Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа мамандықтар ашылды

Жаңа мамандықтар ашылды

Ағымдағы жылы Жұбанов университетінде 22 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды.

«Ең алдымен жоғары оқу орындары дербестікке көшуде. Әр ЖОО-ның өз білім траекториялары болады, жеке өзінің дипломын бере бастайды. Бәсекеге қабілетті болсаң заманның даму ырғағына ілесесің, болмаса көштен қалу қаупің бар. Құдайберген Жұбановтың атын иеленіп отырған біздің қара шаңырақтың 85 жылдық тарихы бар. Іргетасы сонау 1935 жылы қаланған. Бірақ, негізгі көрсеткіш ол емес. Бүгінде жиырма, отыз жыл бұрын құрылған жас университеттер өзіндік білім платформаларын жасақтап, алға ұмтылуда. Сол себепті де, «біздің тарихымыз бай, мамандығымыздың саны көп, студенттердің саны он бес мыңға жетті» деген көрсеткіштер келешектің кепілі бола алмайды. Саннан сапаға көшетін кез жетті, тіпті өтіп кетті десе де болады. Әрине, университет үздіксіз ізденудің арқасында біршама жетістіктерге жетті. АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) рейтингісінде осы оқу жылында Қазақстанның ең үздік 20 ЖОО арасында 4-ші орында тұрмыз, бірақ бәсекелестік өсіп келеді» — деді Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков республикалық басылымдарға берген сұхбатында.

«Еңбек нарығындағы сұранысқа ие технологиялық үрдістерді ескере отырып, жаңа мамандықтар құрылды. Мысалы, ғаламтор кеңістігінің белсенді дамуы аясында көптеген әлеуметтік желілер ақпараттың негізгі көзі. Соған орай компьютерлік инженерия және сандық лингвистика саласында мамандарды даярлау қажет. Бұдан басқа, экологиялық проблемалардың өзектілігін ескеріп, «Экотехнология және тұрақты даму» және «Экоэнергетика» білім беру бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ, сұранысқа ие мамандықтардың бірі —  «Электроэнергетика» білім беру бағдарламасын ерекше атап өту қажет. Айта кетейін, бұрын Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің түлектері басқа қалаларға баруға мәжбүр болатын еді, енді олар Жұбанов университетінде оқуға мүмкіндік алады», — деді, Жұбанов университетінің Кәсіби бағдар беру бөлімінің жетекшісі Жәмила Идиева. Биылғы жылы енгізілген кейбір білім беру бағдарламалары бірнеше мамандықтарды біріктірді. Мысалы, биылғы жылы бірінші курс студенттері «Химиялық инжиниринг», «Математика-Информатика», «Физика-Информатика», «Қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті» білім бағдарламалары бойынша білім алады. Осылайша, келешекте мамандықтардың ауқымын кеңейтеді.

Жұбанов университеттің студенттері азық-түлік өнімдерінің технологиясы, құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру, жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен құрастырылуы өндіріс орындарының мамандары бола алады.

БАКАЛАВРИАТ

Білім бағдарламалары

  • 6В01102 Психология және білім беру менеджменті
  • 6В01405 Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау
  • 6В01509 Математика-Информатика
  • 6В01510 Физика-Информатика
  • 6В01507 Химия-Биология
  • 6В01705 Қазақ,орыс тілдері мен әдебиеті
  • 6В02301 Сандық лингвистика
  • 6В02304 Филология: қазақ филологиясы
  • 6В02305 Филология: орыс филологиясы
  • 6В04108 Бизнес әкімшілік
  • 6В05102 Биотехнология
  • 6В05202 Экотехнология және тұрақты даму
  • 6В06105 Компьютерлік инженерия
  • 6В07105 Химиялық инжиниринг
  • 6В07106 Электроэнергетика
  • 6В07104 Экоэнергетика
  • 6В07206 Азық-түлік өнімдерінің технологиясы
  • 6B07207 Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы
  • 6В07204 Пайдалы қазбаларды байыту
  • 6В07205 Мұнай-химия өндірісінің технологиясы
  • 6В07302 Көлік құрылысы
  • 6В07303 Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру