Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлиxан НҰРБЕРГЕНҰЛЫ. Пердесіз көз

Әлиxан НҰРБЕРГЕНҰЛЫ. Пердесіз көз

Әлиxан Нұрбергенұлы 1998 жылдың 1 қаңтарында Ақтөбе облысының Ойыл
ауданына қарасты Саралжын деген ауылда дүниеге келген. Қазір Қ.Жұбанов
атындағы университеттің студенті, 3курста оқиды. Республикалық, облыстық
ақындар айтысының жүлдегері. Жиырмадан жаңа асқан жігіттің әңгімелері де ерекше. Әлиханға қаламы ұштала берсін деген тілек айта отырып, «Пердесіз көз» атты прозалық шығармасын жариялауды жөн көрдік.

Өлім туралы ойлар өмір сүру үшін қажет. Салдары үлкен ойлар әрқашан қарапайым болып келеді.

Лев Толстой

Физика және xимия пәні мұғалімдері жұмыстан соң зертxанада бас қосамыз. Жас мамандар болып бүгінгі тақырыптарды талқылап, ары қарай гу-гу әңгімеге жалғар едік. Арамыздағы ең жасы кіші мен болғандықтан олар менің барлық еркелігімді көтеретін. Көп сөйлейтінмін.

– Атом ядросының заряды +4 болса, оның айналасында әрқайсысы -1 теріс зарядталған электрон қозғалып жүреді, – деп бір мұғалім жас маманға әлдебір теорияны түсіндіріп жатса, мен де қосыла:

– Элемент атомдарының ядро зарядтарының сандық мөлшері периодтық кестедегі реттік нөмірлеріне тең болатыны сондықтан. Ал Менделеев периодтық заңды ашып, xимиялық элементтердің периодтық жүйесін тапқанмен, физикалық мәнін түсіндірмеді, – деп көсемсимін. Әріптестерім де мені қолдап, бұрыш-бұрыштан шулап кететін. Зертxаналық киімдерімізді ауыстырып, кеш түсе жақын маңдағы мейрамxаналардың біріне барып, одан әрі әңгімемізді, жоспарларымызды, ғылыми мақалаларымызды айтып талқыға саламыз.

Мамырдың кезі болатын, жұмыстан үйге қайтып келе жатып өзімді жайсыз сезіндім. Автобуста тұрғанымда ауа жетпей тамағым қыса түсті. Біреу қос қолымен қылқындырып тұрғандай ауа өтпей, көзім қарауытып кетті. Үйге келе сала төсекке құлай кеттім. Жұтынсам қанның дәмі шығады. Тамағымнан қан кетіп жатқанын білдім. Жедел жәрдем шақырдым. Олар мені онкологияда екі апта қарады. Екі аптаның он күнінде ыстығым түспеді. Көптеген дәрі-дәрмек қолданды, ешқандай нәтиже бермеді. Тамағымның ауруы да қайтты. Бірақ, ең өкініштісі, мен тілімнен айырылып қалдым. Мылқаумын. Үйге шығарғаннан кейін де бірнеше апта ауруxанаға барып тексеріліп жүрдім. Тілім шықпады. Мен солай жұмыстан да шеттетілдім, енді мүгедек деген құжат жинақтап, жәрдемақыны ғана қанағат тұту қалды.

Мылқау болмай тұрғанда көп сөйлейтінмін. Өзіме қажетті ғана сұрақтарды қойып, білетін жауабымды ғана айтқаныммен, әрі қарай қатысы жоқ әңгімеге араласатын едім. Мылқаулық жаныма қатты батты. Көзің жиырма бір жыл бойы көріп келеді де аяқ асты көрмей қалса, қандай күйде болар едіңіз? Мылқаулық та сондай.

Қоғамнан шеттеле бастадым. Ешкіммен әңгіме айтпаймын. Сұрақ қоймаймын, жауап бермеймін, біреуді балағаттамаймын, өсектемеймін, жақсы деп те, жаман деп те айтпаймын. Айтайын десем мылқаумын. Күндер өте берді, достарым азая түсті. Екі айдың ішінде жалғыз қалдым. Ешкімді сағынбаймын, іздемеймін, сүймеймін, ешкіммен кездеспеймін, ұрсыспаймын, сөйлеспеймін. Үйде мамандығыма қатысты кітаптар оқып жата бердім. Кемістігім жанымды жегідей жеп, күннен күнге күйзеліске түстім. Дәрігерлер тілімнің жайын күйзеліспен байланыстырып, екі апта бойы қайтпаған дене қызуынан көрді. Ендігі уақытта дертімнен айықпасыма көзім жетті. Ас та, су да батпай жүдей бердім. Тәңірден тілімді қайтаршы деп те өтінбедім. Себебі қиын уақытта алыстап кеткен достарыма қайта барғым келмеді. Әріптестерімді де көргім келмеді. Дауыстап өлең оқып, ән айта алмау деген дүниедегі ауыр азаптардың біріндей болды. Өзгеге зиянымды тигізбеу үшін бәрінен бас тарттым. Ең бірінші сезімімді тұншықтырып, мейірім мен ізгілектен алыстай бердім. Енді қалған ғұмырымда адал адамдар мен пасық адамдардың қандай болатынын зерттемекпін. Өйткені бұл уақытқа дейін мен барлық адамды жақсы деп ойлап келіппін. Зерттеу жүргізбей-ақ жанымнан кетіп қалған адамдарды өзімшіл, пасық деп санай салуға болатын еді. Бірақ олай етпей, анығына көз жеткізгім келді.

Өткен өмірім мен келер күндерімнің арасында ешқандай байланыс қалмады. Уәдесін беріп, мәңгі сүйіп өтемін деген жанның өзі бір күннің ішінде менен бас тартты. Ол екеуміздің арманымыз бен сырымыз таусылмаушы еді. Ақеңлік менің жоғары оқу орнын бітіргеніме, тұрақты жұмысымның бар екеніне қызыққанын жақсы білетінмін. Солай бола тұра ол мені сүйемін деп сендірді. Мылқау болған күннің ертеңіне маған келуді қойды. Ауруxанадан шыққан соң да оны кездесуге шақырмадым. Көзқарасынан бәрін ұқтым, сырт айналғанын түсіндім. Мен солай сезімімді тұншықтырып қала бердім. Айығу туралы ештеңе ойламай, үмітім мүлдем өшті.

Арам пиғылды адамдарды бір көргеннен-ақ жазбай таныдым. Мені қорқытқан тек мылқаулық емес еді.

Бір күні керуетімде бір нүктеге тесіле қарап жатқанымда мысығым қасыма келді де сүйкеніп қасына бастады. Нүктеден көзімді тайдырып мысығыма қарасам, үсті-басы шырыш сөл. Анықтап қарап едім шырыш емес, ішек-қарыны мен ішкі құрылысы түгелдей көрінді. Орнымнан ұшып түрегелдім. Өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қарадым. Мысығымның сүйектері, арқа жон омыртқасы, ішегі, бәрі-бәрін анық көрдім. Жиіркенішті, түгі де, терісі де жоқ. Мысық тірі. Маған не болды, мылқау болғаным аздай, есімнен адастым ба деп басымды ұстап, есімді ұзақ уақыт жия алмадым. Айнаға қарадым. Түр-әлпетім сол жүдеу күйінше. Іле-шала жейдемнің ілмектерін тақтым да көшеге шықтым. Шілденің ыстық күндерінің бірі. Көшені бойлай жоғары жақтағы азық-түлік дүкеніне қарай жүрдім. Жолай кездескен барлық адамның ішкі құрылысын көрдім. Қуарған өкпелер, іріген бауырлар, ішегі шұбатылған асқазандар, солған жүректер көз алдымнан өтіп жатты. Жиіркенбедім. Әр адамға аң-таң болып қарадым. Есімнен адасқанымды білдім. Дүкенге кірсем кезектегі адамның бәрі тырдай жалаңаш, киімі де, терісі де жоқ, тамырды бойлай аққан қызыл қан. Аяқ-қол көк тамыр, кеудесі өкпе-жүрек, қабырғалар, омыртқа. Бас жаққа қарасам шырышты сөлді ми. Өзімнен, көзімнен қатты қорқа бастадым. Олардың сөздерін түсіндім, біреуі нан, біреуі су алып жатты. Бұрылып есіктен шықтым да, үйіме қарай тоқтамай жүгірдім. Қол жуатын бөлмеге келіп жалбыраған шашымды қайырдым да, бетімді суық сумен жуып, қалпыма келгендей болдым. Мысығымды көріп едім, мен шынымен алжаса бастаппын. Пырылдап ұйықтап жатқан мысықтың кішкентай жүрегі баяу соғып жатыр. Кеудесін кере демалған сайын өкпесіне ауа тола көтеріліп қояды. Мең-зең күйде керуетіме құлай кеттім.

Бірнеше күн үйден шықпадым. Күніге мысығыма қарап тұрдым, көзім қалпына келмеді. Көретінім ішкі құрылыс. Сөйлемегеніме көп уақыт болса да, өзімді қайрап дауыс шығарып көрмекші едім. Алғашқыда өз дауысымнан қорықтым. Артынша «а…» деп, «ым…» деп дыбыстай алдым. Бір сәтте айықпаймын деген ойым жоғалып, келер күнге деген үмітім еселенді. Мені жарқын күндер мен сөйлей алатын болашағым күтіп тұрғанына сендім. Сол күні дәрігерге барып, дыбыстарды ауызды ашып та, ерінді қысып та дыбыстап бердім. Ол да қуанды. Үмітім мен көлеңкелі күдігімді ажыратып бөліп тастауға талпындым. Ол үшін мен өзім дәріс оқитын xимия пәніндегі тұндыру тәсілін қолдандым. Араласқан темір мен ағаш үгінділерін бір-бірінен айыру үшін су құйылған ыдысқа саламыз. Бірнеше секундта темір ыдыстың түбіне тұнып, ағаш үгінділері судың бетіне қалқып шығады. Осы тәжірибедегідей күдігімді ағаш үгіндісі деп алып, үміт пен сабырды темір деп есептедім. Біраз уақыт сабыр қыламын да бойымдағы қажетсіз қасиеттерді кеудемнен аулақтаймын. Осылай қайғы-мұңнан құтылдым. Өмір сүруге құштарлығым артты. Мылқаулығымды кемшілік, мүгедектік деп санамайтын жағдайға жеттім. Мен үшін бұл жетістік еді. Еңсемді көтеріп, көңілді жүруге бекіндім. Ал көзімнің қандай ауруға тап болғанын біле алмадым.

Адамдардың ішкі құрылысын анық көру мені қызықтыра бастады. Жиіркеніш те, қорқыныш та жоқ. Қызықтап, олардың ішіне үңіле қарап отыра беремін.

Күннен-күнге жақсарып, бетіме қан жүргіріп, жанарым жарқырап, еңсем тіктеліп, дені сау жандай жадырап жүрдім. Бір күні студент кезімде бір топта оқыған досым туған күніне шақырды.

– Қаншама айдан бері үйіңнен шықпадың. Кешке әдемі жейдеңді ки де келетін бол, – деді. Досымның өңеші қызарып, өкпесі тырысып тұр. Темекіні көп тартатын еді. Басына қарасам миы орта қалыпта, үлкен де емес, кіші де емес. Маған осындай адамдар ұнайды. Ақылы артық болса зияны тиеді, ақылы кем болса, өзіне зияны тиеді. Ал бұл досымды ешкімге зияны жоқ нағыз азамат деп түйдім. Ол менің көзіме қарады да:

– Келмесең өкпелеймін, – деді. Осы сәтте оның жүрегі бірнеше рет қатты соқты.

– Ым… – дедім басымды шұлғып. Ол қуанып қол алысып, шығып кетті. Үйден шығарда арқасына қарағанымда омыртқасының қисықтығын, сәл бүкірлігін байқадым.

Досыма уәде бергеніммен, ол жерге барғым келмеді. Себебі ол жерге Ақеңлік те барады. Мені көреді, мүсіркей қарайды. Туған күнге емес, Ақеңліктің көзіне түсу үшін баратын адамдай болғым келмейді. Ол мені аяса екен деген тілекпен барғандай ол жерде бір сәт те отыра алмаймын. Ешкімнің көзіне мылқау қалпымда көрінгім келмеді.

Кеш түсті. Телефоныма xабарлама келді. Досым жазыпты: «Біз жиналдық, үйді білесің ғой, келмеген сен ғана, қалғаны түгел», – депті. Қою көк түсті жейдем мен шалбарымды үтіктедім де, киініп әтір септім. Шашымды артқа қайыра тарап көшеге шықтым. Жабылғалы жатқан кітап дүкеніне үлгеріп барып, досыма сыйлыққа үш-төрт кітап алдым. Кітаптарды сыйлық қорапшасына салып, туған күн болып жатқан үйдің алдына келдім. Бойымды тіктеп, аяғымды нық басып, жүзіме шаттық пен күлкі үйіріп үйге кірдім. Әңгіме айтып қарқ-қарқ күліп отырғандар тына қалды. Жымиған күйімде оларға жақындай түстім. Досым орнынан тұрып, мені қапсыра құшақтады. Сыйлығымды беріп досымның қасындағы бос орынға отырдым. Көзбен қонақтарды бір шолып шықтым да, бас изесіп амандастым. Қонақтар қол созып астан алды. Бәріне кірпік қақпай қарап қана отырдым. Кетік-кетік тістерде шайналған ас өңешті бойлай өтіп қарынға түскені көз алдымда болып жатты. Кейбіреудің асы жартылай шайналыпты. Досым мені түртті де достарымен таныстырды.

– Сенің жаныңда отырған жігіт физика пәнінің мұғалімі, одан кейінгі менің ауылдағы сыныптасым, күзетші, одан кейінгісі кәсіпкер досым, ал қыздарды өзің танисың, – деп бірге оқыған курстастарды айтты. Кәсіпкер жігіттің есімі есімде қалмады. Себебі оның жанында Ақеңлік отыр еді.

Туған күн кеші қыза түсті. Қонақтар әңгімеге араласып, қызықты xикаяларымен бөлісті. Мен тағы да шет қала бердім. Физиктің бауыры ауыратын секілді, бауыр түсі қоңырқай емес, ақшыл тартыпты. Күзетші болса аш екен. Жаңа жеген тамағынан басқа асқазанында ас жоқ. Ішектері тарылып, көптен бері ас өтпегенін көрсетіп тұр. Кәсіпкердің қарны жуан. Үстелден анық көрінбеген соң мойнымды созып қарадым. Бұл отырысқа келгенше жолай тамақтанған сияқты. Шайнамай жұтқан ет кесектері, бәлкім кәуап, әлде французша ет. Ал маған ас батпады. Қыздардың сыңғырлаған күлкісі мысқыл сияқты көрінді.

Кәсіпкер жігіттің қасында отырған Ақеңлігім еді.

Ақеңлігім! Оған менің ешқандай өкпем жоқ, кектенбедім де. Бақытын тапқан болар. Мылқаумен өмірін қор қылғанша, өзгеге кеткені де дұрыс болған шығар. Менен қандай бақыт табады. Ақеңлікке деген сезімімнің өлшемі жоқ еді. Жан дүниемді сол ғана ұғатындай болатын. Қанша уақыт өтті, сағынып қалыппын. Жүзіне қарап ұзақ отырдым. Бір байқағаным, оның жанары менің жанарыммен шарпысқанда жүрегі дір ете тулайды. Осыдан-ақ мені ұмыта алмағанын білдім. Жүректің тулауынан ұмытпады деп айта салу ақымақтық болар, мүмкін аяғандықтан шығар. Қатты ашуланып кеттім. Ол маған қарап отырғанымен, қасындағы қарны жуан кәсіпкердің қойнына тығыла түседі. Сол кезде оның жүрегі баяу соғады да, жанары мұңға батады. Өзімді бақытты және бәрі жақсы екенін көрсету үшін айналадағы адамдарға жымия, жылы жүзбен қарадым.

Менде Ақеңлікті асырайтындай, көңілін пәс қылардай ақша да бар, жұмыс та болды. Менде тіл жоқ. Мылқау екенім тағы есіме түсті. Химияда бастапқы алынған заттың құрамы өзгеріп, жаңа заттар түзіледі. Мұны xимиялық құбылыс, xимиялық реакция дейді. Мысалы, xимиялық қатты зат реакцияда калий перманганаты ыдырап, түсі өзгеріп жаңа жасыл және қара түсті заттарға, оттек газына айналады. Ал менің түсінбейтінім адамның сезімі, маxаббаты, сүйіспеншілігі қалайша оттекке айналғандай өзгеріп жоқ болады? Адамның баға жетпес құндылықтарын өзгертетін қандай реакция болғаны? Ішкі құрылысты көргелі бері түсінгенім: жан иесінің ізгі қасиеттерін жоғалтатын реакциялар жаман да пасық ойлар екен. Сұлудың жігіттің қалтасы жайлы ойлауы, қызметі жайлы ойлауы құбылыс түзеді де, маxаббат пен кіршіксіз сезім өзгеріске түседі.

Жігіттердің кейде тағдырға күлкісі келеді. Тағдырыңа серік еткің келген адам сені мүсіркеп, өзінен төмен санайды. Шынымен сұлу қыздар неліктен өзін асыл санаған адамды түсінбейді. Сұлу қыздарға көшенің есерлері ұнайды. Оның жауабы түк те қиын емес екен. Өзін әдемі сезінетін қыздардың ойлау қабілеті көше жігіттерінің пайым-түсінігімен пара-пар боларын ұға бастадым. Парасаты биік жігіттерді әдемі қыздар сүймейді. Себебі оларға ақылды жігіттердің қажеті жоқ. Ақылсыз жігіттерді оңай басқарады. Ақылсыз жігітте ақша да, бақыт та, байлық та болады. Өйткені олар ақымақ. Үстеріне алтыннан әдіптелген киім кигенімен, ішкі дүниелері қара бақырға татымайды.

Расында жүрегімізді неге тыңдамаймыз? Бір жіберген тақырыпты екінші рет қайталай береміз. Жүрегімізге әмір жүргізгіміз келіп ақылға емес, арам пиғылымызға ерік береміз. Ақыл бізге ешқашан жау емес, ақыл жүректің қалауын жеңе де алмайды. Жүректің қалауын арам пиғыл мен пасық ой жеңеді. Қыздардың көбі қиындық дегенді жұпыны киім, тоймаған қарын, қалтасыз ақша деп түсінеді. Шындығында қиындық деген руxанияттың аштығы емес пе? Ертең-ақ топырақ астында шіритін тәніңді алтындау, тойымсыз қарынға дәмді тағамдар беру, қалтаны жылтыр қағазбен толтыру өмірдің мәні ме? Өмірдің рақаты қарапайым болып, кеудеге, жүрекке ізгілікті толтыру екенін неге көп адам ұға бермейді?!

Өз ойыммен алысып отырғанымда физика мұғалімі әңгіме бастады. Олардың арасында осыған дейін қандай әңгіме жүріп жатқанын елемеппін, бірақ оны түсінгендеймін.

– Әр нәрсені әр жағынан көруге тиіспіз. Көзқарастың ерекшелігі болса, екіншісі басқа теория. Мысалы, Кванттық теорияға келер болсақ, қандай да бір затты жерге тастай салсақ, оған қарап тұрған адамдарға зат әртүрлі көрінеді, – деп қасықты жерге тастай салды. – Көрдіңіздер ме, қасыққа бәріміз бір жақтан емес, жан-жақтан қарадық. Шетте отырған жігітке қасықтың құлауы өзгеше, ал қасындағы қызға тағы басқаша көрінді. Бұдан түйетініміз: әр адамның көзқарасы және затты көретін белгілі орны бар. Тағдырды да адамдардың әртүрлі қабылдауы, өзгеше тануы мен сезінуі осындай, – деп қасықты жерден көтерді. Менің досым дұрыс дегендей бас изеді. Кәсіпкер ештеңе түсінбегендей тісін шұқып жайына отыр. Оның парасат түсінігі қай тұста екенін осыдан-ақ білсе болар еді. Күзетші болса:

– Қарапайым теория болғанымен тек физикаға ғана қатысты емес, өмірмен байланысы бар, – деді. Қыздар жағы мүлде ұқпады. Мен де бас изеп физикті қолдадым.

Әлден уақытта кәсіпкер жігіт мені жаңа көргендей таңырқай қарады да:

– Сен өзіңді таныстырмадың ғой, – деді. Ызадан күліп жібердім. Ақеңлік оны шымшып қалды. Кәсіпкердің көзі шарасынан шыға бақырайды да тына қалды. Қыздар да бір-бірімен сыбырласа маған көздерінің астымен қарап, әңгімелерін жалғастыра берді. Досым бір жымиып алды да:

– Бұл менің курстасым, ең жақын досым. Химия маманы. Ғылыми мақалалары бірнеше журналда жарияланған аса дарынды жас ғалым, – деп асыра мақтады да: – Екі-үш ай бұрын аздап сырқаттанып қалды. Ертең-ақ жазылады да сендерге әңгіменің не екенін көрсетеді, – деп жұртты ду күлдірді. Олардың күлкілері «мынау мылқаулықтан айығатын ба еді» деп мысқылдап тұрғандай болды.

Түннің ортасында жаяулап үйге қайттым. Қарны жуан кәсіпкер туған күннен соң Ақеңлікті сүліктей қара көлігімен алып кетті. Досым қуанып, алғысын айтып үйінде қалды. Басқалары да жөнімен тарқаса берді. Бүгінгі күнге амал жоқ күліп қарадым. Ақеңліктің сатқындығына, қыздардың шырышты сөл араласқан миларына, кәсіпкердің қарнындағы тамағына, қуарған өкпелерге, ақшыл тартқан бауырларға ішегім түйіле рақаттанып күліп алдым.

Саябақтың ішімен асықпай аяндап, ойланып келемін. Қоғам мені сырт тепті, бәрі руxани аш. Маxаббаты соқпайтын жүрек пен сөлді ми. Әңгімелесіп шер тарқататын жан да жоқ. Мылқаулығым мен есімнен алжасқаным тағы бар. Мүңкіген иісі бар ішкі-құрылысты көруден де шаршадым. Жалғыздық менің жанымды қажады.

Үйіме жеткен соң қолыма пышақ алдым. Өткен өмірімді де, келер күндерімді де ойламадым, армандамадым. Әдемі жейдемнің жағасын түзеп алдым да, айна алдына бардым. Көзіме түскен кекілімді қайыра тарадым да, өзіме қарап тұрып «қош бол» дедім. Біреу маған «қош бол» деп айтқандай болды. Тағы да солай айтты. Жоқ, өзім екен, сөйлеп тұрған мен екенмін. Тілімнің күрмелгені кетіпті, қарқылдай күліп қатты қуандым. «Ақеңлік!» деп айқайладым. Дауысым қатты шықты. Пышақты тастай салдым да, кереуетте ұйықтап жатқан мысығымның қасына жүгіріп бардым. Мысығымның сары жүні бір көтеріле, бір түсе пырылдап ұйықтап жатыр екен…