Понедельник, Июль 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақынмен сырласу

Ақынмен сырласу

Бүгін Жұбанов университетінде профессор Амангелді Айталының  80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында Ә.Кекілбаев атындағы конференц-залға жиналған қауым  «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ханбибі Есенқарақызымен кездесті.

Ханбибі Есенқарақызы — Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына және 20 жылдығына арналған және Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетінің, «Золотая  Есинская», Облысқа сіңірген еңбегі  үшін медальдарымен марапатталған, « Үздік мәдениет және өнер мекемесі» номинациясының иегері,14 көркем әдеби кітәбінің авторы, өлеңдері орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне  аударылып әнге айланған. Атап айтқанда, «Алтынай», «Нурикамал», «Хадиша», «Дос іздедім», «Көңіл гүл», « Махаббат – өмірлерлері» халық арасына кеңінен таралған.

Бүгінгі кездесуге университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер мен магистранттар, докторанттар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Әдеби кешке арнайы қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев «Хан апаның поэзиясы бір бөлек, оның ұлт үшін сіңіріп жатқан қайраткерлігі бір төбе!», — деп, ақын туралы ойлы естеліктер айтты. Кездесуде университет студенті Назерке Алдиярова  Ханбибі ақынның сөзіне жазылған «Нұрикамал» әнін техникалық өңдеусіз тірі дауыста шырқап берсе, Айболат Көшкінбаев ән мен жырдан шашу шашты.

«Ақиқатты ту еткен асқақ ақын» тақырыбындағы рухани басқосуда   халыққа 20-дан астам жыр жинақтары мен прозалық кітаптарын ұсынған қаламгер көптің сұранысымен өлеңдерін де оқыды. Сондай-ақ, Ханбибі Есенқарақызы шығармашылық жолындағы қызықты оқиғаларды айтып, әдемі әзілдермен  көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сыр айтылған, жыр оқылған, ән шырқалып, жан жадырап, көңіл көркейген кешке жиналған қауым рухани байып, марқайып қайтты.

Басқосуда университет ректоры атынан сый-сияпат ретінде ақынға камзол кигізіп, көпшілік ақынға деген ықыласын қызу қолшапалақпен білдірді.

Кеш соңында Ханбибі Есенқарақызы: «Қанша жерден ақын болсаң да, біріншіден, ең әуелі әйелсің, екіншіден, анасың. Содан кейін барып ақынсың. Жалпы, кітапхана мен ақынның кіндігі бір деп айтсақ болады. Ақынның шығарған «өнімі», яғни, өлең кітаптары ең бірінші кітапханаға жол тартады, сол арқылы оқырмандардың қолына жетеді», -деп, тамаша кездесуді ұйымдастыруға себеп болып, руханиятқа қолдау көрсеткен университет ректоры мен ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Ханбибі Есенқарақызы — 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастап, Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тамамдаған. Институтта оқып жүріп Макаренко атындағы мектепте мұғалім, 196872 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, 197380 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарған. 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің кең ауқымда өмірге енуіне ат салысып, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысады.  2003 жылдан облыстық саяси қуғынсүргін құрбандары мұражайының директоры. Кезінде Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов сияқты қазақ халқының ардақты қаламгерлерінен бата алған.