Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қ.Жұбанов университеті – Сенің дұрыс таңдауың!

Қ.Жұбанов университеті – Сенің дұрыс таңдауың!

Ғылым іздеп, сапалы білім, саналы тәрбие алған ұрпақ қана жоғары зияткер ұлт қалыптастырады, тәуелсіз мемлекетімізді өркендетеді. Қыркүйек айының бірі – білім күні. Осы мерекелік салтанатта еліміздегі барлық  жоғары және орта білім орындары оқушылары мен студенттеріне есігін айқара ашты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы 1-курс студенттерін айтулы күнмен құттықтап, оларға білім кілтін табыс етті.  Салтанатты жиынға  олардың ата-аналары, университет басшылығы мен профессорлық оқытушылық құрамы, ардагерлерге қоса кәсіпкерлер қатысты.

Шараны университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзбен ашып, университет ұстаздары мен студенттерін жаңа оқу жылына орай ізгі лебізін жеткізді. Білім ордасының басшысы атаулы мерекеге орай ұйымшыл ұжымға үлкен жетістіктер мен шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, студенттердің ата-аналарына да ыстық ықыласын білдіріп, балаларының дұрыс таңдау жасағандарына алғыс айтты. Және ол білім ордасының жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы атқарылатын міндеттерді айқындап берді.

– Жұбанов университетінде биыл «Балалар университеті» аталатын жаңа жоба жұмысын бастады.  Бұл бағалы бастама Германия, Австрия, Швейцария, Ресей жоғары оқу орындарында жақсы нәтиже беруде.  Қазақстанда  алғаш рет біздің білім шаңырағында қолға алынды. Балалар университетіне қала мектептерінен  ғылыми әлемге қызығушылығы бар және университетпен, студенттік өмірмен ертерек, жан-жақты жақын танысқысы келетін 11 жастан 17 жасқа дейінгі алпыстан астам оқушылар қабылданды. Қанат қақты жоба бүгінгі заман сұранысына қарай робототехника, бизнес, маркетинг, менеджмент, құқық тану, шығармашылық, психология және тағы да басқа бағыттар бойынша ғылыми-тәжірибелік курстар жүргізеді. Сондай-ақ, бұл орталыққа келген әр мектеп оқушысының қай мамандыққа икемділігі бары, ғылыми әлеуетіне қоса қабілет қырлары және психологиялық ерекшеліктері айқындалады, — деді университет басшысы. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында білімгерлердің қатары бес мыңнан астам жаңа лекпен толығып отырғандығын айрықша атап айтты. Бауыржан Аманкелдіұлы:  – «Менің таңдауым – Ақтөбе» деген жобаның нәтижесінде биылғы студенттеріміздің саны 16 мыңнан асса, оның сегіз мыңы педагогикалық мамандықта оқитындар. Осы жаңа оқу жылына 1-курсқа алты мыңға жуық студент қабылданды. «Алтын белгі» иегері 174. Екі жүзден астамы оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар және қазақ еліне танымал жас өнерпаздар. 1400 студент мемлекеттік және әкімдіктің білім грантын иеленсе, жомарт меценаттардың қаржылық қолдауымен жинақталған 50 миллион теңгеге 161 студент білім алуда. Университет тарапынан жиырма бір студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 1200 студентке түрлі жеңілдіктер берілуде, — деді.

Айта кетейік, біздің жоғары оқу орнының басшылығы  студент жастардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау,  жастарға әлеуметтік қызмет пен әлеуметтік қолдау көрсету және олардың әлеуметтiк маңызды бастамаларын iске асыруға мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соның айғағы ретінде бүгін де «Құқықтану»  мамандығының 1-курс студенті Нарқыз Исимова,  «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 1-курс студенті Алёна Попова, «Менеджмент» мамандығының 1-курс студенті Павел Кузнецов, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Алексей Тыщенко, «Құқықтану» мамндығының 1-курс студенті Дариға Ташауоваларға университет ректоры тағайындаған арнайы гранттар сертификаттары табысталды. Салтанатты шара барысында жаз бойы университеттің қабылдау комиссиясында жұмыс жасаған  «Жұбанов жылуы» еріктілер тобының  бес студенті ақшалай сыйлықтармен марапатталса, «Қабақ баба» қоғамдық қорының стипендиясы «Химия» мамандығының 2-курс студенті Үмітжан Сағитжанқызына, Әйтеке би атындағы  арнаулы стипендиясы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2-курс студенті Ермахан Ибраимовқа, «Қолдау» арнаулы стипендиясы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының  3-курс студенті Әбіш Тоқмырзаға табысталды. Университеттің профессорлық оқытушылық құрамының  білім, ғылым және тәрбие қызметін, кәсіби білімі мен ғылыми құзыреттілігін және осы саладағы студенттердің жетістіктерін бағалау рейтингісі бойынша байқау жүргізілген болатын. Мерекелік жиында аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша үздік факультеттер мен кафедралар марапатталып, моноблоктар тапсырылды.

Биыл университеттің кәсіптік бағдар беру бөлімі қызметкерлері көршілес Өзбекстан Республикасының аймақтарын аралап, түсіндіру жұмыстарымен айналысқан болатын. Атқарылған шаралар нәтижесінде үш жүзге жуық шет елдік  мектеп бітірушілер біздің оқу орнындағы мамандықтарға таңдау жасаса, «Серпін» бағдарламасы бойынша университетке Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарынан 166 студент қабылданып отыр. Білім күнінде олардың ата-аналары да толқып тұрғандарын жасырмады. Сонымен қатар, мінберде сөз алған  ардагер-ұстаз, профессор Жайшылық Сартабанов «Ғылым мен білімнің шыңына жету үшін аянбай еңбек ету керек» деген аталы өсиетімен жастарға игі тілегін айтып, батасын берді. Университеттің баспасөз қызметіне  1-курс студенттері: – Біз осы жерде жақсы білім алып, өмірден өз орнымызды табатынымызға сенеміз. Осы университетті аяқтап, сәтті карьера жасаған адамдарды білеміз. Біз дұрыс таңдау жасағанымызға сенімдіміз!, – деген ортақ ойларымен бөлісті. Салтанатты жиын соңында құттықтау сөз сөйлеген экономика және құқық факультетінің үздік студенті Алиасқар Отарбай  «Алтын белгі» иегері, техникалық факультетінің 1-курс студенті Әлібек Алшынбекке білім кілтін табыстады.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ, баспасөз қызметінен

 https://bilimdinews.kz/?p=59380