Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымның мерейтойына арналды

Ғалымның мерейтойына арналды

Бүгін педагогика  ғылымдарының докторы  Төлеген Ботағариевтің  60 жас мерейтойына орай кәсіби-шығармашылық факультетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Төлеген Әміржанұлы — 2004 жылдан бері Жұбанов университетінде қызмет етеді,  150-ден аса түрлі ғылыми және оқу әдістемелік мақалалардың, сондай-ақ оқу-әдістемелік мазмұндағы еңбектердің және монографиялардың авторы. Оның ғылыми мақалалары республиканың белді ғылыми журналдарында  Ресей, Санкт-Петербург, Польша сияқты алыс-жақын шет басылымдарда жарық көрген. Ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ахмет Байтұрсынов» медалдарымен  марапатталған және Қазақ білім академиясының корреспондент-мүшесі, Петровский ғылым және өнер академиясының корреспондент-мүшесі.

Ғалымды мерейлі жасымен құттықтауға Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің, Ақтөбе қаласының білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалының басшылары,  Ақтөбе қаласында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің,  М.Оспанов атындағы мемлекеттік медициналық университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, РФ, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдері профессор-оқытушылар құрамы және кәсіби-шығармашылық факультетінің түлектері қатысты.

Бүгін белгілі педагог ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған шарада оның еңбектері сараланып, педагогика ғылымына қосқан еңбегі айтылды. Шараны кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров құттықтау сөзбен ашты. Жиналғандарға мерейтой иесінің өмірлік жолы жайында қысқаша бейнеролик көрсетілді.

Бұдан кейін университет ректоры Бауыржан Ердембеков алдымен жиналғандарға  ғалымның ғылымдағы еңбек жолы мен азаматтық-адамгершілік қырлары жайлы естеліктер айтып, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып берді.

«Адамзат биігіне бірлікпен емес, біліммен бағындыратын заманауи әлемде өз ісіңізге асқан ыждағаттылықпен қарап, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда зор үлес қосып келе жатқаныңыз үшін алғыс білдіремін! Сіздің педагогикалық тәжірибеңіз, шығармашылық қабілетіңіз бен қажырлы еңбегіңіз жас ұрпақтың рухани және интеллектуалды дамуына зор ықпалын тигізіп келеді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісініе үлкен жауапкершілікпен қарап, халқымыздың рухани байлығын елеуге үздіксіз қосып келе жатқан  еңбегіңізге тек қана өрлеу, шығармашылық табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін!» — делінген құттықтау хатта.

Содан соң университет басшысы  мерейтой иесіне құрметпен қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жауып, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін табыстады.

Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында «Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының орынбасары Нұрбол Сыдықов ғалымның өмір жолы жайындағы баяндамасын жасады. Нұрбол Тұрарұлы баяндамасында Төлеген Әміржанұлының өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады: «Біз мерейтой иесінің жетекшілігімен әлі де талай ғылыми, шығармашылық, өмірлік жобалар жүзеге асатындығына сенімдіміз. Жаңашыл, талантты ғалым, педагог Төлеген Әміржанұлына денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Сәттілік, жетістік әркез сіздің өміріңізде, жаңа бастамаларыңызға серік болсын!» — деген ол басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетовтің құттықтауын жеткізді.

Отырыста Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің Дене шынықтыру институтының директоры Петр Тиссин мерейтой иесінің қамқорлығы мен адамгершілігі хақында кеңінен әңгімелесе, Быдгощ қаласының Экономика университетінің Дене шынықтыру институтының директоры Александр Скалий бейне құттықтауын жолдады.

Ғылыми кеңес барысында сөз алған қонақтар мен ғалымның шәкірттері, әріптестері ақжарма ізгі тілегін білдіріп, сый-сыяпаттарын жасады. «Біздің студенттерге сіздей адал, еңбекқор, білімді азамат дәріс беріп жүрген шақта олар ешқашан жаман адам болып қалыптаспайды. Сіз берген тәлім-өнегеңіз студенттерге   зор тәрбие. 60 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын!»,– деді әріптестері.

Жиында Оренбург, Атырау қалаларындағы жоғары оқу орындарынан келген өкілдер  ректорлары атынан құттықтау хаттарын табыстады.