Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Амангелді Айталы: Немеремді орысша сөйлетпей, қазақша тәрбиелеп жүрмін

Амангелді Айталы: Немеремді орысша сөйлетпей, қазақша тәрбиелеп жүрмін

Амангелді Айталы:  Немеремді орысша сөйлетпей, қазақша тәрбиелеп жүрмін

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Амангелді Айталының 80 жасқа толуына орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайында қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталының 80 жас мерейтойына арналған салтанатты шара өтеді.

Оған еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Әлихан Бәйменов, Ханбиби Есенғарақызы, Ирак Елекеев, Кенжеғали Мыржықбай, Ғарифолла Анес, Асылбек Смағұлов, Сабыр Қасымов қатысты. Ал облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президент Қасым –Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.

«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті ғалым, белгілі ұстаз, ұлтжанды тұлға ретінде ел дамуына қосқан үлесіңіз өте көп. Қазақ руханияты туралы айтқан салмақты ойларыңыз бен парасатты пайымдарыңыз өскелең ұрпаққа жол көрсетер құнды дүниелер деп білеміз. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттіңіз, шәкірт тәрбиелеу ісін абыройлы атқарған жансыз. Ғылым жолындағы еңбектеріңіз де бір төбе. Парламент Мәжілісі қабырғасында атқарған елеулі қызметіңізді қалың жұртшылық жақсы біледі. Заң шығару ісіне белсене араласып, еліміздің қоғамдық, саяси өміріне сіңірген еңбегіңіз жас буын үшін жақсы өнеге», — деп жазылған хатта.

Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтауы оқылды.

Айта кетейік, ақын Мұхтар Шаханов өзінің өлеңін арнасы, Әлихан Бәйменов абыз сөзіне тоқталды.

«Көзі ашықтың көкірегін оятатын, көкірегі ояудың көзін ашатын, екіжақты тепе-теңдікті ұстайтын ұлы ойшыл Амангелді Әбдірахманұлының қоғамдық, саяси республикалық сахнаға шығып, қазақ ұлтына өзінің кемеңгер сөздерін айтуы біздің ұлттың қажеттілігі еді. Сол қажеттілікті Әбекең өтей білді. Мен оны желмаясы қылып мініп жүрген руханияттың Асан қайғысы деп білемін. Шын мәнінде көңіліміз жайланып, өзімізді толыққанды абыройлы ұлт ретінде сезінетін кеңістіктің емес, рухани ізденіс, дүниетаным орнын іздеп жүр», — деді мемлекет, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов.

Амангелді Айталы өз алғысын білдіріп, өзінің бақытты екенін жеткізді.

«Өмірдің менен алғаны да, бергені де көп. Мен бүгін, 80-г келген күнімде бақыттымын. Бірақ француздың философы Вольтер айтады: «Әруақытта да мен бүгін бақыттымын деңіз, ертеңгі күн тағдырдың қолында» деп. Бүгін елдің құрметіне бөленіп отырмын, ризамын. Екі ұлым, бір қызым бар. Ақсұңқар деген немеремді тәрбиелеп жүрмін. Біз үшін қызық, біз үшін эксперемент. Қазақша тәрбиелеймін, орысша сөйлетпеймін», — деді Амангелді Айталы.

Амангелді Айталыға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры төсбелгісі тағылды.

Алтынай Сағындықова
https://www.inform.kz/kz/amangeldi-aytaly-nemeremdi-oryssha-soyletpey-kazaksha-tarbielep-zhurmin_a3567925