таныстырды. Осы әңгімені кітаптың шығуына мол үлес қосқан Ярошенко жалғастырып, өзінің туған Ойыл кенті туралы естеліктерімен бөлісті.

Ойыл ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Идош Асқар:

— Нұрланның тікелей қолдауымен Ойылдың энциклопедиясы, соғыс жылдарындағы тарих, одан басқа да кітаптар шықты. Ал мына кітап шынында да ерекше кітап екен. Көріп отырмыз, ғылыми кітап, ішінде қаншама құжаттар бар. Біздің ауданның тарихын білеміз дегеніміз бергі жағы екен. Сіздер үлкен жаңалық жасадыңыздар, — дей келе, өңірдің табиғат жағдайын жақсартуға қатысты проблемаларды да қозғады. Суы тартылған Ойыл өзенінің қазіргі жағдайын сөз етті.

Кітап авторларына — шәкірттеріне Ойыл орыс орта мектебінде оқыған кезде дәріс берген ұстаз Рима Ықсанова ризашылығын білдірді, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, медицина ғылымының докторы, профессор ойылдық Базылбек Жакиев, облысымыздың Құрметті азаматы Өтеміс Әкімов шығармашылық табыс тіледі.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, физика-математика ғылымының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеев:

— Мен өзім Ойылдың Саралжын ауылынанмын. Осы университетте 1984 жылдан бері істеймін. Мен ғылыми іссапармен Польшаның Гданьск деген қаласында Гданьск университетіне барып, осы қаланың музейінен картаны көрдім.  Қазіргі осы жердегі деректердің бәрі —  ХІХ ғасыр.  Ал ондағы карта ХVІІ ғасырдан қалған. Латынша жазылған. Суретке түсіруге мүмкіндігім болмады. Телефонды алып қояды, тәртіп қатты. Сол картадан көргенім — ХVІІ ғасырда Ойыл өзені бар және Терісаққан өзені Каспий теңізіне құяды. Енді ХVІІ ғасырда Ойыл деген өзен болса, бұл — өзен жағында Ойыл деген елді мекен бар деген сөз. Сондықтан  айтар едім, негізі біздің шежіреміз 150 жылдан гөрі әрігіректе болу керек. Бұл дерек те ойымызда болсын, —деді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімінің және қала әкімінің атынан кітап авторларына Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар тапсырды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ

https://aqtobegazeti.kz/?p=77682