Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Кадр тапшылығының себебі неде?

Кадр тапшылығының себебі неде?

Пікірталас

Облыстағы кадр саясатының өзекті мәселелері «Ақтөбе Медиа»  Баспасөз үйінде өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Оған қоғам  қайраткерлері Естай Жайлыбай, Ізімғали Көбенов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  мемлекеттік университеті  Кәсіби даму және мансап орталығының жетекшісі Бақтыгүл Ертілеуовақатысты.

 

Жақсы маман — елдің  бағы, жаманы — соры

 

Баян Сәрсембина:

— Таяу күндерде облыста бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Ақтөбе қаласының 8 ауданның әкімі ауысып, 2 басқарма басшысы тағайындалды. Байқауымызша, аудан әкімдері корпусына жаңа адамдар келген жоқ. Сырт көзге бір ауданның әкімі басқа ауданға ауысты. Осы орын алмастырулар өңірде  аудан басқаратын адам табылмағандай жағдайды  елестетсе, екінші жағынан облыстағы  кадр тапшылығын көрсетті. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Естай Жайлыбай:

—Бұл  бір күнде туындаған мәселе емес. Ақтөбе облысындағы  қазіргі кадр тапшылығыең алдымен осы өңірде қалыптасқан жағдайлардан туындап отыр. Бұрынғы әкім келген бойы«Ақтөбе облысында кадрлар жоқ» деп айтты. Бұл мәселе сол кезде көтерілді. Мен: «Ақтөбе облысында кадрлар бар. Бірақ оларды іріктеп,өсіру мәселесі соңғы кезде  жолға қойылмады. Өйткені облысты басқаруға келген әр  әкім өз командасымен келеді де, соңына ертіп келгендері  жұмыс жасай ма, жасамай ма, ол жағы белгісіз қалады. Өзін көрсетіп жүрген, қабілеті бар азаматтар үнемі  тасада қала береді», — деп фейсбукте де  жаздым, жиналыста да айттым.

Үміткер аудан әкімі болып  тағайындалуы үшін кемі 7 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі тиіс. Онда да аудан әкімі орынбасары немесе 2-3 жыл облыс деңгейінде басқарма басшысы болуы керек,«А» корпусына өтуі шарт.

Иә, өңірдегі соңғы тағайындаулар кадр тапшылығы бар екенін көрсетті. Осыдан «Ақтөбе облысында ең болмаса ауданды басқарып алып кететін кадр жоқ па?» деген сұрақ туады. Әрине, елде азаматтар бар. Ауданемес, облыс басқаратын азаматтар да бар. Бірақ  оларға жол берілмегеннен кейін, олардың қабілетін көрмегеннен кейін (кейде әдейі көрмегеннен кейін) бір орында жылдап өспей қала береді.

Мысалы, кезінде облысқа жан-жақтан көптеген кадрлар келді. Үш жылда бірнеше облыс  әкімінің орынбасары ауысты. Олар азғантай қызмет атқарып кетіп қалады да, орнына басқалары келеді. Жұрт оларды танымай да қалады. Бұл жердегі мәселе  жершілдікте емес, мәселе — жергілікті жағдайды білмейтін адамның қызмет атқаруында.

Осы жағдайлар облыс экономикасының дамуына кері әсер етсе, екінші жағынан, облыстағы жас кадрлар өсірілмеді.Ең негізгісі — биліктегі жалпы  жауапкершіліктің төмендеуіне әкеп соқтырды. Қызмет лауазымында өсірілмейтін маманның перспективасы — аудан не облыстық әкімшілікте маман, бас маман, әрі кеткенде бөлім басшысы. Болды. Бітті. Әрі қарай  жоғарыламайды. Жүре береді, жүре береді сол сатыда.Сөйтіп, мемлекеттік қызметке алғаш кірген кезде жұмыс жасауға  деген  құлшыныс бірте-бірте жойылады. Бойкүйездік пайда болады. Іштей өспейді. Дамымайды.

Министрлер  тағайындалса, соңынан орынбасарларыналып келеді. Қарап отырсаң, орынбасар — облыс әкімі болып жүргендегі бұрынғы көмекшісі. Бүгінгі орынбасар болып  отырған кешегі көмекші  басқа жұмыс атқармаған, белгілі бір мекемені басқармаған, әлеуметтік саланы көрмеген. Ол — бастамашыл адам емес, ол тапсырманы орындаушы ғана. Ендеше  қалай тұтас мемлекетке жауап беріп тұрған министрліктіңорынбасары болады? Меніңше, әрбасшы өз адамдарын жинап алып, жұмыс істей беретін болса, әрине елде  даму болмайды.

Мирал Джармухамбетов:

— Бәлкім, жастардың бойында ұмтылыстың жоқтығынан болар?

Естай Жайлыбай:

—  Негізі аудан әкімдерінің орындарын алмастырып тұру — дұрыс мәселе. Бір орында отыра беруге әкімдер үйреніп, уақыт өте орынбасарларға сеніп кетеді. Ал жаңа орынға келген соң  олар қимылдай бастайды. Өткенде Ізімғали Әбдірахманұлы фейсбукте:«Қала, ауданның 6 әкімі  тағайындалды. Барлығы да жергілікті кадр. Әкімдерге де, ақтөбеліктерге де жауапкершілік, сынақ  басталды» деп жазды. Бұл — рас. Қазір — халық басқаша. Қазір халық  сұрайды, талап етеді. Сондықтан  әкімнің  жұмыс істемеске лажы жоқ.  Аудан басшысы бір жағынан, халық алдындағы жауапкершілікті сезініп жұмыс істеуге тиіс. Екіншіден,  қол астындағы кадрларын дұрыс іріктегені жөн. Кадр іріктеу — облыс әкімдігінің де жұмысы. Қаншама жас  жігіттер жүр, солардың  ішінен қарау керек. Кәсіпкерлердің арасынан да  қарау керек. Оған тәуекелшіл, заңды білетін, адамдармен жұмыс істей алатын адамдар ғана барады.

Енді аудандардың дамуына келсек. Мәселен, Әйтеке би — экономикалық қуаты өте мықты, жері де үлкен, адами ресурстары жоғары аудан. Оны Байғанин, Ойыл, Ырғыз аудандарымен салыстыруға келмейді. Алайда мүмкіндіктерінің жоғары болғанына қарамастан, ең төменгі рейтингтен көтерілмеді. Бұл жайында қаншама рет айтылды. Көтере алмай ма, әкімді ауыстыру керек. Ауданды  алғасүйрейтін басшы керек.

Ақтөбе облысындағы кадр саясаты  мәселелерін  белсенді азаматтар, журналистер бірнеше рет  көтерді. Астанадағыбрифингте де сұралды. Алайда жауап біреу: «Кадр жоқ». Сол кезде Ақтөбенің жігіттеріне арнап фейсбукте: «Неге «Б» класында оқисыңдар? Неге сендер әуел  бастан «А» класында оқымадыңдар? Енді өздеріңнен көріңдер» деп жаздым.

Елдегі кадрлық саясаттың осындай халге жетуіне жершілдік, рушылдық факторлары мен басшының қасына жеке өзіне сенімді,  бас шұлғитын, өз пікірін батыл айта алмайтын адамдарды жинауы  себеп болды. Мұның бәрі кадрлық тоқырауға соқтыруда.

 

Әкімдер жершілдік пен рушылдыққа салынбауы тиіс

 

Ізімғали Көбенов:

— Соңғы кадрлық өзгерістерді  талдай келе, мынадай тұжырымға келдім. Біріншіден, күні кеше тағайындалған 8 аудан мен қала әкімі — барлығы жергілікті кадрлар. Бұл — құптарлықіс. Облыс әкімі екі орынбасарын екі ауданнан алды. Бұл да дұрыс.Осы жерде Оңдасын Оразалин Президент Қ.Тоқаевтың жергілікті кадрларға көңіл бөлінсін деген тапсырмасын назарға алған болуы керек.Естай Жұмағазыұлы айтқандай, кадрларды сырттан шектеусіз әкеліп, шектеусіз алмастырудан халық шаршады. Үшіншіден, меніңше, қала әкімі Мавр Абдуллин мен Мұғалжар ауданын басқаруға тағайындалған Асқар Шериязданов іскерлік қырларын көрсету керекдеп ойлаймын. Иә,Асқар Шериязданов — идеологияда пісіп, жетілген кадр. Ол  екі жарым жыл ішінде Байғанин ауданыхалқының тілін тауып жұмыс істеді.Бірақ Шериязданов елдімекендерді газдандыруды шешуі керек еді. Себебі бүгінде Байғанин ауданы Жаңажолмен бірдей мұнай беріп жатыр, теміржолы бар. Бірақ ол аудан  мүмкіндіктерін пайдаланбады. Енді Мұғалжарда  Шерияздановтың іскерлігі көрінуі керек. Меніңше, осы әкімдер жұмысты үйіріп алып кетеді  деп ойлаймын.

Байғанинге Қайрат  Отаров барды. Ол 10 жыл әлеуметтік қорғау департаментінде істеді,  кәсіби қаржыгер. Қаржыны қалай игеруді жақсы біледі. Оңдасын Сейілұлы Қ.ОтаровтыБайғанин ауданының экономикасын көтереді деп бекітті. Қайрат Орынбасарұлы оны түсінуі керек.

Ұзақ жыл орынбасарлық қызметте болған Асқар Қазыбаев пен Аққанат Шахинді Ойыл, Ырғыз аудандарын басқаруға тағайындауын дұрыс шешім деп ойлаймын. Тарыдан рекорд жасап, Гиннестер кітабына енген Шығанақ Берсиев елінің рухы көтерілсін деген шығар. Ел басқарған азаматтарды тудырған өлке Ырғыз — біле білген адамға Ақтөбенің ағасы.Комсомол, Шалқар, Хромтау аудандары кезінде еншілерін Ырғыздан алған. Бұл да елдің еңсесін көтеруге деген жақсы қадам деп есептеймін.

Ербол Данағұлов көлеңкеде қалып қойды. Меніңше, Данағұлов резервте тұруы керек. Өйткені Қандыағашта көп шаруа атқарды. Әрине, ауданның білім саласындағы жемқорлықпен ұсталғандар кешірілмейтін жағдай. Мамырғали Аққағазов та бірнеше жыл көрінбей кетіп еді, енді үлкен ауданды басқаруға келді.

Тағайындалған әкімдер жершілдік пен  рушылдыққа, туған-туысқанын тартуға  салынбасын. Осыған өте сақ болу керек. Азаматтық қоғам осыған үнемі көңіл аударып отыруы керек. Интеллектуалдық қуаты өте жоғары, экономикасы да  мықты, тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбені өркендетуіміз керек. Ол үшін намыс болуы керек әрі жаңа әкімдер ескі әдеттерден арылуы тиіс.

Баян Сәрсембина:

— Бәлкім, өңірімізде кадрлық тапшылықтың туындауына «А» корпусы, «Б» корпусына  өтуге байланысты шектеулер себеп болған шығар?

Ізімғали Көбенов:

— Дұрыс айтасыз. Бұл — аппараттық «ойын». Кімді қағып тастау, кімді өткізу деген мәселеде қағып тастаудың таптырмас құралы. Қызметтік мансапта  «А», «Б» корпусы деген шектеулерді жою керек.

Бақтыгүл Ертілеуова:

— Университетімізде Кәсіби даму және мансап орталығы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен биылғы наурызда құрылды. Мұндай  орталықтар еліміздің 5 университетінде ашылды. Мақсат — түлектерді жұмысқа орналасуға көмектесу және олардың еңбек нарығында бейімделуінемүмкіндік жасау. Экономика және құқық факультеті жанынан мемлекеттік қызметкер  даярлайтын жергілікті басқару мамандығы бар. 1 курстан соң оларды мемлекеттік қызметке тест тапсыруға дайындайды. Аудан әкімдері, орынбасарлары арнайы келіп,  студенттермен кездесіп, жұмысқа шақырады. Сондай-ақ 4-курста оқитын педагогикалық емес мамандық студенттерін ІІД, төтенше жағдай қызметі  үнемі жұмысқа шақырады.  Алайда студенттеріміз  мемлекеттік қызметке баруға құлықты емес. «Тест тапсырғанда, өтпей қаламыз. Бәрібір  жұмысқа алмайды» дейді. Шындығы сол, балаларда осындай  стереотип қалыптасқан. Меніңше, мұндай көзқарастарды жою үшін мемлекеттік қызметтің дәрежесін көтеру керек. Бәлкім, мемлекеттік қызметшіні қорғайтын заң керек. Рас, мемлекеттік қызметте  шектеу өте көп. «Б» корпусынан шыға алмай жүрген таныстарымыз да біршама.

Оның үстіне, мемлекеттік қызметшінің жалақысы аз. Уақыттары жоқ. Кейде 18-19 сағатты жұмыс орнында өткізетін жағдайлар жиі болып тұрады. Мұның себебі, мемлекеттік қызметте ұйымдастырушылық мәдениетінің жетіспеуінен. Мәселен, бөлім басшысы маманды жұмысқа алғысы келгенімен, одан жоғары тұрған басшы өз адамын тартады. Осындай кедергілер жойылмаса, жағдай бұрынғысынша қала береді. Кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істейтін қызметкерлерді көрдік. Сұрасақ, «Бастық  айтты, орындарыңнан кетпеңдер» дейді. Сағаттап отыра беруді әдетке айналдырған мемлекеттік мекемелер әлі де баршылық.

Ұлыбританияда стажировкада болғанда, ол жақта жұмыстың өте ерте басталатынын көрдім. Жиналыстар таңертеңгі сағат 7,8-де өтеді. Себебі адамның ақпаратты  жақсы қабылдау мезгілі  — ертеңгілік уақыт. Кешкісін 6-да жұмыста ешкім қалмайды. Егерде, жұмысын бітіре алмаса, ертеңіне жұмысқа 1-2 сағат ерте келіп аяқтайды. Бізде осылай болуы керек қой.

Естай Жайлыбай:

— Кадр мәселесіне қосымша. Мүмкін, мен қателесермін, бірақ жоғары билікте  басшыларға деген сенім аз сияқты көрінеді. Министрлердің құрамына қараңыз. Жоғары  саяси билік, құқық қорғау органдарында Батыстың азаматтарын таппайсыз. Үкімет ауысқан сайын ең болмаса  бір-екі министр Ақтөбеден емес, жалпы Батыстан тағайындала ма деп үмітпен қарап отырамын. Жоқ. Сонда  министрліктің шаруасын дөңгелентіп әкететін алып кететін жігіттер жоқ па?Парламентте де төрағасы, орынбасарлары да бізден емес. Сенатта да жоқ.  Құқық  қорғау органдарында да жоқ. Мұның өзі Батыс өлке халқының саяси билікке  сенімсіздігінің  көрінісі болып кетсін демесе, жоғары билік ойлануы керек. Кеңес кезінде Орталық комитеттің 1-хатшысы оңтүстіктен, Министрлер Кеңсесінің төрағасы  Арқадан болса, Жоғарғы Кеңес төрағасы Батыстан болатын. Мен жершілдікке салынып отырған жоқпын, тіпті Ақтөбенің жігіті министр болса да, одан маған келіп кететін ештеңе жоқ. Әңгіме жершілдікте емес, әңгіме — кадрды ескеруде.

Облыстың  құқық қорғау құрылымдарының басшыларына қарайық. Қайсысы ақтөбелік? Біреуі де Ақтөбенікі емес. Бірнеше жылдан бері осылай. Құқық қорғау органдарында  жұмыс істеп жатқан жергілікті жердің азаматтары бар ғой. Қаншама полковниктеріміз бар. Басқа жақтан келеді де, генерал-майор атағын алып, кетіп қалады. Неге? Өйткені біздің облыс — дәрежесі бойынша  генерал-майор атағын алуға болатын облыс. Бұл да үлкен мәселе. Бұл мәселе тек облысқа байланысты емес, елдегі саяси билікке де байланысты. Сіздің газеттерге шықса, мүмкін, онда Сараптама жасайтын адамдар  бар ғой, олар мүмкін ескерер.

Фейсбукке жаздым да. «Сіз жүзге  бөлініп отырсыз» деп маған тиіскендер болды.Мәселе жүзге бөлінгенде емес. Мен барайын деп отырғаным жоқ. Жастар  бар емес пе?

Мирал Джармухамбетов:

— Селолық округ әкімдеріне байланысты да осындай мәселе туындап отыр. Ауыл, аудан әкімдерінің деңгейінде кадрлар дайындалып жатқан жоқ. Бұрын кадрлық резерв жасақталатын және ол ашық ақпарат еді. Қазір осы кадрлық резерв жүйесі  қандай дәрежеде?

Естай Жайлыбай:

— Жергілікті кадрларға да айтатыным көп. Жер Кодексі өзгертілгенде, алдымыздан көптеген мәселе шықты. Өзгертілген Кодексте «Ауыл  әкімдері ауыл тұрғындарына  жайылымдық және шабындық жерлерді бөліп  беруге тиісті.  Ауыл маңында ауыл тұрғындарының малын жаюға санитарлық  аймақ болуы керек» деп анық жазылған. Сол кезде өте көп адамдар шықты, білетін жігіттер хабарласты.  Маған: «Әкімге айтыңызшы, маған тиісті жерді босатып  бермей жатыр» — дейді. Хат жазып әкеліп беріңіз  десем, олар қашады. Өз ауылының әкімінен сескенеді. Әкімнің заңмен жерді қайтаруға тиіс шаруа қожалығының иесіне сөзі өтпейді. Өйткені, ым-жымы бір. Шөбін алады, малын бақтыратын шығар. Бірақ  одан  неге ауыл адамдары зардап шегуі керек?

Ауыл әкімінің тікелей міндеті — жердің құжатын әзірлеу, бос жерлерді түгендеу. Шаруа қожалығы өз еркімен кетті ме, ол жер босатылуы тиіс. Еркімен кетпесе, істі заң орындарына беруі керек. Ауыл  әкімі оны істемейді. Осы мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Бұлжай мәселе емес. Бұл — ауыл адамының өмірі, оның тұрмысы, оның балаларының болашағы.

Меніңше, ауыл әкімі  жұмыс істемесе, оны ұстаудың қажеті жоқ. Оның қолында көп мүмкіндіктері бар. Ендеше тиімді жұмыс істеуіне жол ашық.   Ауылын тамаша басқарып, шаруаны жақсы ұйымдастырып, өзін көрсетсе, оны кадрлық резервке қою керек. Өйтпеген жағдайда, ауыл әкімдерінен сұраныс болмаса, баяғы ұйқылы-ояу күйлерінде отыра береді.  20-25 жыл тапжылмай отырған ауыл әкімдерін білемін.

Баян Сәрсембина:

— Заман өзгерсе де, ауыл әкімі неге өзгермейді?

Естай Жайлыбай:

— Өйткені  оның шаруа қожалықтарының иелерімен ағайын-туыстығы бар.  Айлығын алып отыр. Жағдайы бар. Ізімғали екеуміз Жер мәселесіне қатысты жиналыстарға көп бардық. Сонда көргенім, біздің Үкімет ауыл тұрғындарына көптеген жеңілдігі бар4 бағдарлама ұсынды. Осы бағдарламаға кірген ауыл адамы Үкіметтен субсидия алады. Мәселен, ауылынан  малына құдық қазса, тоған жасаса, үкімет алған субсидиясының  80 пайызын  өзіне қайтарып береді. Тағы басқа бағдарламалар бар. Ал ауыл адамдарын  ұйымдастыру кімнің жұмысы? Осы бағдарламаны ауыл тұрғындарына түсіндіру кімнің жұмысы? Ол — аудан және ауыл әкімдерінің жұмысы. Ал кейбір аудандарда, мен ауылды айтпай-ақ қояйын,  осының бірде-бір бағдарлама жайлы ешкім білген жоқ. Оларды облысқа  шақырып, ұрысып-ұрсып жібереді. 6 айдан кейін нәтижеңді қараймын, осыдан орындамай көр. Бағдарламаны орындамасаң, құрисың деп ұрысады. Бірақ нәтиже жоқ. Ол кетеді. Бағдарлама да, ауыл адамдарын ұйымдастыру да жайына қалады. Бойкүйездік ауыл әкімдерінен басталған. Міне, осыны жою керек.

Баян Сәрсембина:

— Әкімдер не істеуі керек?

— Ауыл әкімдері тиімді менеджер, кіп-кішкентай ауылын қозғалысқа келтіруші ұйымдастырушыболуы керек. Бізде, өкініштісі, жауапкершілікті сезінбей жүргендер әлі де көп.

Қазіргі таңда ең басты мәселе — кадр таңдай білу. Тағайындалған әкімдер жұмысты неден бастауы тиіс? Ең алдымен, кез келген мекеменің өз жоспары болады. Ауыл, аудан әкімдерінің де тұрғындармен ақылдаса жасаған перспективалық жоспары болуы тиіс. Шамамен біздің аудандар 7-8 елдімекендерден құралады. Оған жоспар жасау оңай. Әкімнің ең бірінші кезекте міндеті — аудан халқына жағдай жасау. Қолда бар мүмкіндіктерге сай әрекет ету. Ауыл әкімі көшелерін толық асфальттамай-ақ қойсын, ең болмаса  жолдарды тегістеп күреп тастасын, ауруханасын дұрыстасын,  тал ектірсін, мектебін ретке келтірсін. Үкімет жариялаған бағдарламаларды тұрғындарды жинап алып түсіндірсін: «Ауылды көркейтуге арналған осындай бағдарлама шықты, осыған құжат дайындайық». Өзі кіріссін. Мәселен, ауылда жақсы токарь болса,  жол бойынан цех ашып беруге көмектесіп,  оның жанына ауылдың 3-4 жұмыссыз адамын кіргізсін. Немесе,  2-3 адамның басын қосып наубайхана, шаштараз, аяқ киім жөндейтін орындар ашуға  өзі құжат әзірлеп, кәсіпкерлік курстарына   оқытуға бастама көтерсін. Міне, жұмыс деген осы. Жұмыс деген ұйымдастыру, айқай-шу емес. Сосын өзгеше пікірі бар адамдардан қашпай, олармен ақылдасып, қасына жинаған жөн. Себебі көп азаматтар  жеке басының мәселесін емес, елдік мәселені айтады.  Әкімелдің басшысы, ұйымдастырушысы болғанда ғана  шаруа түзеледі. Сосын  ел ішінен  жұмыскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскенқыз-жігіттерді кадрлық резервке дайындау керек. Кадрлық резерв тізімі ашық, жария болуы тиіс. Менің айтпағым — осы. Кадрлық өзгерістер тек ауыл, аудан әкімдерін ғана қамтып қоймай,сондай-ақ облыстық басқарма, департамент басшыларын да іріктеп, сұрыптауды қажет етеді. Барлық деңгейдегі билік буындарына мемлекетшіл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді де білікті азаматтар келуі керек деп ойлаймын.

Ізімғали Көбенов:

— Меніңше, ауыл, аудан  әкімдері жол, ауызсу, елдімекендерді газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуі тиіс. Сонымен қатар өңірден есепсіз кетіп жатқан қиыршық тас, құм, астықтың да есебін алу керек деп ойлаймын. Өткенде Маңғыстау облысына  барғанымда, Құрық портынан елімізден жан-жаққа кетіп жатқан вагон-вагон астықтың иіріліп тұрғанын көрдім. Ең болмаса сол астықты ұн етіп тартып,  қалғанын мал азығы етіп елде қалдырмай ма? Ол қайда кетіп жатыр, кім жіберіп жатқан астық? Білмедім. Ал ертең қыс келіп, жұрт малына  жем таппай қалады.  Атырау, Маңғыстау өңірінің халқы жеп-шөп жағынан қатты қиналады. Оның үстіне, биыл шөп шығымы аз, қысқа ертерек қамданбаса болмайды.Порттарда тұрған шикі бидайға қарап, осындай ой келді. Қысқасы, бізде барлық деңгейде мемлекеттік бақылау керек. Әуелі өз халқыңды жарылқап алып барып қана экспорт жайын ойланған жөн. Әсіресе,астыққа қатысты.

— Әңгімелеріңізге рақмет!

Дөңгелек үстелді жүргізгендер: Баян СӘРСЕМБИНА, Мирал Джармухамбетов.

https://aqtobegazeti.kz/?p=77866