Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер мен мемлекеттік қызметшілер Әлихан Байменовпен кездесті

Студенттер мен мемлекеттік қызметшілер Әлихан Байменовпен кездесті

Бүгін Жұбанов университетінің Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залында Қазақстанның мемлекет қайраткері, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Мұхамедияұлы Байменовтің «Білім жүйесі және заман талабы» тақырыбында кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесуге  университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының студенттері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының ұжымы, біліктіліктерін арттыру семинары мен қайта даярлау курсының мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Аталмыш басқосуда Қазақстанның мемлекет қайраткері Әлихан Мұхамедияұлы «Білім жүйесі», «Білім жүйесінің саяси жүйемен байланысты тұстары»,  «Мемлекеттік басқару — қоғам талабына сайма?», «Жаңа доктринаның мүмкіндіктері» өзекті тақырыптары  туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, білім жүйесіндегі ізденістерден кейінгі мемлекеттік басқарудың бүгінгі жағдайы, соның ішінде мемлекеттік қызметті бағалау жүйесі, жиналыстарды жүргізу маңыздылығы туралы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, осы іс- шараға қатысып, ат салысқандары үшін алғыс айтты.

Кездесу соңында Әлихан Мұхамедияұлы университет ұжымына өзінің бірнеше кітабын сыйға тартып, жастарға қызметте табыс тіледі.