Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Алаштың Айталысына құрмет көрсетілді

Алаштың Айталысына құрмет көрсетілді

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті белгілі қоғам кайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Әбдірахманұлы Айталының  80 жылдық мерейтойын өткізді.  

Амангелді Әбдірахманұлы  – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған 100-ден астам ғылыми мақала мен бірқатар монографиялардың авторы. 1999-2007 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі, діни сенім бостандығы, білім беру жүйесінің дербестігі туралы талай мәрте халықаралық жиындарда мәселе көтерді. Бірқатар елдермен парламентаралық байланыстарға өз үлесін қосты. 2010 жылдан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Әлеуметтік зерттеулер» ғылыми орталығында директор қызметін атқарады.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Әбдірахманұлының 80 жылдық мерейтойына ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ бұрынғы шақырылымдардағы Парламент депутаттары, есімі елге танымал көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, өнертанушылар келді.  Еліміздің бірнеше өңірінен келген меймандар  «Кітап, ұстаз, ғалым» атты кітап көрмесіне қатысып, мерейтой иесі туралы «Хабар» агенттігі дайындаған деректі фильмін тамашалады. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында, ғалымның «Рухани кемелдік» кітабының тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, мерейтой қарсаңында шығарылып, тұсауы кесілген «Рухани кемелдік» кітабына ғалымның кемелденген шағындағы ой-толғаулары мен зерттеулері енген. Ал, «Хабар» арнасының арнайы өнегелі ғұмыр жолымен түсірген фильмі Амангелді Әбдірахманұлының өмірі, еңбек жолы мен ой-толғаныстарын бейнелейді. Сол кездері ғалыммен жұмыс жасаған шығармашылық топ оның тұлғалығын, адами қасиетінің жоғары екендігін айтады.

Ғалымның мерейтойына арналған шаралар университеттің Кеңейтілген Ғылыми отырысымен жалғасты. Ғылыми кеңесте Амангелді Айталының ел мен қоғамға сіңірген еңбегі кеңінен айтылды. Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  мерейтой иесінің білім және ғылым саласындағы айрықша еңбегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қасиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті. Айтулы шараға арнайы қатысқан Амангелді Әбдірахманұлының шәкірті, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу жасап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

– Сізді сексенге толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті ғалым, өнегелі ұстаз, ұлтжанды тұлға ретінде ел дамуына қосқан үлесіңіз көп. Қазақ руханияты туралы айтқан салмақты ойларыңыз бен парасатты пайымдарыңыз өскелең ұрпаққа жол көрсетер құнды дүниелер деп білемін. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттіңіз, шәкірт тәрбиелеу ісін абыроймен атқарған жансыз. Ғылым жолындағы еңбектеріңіз бір төбе. Парламент Мәжілісі қабырғасында атқарған елеулі қызметіңізді қалың жұртшылық жақсы біледі. Заң шығару ісіне белсене араласып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне  сіңген еңбегіңіз – жас буын үшін жақсы өнеге. Сізге зор денсеулық, табыс, ал отбасыңызға амандық пен бақыт тілеймін!, –  делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Салтанатты жиын барысында еліміздің он жеті жоғары оқу орындары  ректорларының  құттықтау жеделхаттары келіп түссе, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің, Парламент Мәжілісі төрағасы Нығматулин Нұрлан Зайроллаұлының, Мемлекет және қоғам қайраткері Сағындықов Елеусін Наурызбайұлының ізгі ниеттері жеткізілді. Сондай-ақ, мінберден сөз алған мәжілістегі бұрынғы әріптесі  Халық жазушысы Мұхтар Шаханов Амангелді Айталыға арнап өлеңін оқып, ұлттың болашағы үшін атқарған еңбегін сөз өтті.  Ал, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов өзінің құттықтау сөзінде мерейтой иесінің ғалым ретіндегі биігін, туған еліне адал перзент ретіндегі еңбегін айрықша жоғары бағалайтынын тілге тиек етті.

Ғылыми кеңес отырысы барысында ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызы,  Мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Қасымұлы Елекеев,  Мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Айжарықұлы Смағұлов, «Нұр – Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Қойшыбайұлы Телеуов және С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, профессор Ахан Бекежан сынды белгілі ғалымдар көрнекті ғалымның өзі қызмет атқаратын кафедра ұжымы сөз сөйлеп,  мерейтой иесінің ғалымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Сондай-ақ салтанатты ша­ра­да Амангелді Әбдірахманұлының мерейтойына тарту есебінде жас ақын, Жұбанов университетінің магистрі Сайлауқазы Қастербек арнауын жолдады. Мерейтой иесі өз кезегінде жиналғандарға алғысын білдіріп, өзінің бақытты екенін жеткізді.

– Өмірдің менен алғаны да, бергені де көп. Мен бүгін, сексенге келген күнімде бақыттымын. Бірақ француздың философы Вольтер айтады: «Әруақытта да мен бүгін бақыттымын деңіз, ертеңгі күн тағдырдың қолында!» деп. Бүгін елдің құрметіне бөленіп отырмын, ризамын!, – деді Амангелді Әбдірахманұлы.

Мерейтойлық жиын соңында көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, белгілі қоғам кайраткері Амангелді Әбдірахманұлы Ғылыми Кеңес шешімімен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» медалімен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

Баспасөз қызметі

https://bilimdinews.kz/?p=63300