Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Рухани қазынаға бай кітап жарық көрді

Рухани қазынаға бай кітап жарық көрді

Профессор Амангелді Айталының  80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар легі мерейтой иесінің  «Рухани кемелдік» кітабының тұсаукесер рәсімімен жалғасты.

Тұсаукесер рәсімін Жұбанов  университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзбен ашты. «Бұл еңбекте автордың соңғы уақыттардағы жарық көрген  50-ге жуық ең таңдаулы ұлт және дін мәселелері тақырыбындағы ғылыми-публицистикалық мақалалары топтастырылған.

Бүгінде адамзат баласына рухани азық жетіспейді. Жетіспейді емес, жұмыр басты пенде рухани азықты қажетсінбейтін бюолды. Ал рухани кемелдікке ұмытылғандар әсте азайып бара жатқандай…

Қашаннан қазақтың бүгіні мен болашағына алаңдап, сол алаң көңіл ойларын суық ақылға салып, жан-жақты білімнің қайнауына суарып барып қағаз бетіне түсіретін ғалым, қоғам қайраткері Аманкелді Әбдірахманұлының соңғы жылдарда жазған баспасөздегі ғылыми, ғылыми-публицистикалық мақалаларын сұхбаттарын жинап «Рухани кемелдік» деген атпен ұсынбақты жөн көрдік.

Рухани кемелдік деп Амангелді Айталы бүгінгі ұлттың, әсіресе, қазақ сияқты отарланған ұлттың жетілу, жаһандану заманында ұлтсыздықтан, нигилизмнен тазарып, толық қазақы мәдениетке, имандылыққа жақындауын сөз етеді. Қазақ әлемдік өркениетті өз төлтума мәдениетімен байытады және оны үйренеді. Кітап бүгінгі қазақтың ұлттануының, мұсылмандануының бірқатар өзекті мәселелеріне арналған. Теориялық мәселелерді көпшілікке түсінікті тілде бандаған бұл ғылыми-публицистикалық шығарма қоғамдық санаға ой салып, оқушыны ұлттық құндылықтар мен имандылыққа тәрбиелейді», — деді ректор Б.Ердембеков.

Қонақтар  автордың жаңа кітабында баяндалатын  ұлағатты ойлардың, ұлттық құндылықтар, рухани дүниелердің маңыздылығы, өскелең ұрпаққа берер мол тәрбиесі мен өнегесі жайында ой қозғады.

Тұсаукесер рәсімінде ғалымның шәкірті Абылай Мұхамбетжан: «Өрге шығып, өңірді көрген, елге жағып, өмірді көрген Амангелді ағамыздың кітабында жастарды тәрбиелеу, рухани дүниесін байыту мәселелері баяндалған. Қазақ өз жан-дүниесін танып білсе, бұл еш бағаланбайтын жетістік болып табылады» — деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Кітап тұсаукесеріне қатысушылар туындының өз оқырмандарын табатына сенімді екендіктерін айтып өтті.