Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Басты міндет — жолдаудағы тапсырмаларды сапалы және уақтылы жүзеге асыру

Басты міндет — жолдаудағы тапсырмаларды сапалы және уақтылы жүзеге асыру

Кеше облыс әкімдігінде «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президенттің халыққа Жолдауын талқылау және ақпараттандыру бойынша облыстық актив мәжілісі өтті.

Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік басқару және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, мемлекеттік мекеме басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі бүгінгі күні елімізге дамудың жаңа кезеңіне шығу мүмкіндігі беріліп отырғанын жеткізіп, биылғы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономика, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын, білім сапасын жақсарту, медицина және бюджеттік қызметкерлерді қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, зейнетақы жүйесін жетілдіру, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыттарында жаңа бастамалар көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Осылайша Президенттің бастамалары халықтың көкейінде жүрген мәселелермен ұштасты. Сонымен қатар қазіргі кезде қоғамда өткір талқыланып, көтеріліп жүрген жер мәселесі, мемлекеттік тіл мәртебесі сияқты мәселелер Жолдауда көтеріліп, тұрғындардың оң пікірі мен қызу қолдауына ие болуда. Енді бізге жүктеліп отырған міндет — Жолдаудағы тапсырмаларды сапалы және уақтылы жүзеге асыру. Осы мақсатта бүгін біз актив мәжілісін өткізіп, өңірдегі алға қойылған жоспарларды талқылауға жиналып отырмыз, — деді О.Оразалин.

Өз сөзінде облыс басшысы Жолдауда айтылған басым бағыттарды орындау мақсатында алдағы уақытта өңірде қарқынды жұмыстар атқарылатынын, жуырда облысқа арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасымен бірқатар жобалар іске асырылатынын жеткізді. Атап айтсақ, 2020 жылдың аяғына дейінөңірімізде «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы» автокөлік жолының «Ақтөбе-Қандыағаш» бөлігі жөндеуден өтіп, «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автокөлік жолын қайта жаңғыртуға және «Орталық-Батыс» автокөлік жолының құрылысына қаржы бөлу мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта облыстағы транзиттік әлеуетті дамыту мақсатында бірқатар шекара өткізу бекеттерінің мәртебесін көтеру, Ақтөбе қаласындағы газ тапшылығын жою, экологиялық мәселелердің алдын алу, т.б. басты проблемалар шешіледі.

Бұдан кейін мәжілісте облыстық мәслихаттың Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің директоры Амангелді Есіркепов Жолдауда айтылған маңызды міндеттер мен өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

  • Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін беретін жағымды жаңалықтар мен нақты тапсырмалар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан бастау алатыны бізге мәлім. Сондықтан халық Президент Жолдауын асыға күтеді. Осы аптада еліміздің тарихындағы маңызды белес Қасым-Жомарт Кемелұлының «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауы болды. Биылғы Жолдау ел дамуына серпіліс беретін жағымды жаңалықтар мен тұжырымдамалар Жолдауына айналды. Президент сөзінің басында тәуелсіздік жылдары жеткен жеткістіктерге тоқталып, бұл жасампаздық, ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын алға тарта отырып, таяу жылдардағы еліміздің жаңа тарихындағы алатын белестердің, ортақ мақсаттардың егжей-тегжейін ашып берді. Жолдаудың негізгі мотиві — халық үшін «құлақ асатын» мемлекет құру. Демек алдағы жылдары осы тұжырымдаманы іске асыру міндеті тұр. Президенттің билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнатып, қазіргі биосаяси ахуалға бейімделген мемлекет қалыптастыру деген қағидасы көпшіліктің көңілінен шықты. Енді алдағы міндет — осы жағымды жаңалықтарды іске асыру.

Менің ойымша, биылғы Жолдауда азаматтардың оптимизмін, жарқын болашаққа деген сенімін арттыруға бағытталған тұстары мол. Мысалы, әлеуметтік салада айтылған ең маңызды мәселелер, атап айтсақ,ана мен баланы қорғау, балаларға деген зорлық-зомбылық қылмыс түріне байланыстызаңды қатайтуғанақты тапсырма беру, бұқаралық спортты дамыту, халықтың аз қамтылған топтары үшін баспана қолжетімділігін жандандыру, шалғай елді мекендерде қордаланып қалған инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, ұстаздардың әл-ауқатын көтеру, тағы басқа мәселелер ел көңілінен шықты деп ойлаймын, — деді А.Есіркепов.

Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков Жолдауда білім беру сапасына қатысты айтылған бірқатар мәселелерге тоқталып, оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

— Бүгінгі күні елімізде маман даярлауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені жуырда өткен тамыз конференциясында талқыладық. Ендігі уақытта мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің де рөлін күшейту керек деп ойлаймыз. 8-9-сыныптан бастап баланы икемі бар мамандыққа жетелесек, Президент айтқандай, Қазақстанда 21 мыңға жуық жеткіншек жұмыссыз қалмайды. Бұл тұрғыда біздің университет облыстық, қалалық білім мекемелерімен және аудан басшыларымен бірігіп, кәсіби бағдар беру бағытында «Менің таңдауым — Жұбанов» атты жобаны қолға алып жатыр. Шетелдегі қандастарымызды елге шақыруда, әсіресе, Қарақалпақстан, Орынбор өңіріндегі қазақ балаларын университетке тартуда «Атақоныс — Ақтөбе» атты жоба қолға алынып, өткен жылдан бастап мыңға жуық студент біздің университетімізге келді. Сондай-ақ мектеп оқушыларын ғылымға баулуда арнайы бір мамандыққа икемдеуге арналған «Балалар университеті» сияқты жобаларды жүзеге асырудамыз. Осы жобалар сәтті жүзеге асырылса, сапалы кадр дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру, ғылымның дамуы сияқты күрделі мәселелердің күрмеуі шешіледі, — деді университет ректоры.

Мәжілісте белгілі кәсіпкер, «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев

Президенттің биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қатысты қозғаған мәселелері осы салада жүрген азаматтардың қызу қолдауына ие болып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекет алдында тұрған және халықты алаңдатып жүрген кейбір мәселелерге биылғы Жолдауда нақты жауап берілген. Соның бірі — жер жайы.

— Жер дауы қазақ халқы үшін ең өзекті мәселе болып келгені тарихтан мәлім. Жерді анаға теңейтін халқымыз осынау ұлан-байтақ жерді бізге найзаның ұшымен ғана емес, рухының күшімен аманаттаған. Соңғы жылдары жерді шетелдіктерге сату жөніндегі алып қашпа әңгімелерге осы жолы Президент: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды»,— деп, біржола нүкте қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың берік негізі екендігі туралы айnқан сөздері біздің көңілімізге қонды. Ал ауылда тұратын азамат ретінде Жолдауда маған ерекше әсер еткені — «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасының жалғасатындығы. Президентіміз Үкіметке осы жобаны іске асыруға келесі үш жылға осы жылы бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша 90 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды. Бұл, мәселен, Ырғыз секілді шалғай өңірлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге қосымша қолдау болары анық. Сондықтан алдағы уақытта Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, барша ақтөбеліктер мен жерлестерімді осы жобаға үлес қосуға шақырамын, — деді кәсіпкер.

Жиында «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы, ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев биылғы Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелер халықтың көңілінен шыққанын, алдағы уақытта елдің болашағы — жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге көп көңіл бөліну керектігін жеткізсе, облыстық және Ақтөбе қалалық мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының төрайымы, «Балақай» ЖШС директоры Наталья Каюдина жеке инвестиция салудың арқасында бүгінгі күні мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы 14 мың бала қамтылып отырғанын, сондай-ақ өңірде «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар жиында дәрігер-невропатолог Әдемі Демеуова, «Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер процесі» орталығының жетекшісі, медиатор Әлия Куртаевалар сөз сөйлеп, Жолдауды бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.

Мәжілісте қоғам белсендісі Естай Жайлыбай Президенттің ықпалды үкімет, елдегі көп партиялы жүйені дамыту туралы айтқан сөздерін мысалға келтіре отырып, облыстық сайлау комиссиясының құрамын өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ ол шетелдіктерге жерді сату және жалға беру мәселесіне де тоқталып өтті.

— Өздеріңіз білесіздер, облыста осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылған болатын. Нәтижесінде республикалық комиссияға 11 ұсыныс жіберіліп, оның алғашқы тармағында жер сатуды тоқтату және шетелдіктерге жерді жалға бермеу мәселесі тұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы сауалға нүкте қойды. Сонда да бұл дау әлі айтылып келеді. Менің ойымша, халықты мал жайылымының тарлығы толғандырады. Сондықтан бұл мәселе заң жүзінде қарастырылуы керек, — деді ол.

Бұдан кейін сөз сөйлеген «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов облысқа инвестиция салып жатқан қытай компаниялары жөнінде айта келіп, шетелдіктер пайдаланып жатқан жер қойнауы қоғамға да, табиғатқа да ауыртпалық түсіретінін жеткізді. Сондай-ақ ол бүгінде Алға, Мұғалжар аудандарында жарылғыш заттар шығаратын зауыттар жұмыс жасайтынын, ал олардың экологиямызға тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мәжілісте сондай-ақ белгілі ақын Гүлімай Әбішқызы Жолдауда айтылған мемлекеттік тіл мәртебесіне тоқталып, жиындарда шығып сөйлеушілер өз ойларын таза қазақ тілінде жеткізуі керектігін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Оңдасын Оразалин өңірге шетелдік инвесторларды тарту жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімінің көбеюіне жол ашатынын, сондай-ақ жаңа технологиялардың әкелінуіне септігін тигізетінін жеткізді. Сонымен қатар ол еліміз тәуелсіздік алған тұста, әсіресе, әлеуметтік салада бірқатар қиындықтар болғанын, бүгінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында халықтың әл-ауқаты түзелгенін айта келе, алда еліміздің ең дамыған отыз елдің қатарына кіру жоспары тұрғанын жеткізді.

— Президент өз Жолдауында бүгінгі күнгі өте маңызды мәселелерді қозғады. Бұл бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Жолдаудағы ең басты міндет – қоғамның билікке деген сенімін күшейту. Билік тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді болуы керек. Біздің жұмысымыздың тиімділігін тұрғындар бағалайтын болады. Егер біз жұмысымызды сапалы, жауапкершілікпен атқарсақ, сонда ғана облыстың әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінеді, —  деген облыс әкімі Жолдауда айтылған басым бағыттарды іске асыру бойынша жауапты салалардың өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

https://aqtobegazeti.kz/?p=79032