Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Парасаттылық мектебі» ашылды

«Парасаттылық мектебі» ашылды

Жаңа оқу жылынан бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Парасаттылық мектебі» ашылды, деп хабарлайды City04.kz.

Бұрын-соңды болмаған шара ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының бастамасымен қолға алынып отыр. Бүгінгі салтанатты шараға Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Мирлан Мұхамбетов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Махмұтов арнайы қатысты.

Олар алдымен университеттің Ситуациялық орталық қызметімен, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығымен танысып, Цифрлы университет бағдарламасын жүзеге асыру бойынша презентациясын қызығушылықпен тамашалады. Одан кейін қонақтар «Парасаттылық мектебі» кабинетінің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды.

Аталмыш кабинеттің жұмысы мен мақсатын таныстырған университеттің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 3-курс студенті Райхан Бақытжанқызы: «Парасаттылық мектебінің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездесетін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында қазіргі қоғамның дертіне айналған осынау жайтқа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру. Сонымен қатар, мұнда қатысушыларға парасаттылық, адалдық, әділдік принциптерін ұстау бойынша сабақтар өткізіледі. Өз кезегінде, қатысушылар білікті мамандардан үйренгенін өздері қызмет ететін оқу орындарындағы студенттерге жеткізеді», – деді.

Кабинеттің ашылуында сөз сөйлеген Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Мирлан Бегенжанұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жастарды парасаттылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастырудың, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын дамытудың жақсы бастамасы болып табылатынын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Парасаттылық мектебі» – бұл қарқынды, шығармашылық атмосфераның, ұжымдық және жеке оқыту нысандарының, эмоциялық тұрғыдан еркін және қатысушылар арасындағы үздіксіз өзара әрекеттестіктің үйлесімі.

Парасаттылық мектебінің қатысушылары сыбайлас жемқорлық феномені және онымен байланысты ұғымдар туралы теориялық білім алады, алған білімдерін тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен командалық жобаларды әзірлеу кезінде қолданады, сондай-ақ өзінің шығармашылық және сыни құзыреттіліктерін дамыту мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда аталмыш мектепке алғашқы 15 тыңдаушы қабылданған.

https://www.city04.kz/news/2519311/parasattylyk-mektebi-asyldy