Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Форум аясындағы конференция

Форум аясындағы конференция

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Туған жер» жобасы кең көлемде жүзеге асырылуда. Осыған орай, облыс көлемінде өткізілген «Ақтөбе – құтты мекен» халықаралық форумы аясында Жұбанов Университетінде «Ақтөбе: кеше, бүгін, ертең» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды.

Конференцияға әлемнің 20 елінде тұратын 200-ден астам ақтөбелік қонақтар арасынан 100-ге жуық өкілдер қатысты. Конференция жүргізушілері  Жұбанов Университеті әдебиеттанушы ғалым Әнуар Дербісәлі, өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, сенатор Елеусін Сағындықов, Қазақстан Республикасының Президенті Аппараты жетекшісінің орынбасары Оңдасын Оразалин, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бас директоры Ерлан Карин секілді түлектерімен әркез мақтанатындығын айтып өтті.

Ақтөбе облысы әкімі орынбасары Мавр Ерғалиұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, жиналғандарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді.

Конференция жұмысын философия ғылымдарының кандидаты, профессор Абылай Жортабайұлы «Ақтөбе тарихы жасаушылардың көзімен» тақырыбындағы мазмұнды баяндамасымен бастады. Келесі баяндама кезегі тарих ғылымдарынң докторы Рахым Ағыбайұлына берілді.  Рахым Ағыбайұлы баяндамасында Ақтөбе облысының жаңашыл даму тарихына тоқталып өтті.

Конференцияның ерекше тұсы  топырағында талай ғалымдар мен дарындарды дүниеге әкелген  өңірдің «Ақтөбе – құтты мекен» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі болды.  Энциклопедияның тұсаукесер рәсіміне танымал жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қажіғали Мұхамбетқалиев пен қоғам қайраткері Абділхамит Ысқақұлы сахна төріне шақырылды. Энциклопедияның идея авторы Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Машбекұлы, ал жоба жетекшісі Раукен Отыншин.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінен соң «Болашақ Ақтөбе» тақырыбындағы жастардың баяндамасы оқылып, университеттің өлеңсүйер  студенттері ақындар шеруін өткізді.

Конференция соңында Жұбанов Университетінде форум аясында жүзеге асып жатқан инновациялық технологиялар паркі, Қ.Жұбанов аудиториясы, Студенттерге қызмет көрсету орталығы, Оқу-өндірістік орталығы, Медиа орталықтарының ашылуы жайында айтылды. Сондай-ақ, конференция барысында «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Туған өлке – тұнған тарих», «Тарихи тұлғалар» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырылды.

Жұбанов Университеті форум қонақтарын ертең университетімізде өтетін «Түлектер форумында» күтеді.