Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім грантына құжаттар қабылдау басталды

Білім грантына құжаттар қабылдау басталды

Қазақстан аумағында мемлекеттік білім гранты үшін таласқа түсетін талапкерлердің құжатын қабылдау науқаны басталды. Талапкерлер лттық бірыңғай және кешенді тестілеуге қатысып, шектік көрсеткіштен жоғары балл жинаған талапкерлер енді 4 бірдей қала мен университетті таңдап, байқауға қатысуға мүмкіндік алды.

Алғашқы күннің өзінде қабылдау комиссиясына келіп, құжат тапсырушылар көп болды. Дегенмен, Жұбанов  университетінің қабылдау комиссиясы талапкерлер қабылдауда алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізді. «Біздер жыл бойы халыққа хабардар еттік. Бүгінгі таңда көпшілік білім беру топтарын қалай таңдауға болатынын, университеттің кодын дұрыс белгілеу жолдарын біледі. Талапкерлердің сұрақтары үшін, арнайы университеттің өкілдері, проректорлар, қабылдау комиссиясының мүшелері жауап беріп жатыр. Құжаттарды қабылдау үшін екі залда шамамен 40 техникалық хатшы жұмыс жасайды», — дейді, кәсіби бағдар беру бөлімінің жетекшісі Жәмила Идиева.

Жәмила Жакебайқызының айтуынша, мемлекеттік білім беру гранты бойынша құжаттар 20 шілдеге дейін қабылданады және грантты алу құжатты тіркеген  уақытына байланысты емес. Себебі, конкурс 20 шілде күні кешке жалпы республикалық база ресми түрде жабылғаннан кейін ғана басталады.

Биыл ел аумағында талапкерлер үшін бас-аяғы 50 000-нан астам грант бөлінді. Білім грантқа үміткерлердің бірі  Қандыағаш қаласынан келген Ләззат Еламанова: «Мен педагогикалық мамандыққа түсу үшін алдын-ала арнайы емтихан тапсырдым.  «Математика» пәнінің мұғалімі болғым келеді. Бүгін мен грантқа құжаттар тапсырдым, құжаттар тапсыруда аса қиындықтар болмады.  Енді білім грантының нәтижесінен үміттенемін», — дейді.

Айта кетейік, талапкерлер үшін Жұбанов университетінің қабылдау комиссиясы 13 – 20 шілде аралығында демалыссыз сағат 8:30-дан 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасайды.