Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Амангелді Айталы 13 жастағы немересіне орысша сөйлетпей тәрбиелеп жүргенін айтты

Амангелді Айталы 13 жастағы немересіне орысша сөйлетпей тәрбиелеп жүргенін айтты

80 жасқа толған Амангелді Айталыға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жолдаған. Өз кезегінде бұрынғы депутат мерейтойымен құттықтаған барша жанға алғысын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

 Ð¤Ð¾Ñ‚о: Ақорда/qazaquni.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Фото: Ақорда/qazaquni.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

«Амангелді Әбдірахманұлы, Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті ғалым, өнегелі ұстаз, ұлтжанды тұлға ретінде ел дамуына қосқан үлесіңіз өте көп. Қазақ​ руханияты туралы айтқан салмақты ойларыңыз бен парасатты пайыздарыңыз өскелең ұрпаққа жол көрсетер құнды дүниелер деп білемін.​ ​

Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттіңіз. Шәкірт тәрбиелеу ісін абыроймен атқардыңыз. Ғылым жолындағы еңбектеріңіз де біртөбе.​ Парламент мәжілісі қабырғасында атқарған елеулі қызметіңізді халық жақсы біледі. Заң шығару ісіне белсене араласып, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне сіңірген еңбегіңіз жас буын үшін жақсы өнеге. Сізге зор денсаулық, табыс,​ отбасыңызға амандық пен бақыт тілеймін», — деген президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысының лебізін жеткізген Ақтөбе облысының әкімі абыз ақсақалдың шәкірті болғаны үшін мақтан ететінін жеткізді.

Фото:KAZ.NUR.KZ

Фото:KAZ.NUR.KZ

Кеш соңында Амангелді Айталының өзі мерейтойды өткізуді қолға алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековке алғысын жаудырып, өзінің бақытты екенін жеткізді.

«Өмірдің менен алғаны көп, бергені одан да көп. 80 жасқа келген күнімде бақыттымын. Француз философы Вольтер: «Әр уақытта да бүгін бақыттымын деңіз, ертеңгі күн тағдырдың қолында» деген екен. Шүкір, бүгін осылай елдің құрметіне бөленгеніме ризамын. Бұл өмірге шүкірлік етемін, екі ұлым, бір қызым және немерелерім бар. Ақсұңқар деген немерем бар. Әжесі екеуміз оны алты айынан бері тәрбиелеп келеміз.

Біз үшін ол қызық, біз үшін ол эксперимент. Орысша сөйлетпей, қазақша ертегі оқып, қазақша әңгіме айтып, соның қазақша сөйлегеніне қызығып жүреміз. Сол немерем 13 жасқа келді. Мамасы Алматыға алып кетейін дегенде «Жоқ, мама, әжем мен атамды қайда тастап кетемін?» дегеніне мәз болдық. Осылай өмір жүріп жатыр. Бұл тойдың ең қызығы — пікіралмасу, пікірталас болды. Менің тойым емес елдің тойы деп бастарыңа көтергендеріңе рахмет айтамын. Барға ризамыз. Қанағатшылдықпен баймыз», — деді қоғам қайраткері Амангелді Айталы.

Айта кетейік, ел арасында тірі энциклопедия аталып кеткен ғалымға парламент мәжілісінін төрағасы Нұрлан Нығматулин, білім министрі, парламент депутаттары және еліміздегі 17 ЖОО-ның ректорлары, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Елеусін Сағындықов құттықтау хат жолдап, кейбір танымал тұлғалар Ақтөбеге арнайы келіп құттықтаған.