Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректордың бірінші курс студенттерімен дәстүрлі кездесуі

Ректордың бірінші курс студенттерімен дәстүрлі кездесуі

Бүгін де екінші күн қатарынан Студенттер сарайында Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков  1-курс студенттерімен кездесті. Оған филология және экономика және құқық факультеттерінің студенттері жиналды. Биыл бірінші курс студенттерінің арасында 180 «Алтын белгі» иегері бар, олардың 50-ден астамы филология факультетінде оқиды.

Бауыржан Аманкелдіұлы жас жұбановшыларды  қарсы алып, жоғары оқу орнын таңдағаны үшін алғысын білдірді. Ол мінберде «Зерек» балаларды дамыту орталығы мен «ZhubanovCINEMA» кинотеатры сынды студенттік жобалар туралы сөз қозғап, университеттегі мүмкіндіктер туралы баяндады.

Сондай-ақ, студенттер алдында сөз сөйлеген университет басшысы таңдалған мамандықтардың маңыздылығы мен жастардың алдындағы жауапкершіліктерге тоқталды. «Біз жұмысқа орналасуға көмектесуге дайынбыз, студенттеріміз үшін 600-ден астам практикалық база, 88 кафедраның филиалы, 30 кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. Мұның бәрі сіздерге байланысты, егер сіз оқуда, ғылыми және қоғамдық жұмыстарда өзіңізді жақсы көрсете білсеңіз, университеттік стипендиялар мен гранттарға ие бола аласыз, сонымен қатар болашақта сіз сұранысқа ие маман боласыз», — деді Б.Ердембеков.

Еске салсақ, ректордың кезекті кездесуі ертең сағат 11:40-та  өтіп, оған техникалық және жаратылыстану факультетінің студенттері қатысады.