Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тозған табиғат жайы талқыланды

Тозған табиғат жайы талқыланды

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар кезінде «Ақтөбе облысының жерасты су көздері мен өзен-көлдерін пайдалану, қорғау және сақтау мәселелері, оларды шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті. Оған  Айталының мерейтойына арнайы келген   мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов,қоғам қайраткерлері — Ирак Елекеев, экс-сенатор Сабыр Қасымов, бұрынғы Мәжіліс депутаты Төлеген Қуанышев, жергілікті қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының  жетекшісі Азаматхан Әміртаев  «трансшекаралық геосаяси реттеуді» қажет ететін, суы ластанып, азайған   Іле мен Ертісөзендерінің,«саяси көмек пен қолдау күткен» Балқаш көлінің қазіргі жағдайын баяндады.  Сонымен қатар ол Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты су қорының, Елек өзенінің ластануы  мемлекеттік деңгейде көтерілгенін  айтты. Қазірелімізде табиғатты қалпына келтіруге қатысты бірқатар қозғалыстар басталды. Экология министрлігі құрылды, келесі  жылы  Экологиялық Кодекс қабылданбақшы. Өңірлердегі экологиялық ахуалды сараптауға азаматтардың белсенділігі қажеттігін айтқан  Азаматхан Әміртаев ҚР Президенті жанындағы  Қоғамдық Кеңеске аймақтардағы экологиялық жағдайды сараптауға қоғам  белсенділерін де  шақырды.

Олжас Сүлейменов Амангелді Айталыны мерейтойымен құттықтап, Қазақстанда экология мәселесіне енді ғана назар аударылып келе жатқанын, ата-бабаларымыз белсенді түрде жер кәсібімен айналыспаса да, қазіргідей жерді тозаңы шыққанша малды қамап бақпағанын, ғасырлар бойы табиғатпен үйлесімділікті сақтағанын айтты.

Амангелді Айталының айтуынша, қай жерде болмасын табиғаттың шаршағаны сезіледі. Және   бұл жағдай тек  Қазақстанда ғана емес, басқа елдерден де байқалады. Ғалымөзі туып-өскен Астрахань облысы Володар ауданындағы Еділге құятын шағын өзен арналары тартылып,  қара Еділдің суы азайып, Астраханьның  кеме кәсіпшілігі, балық кәсіпшілігі бүгінде жоғалғанын айтты.Еділдің бойымен  ерсілі-қарсылы жүзіп жатқан кемелер де жоқ. «Бала кезімде көрініс  басқа еді», — дейді философ-ғалым.

Мұнай қалдықтарымен ластанып жатқан стратегиялық су қоры –Көкжиденің қазіргі жағдайы туралы облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов, жерүсті суларының  жағдайын  облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу  басқармасының басшысы Нұржан Аққұл баяндады. Дөңгелек үстелде дәрігерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, жергілікті экологтар пікір-ұсыныстарын айтты. Осылайша Амангелді Айталының 80 жасқа толу мерейтойында  тозған табиғатты қалпына келтіру жайыталқыланды.

(Дөңгелек үстел туралы толығырақ  газетіміздің алдағы санында жарияланады).

 

  Баян СӘРСЕМБИНА

https://aqtobegazeti.kz/?p=79519