Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жастар саясаты > Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Дәстүрлі шара жалғасын тапты

Бүгін Жұбанов университетінде  белсенді студенттердің ұйымдастыруымен «Ұстазыма мың алғыс!» атты акциясы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған акция осыдан екі  жыл бұрын ұйымдастырылып, биыл қайта жалғасын тауып отыр.

Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің маманы Айнұр Оспанованың айтуынша, акцияның басты  мақсаты — ұстаздарға кәсіби мереке қарсаңында құрмет көрсету және жастардың ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге шақыру.

Дәстүрлі түрде өтетін шарада оқу ордасының белсенді студенттері алдымен әкімшілік ғимаратында болып, университет ректоры мен проректорларын құттықтады. Содан соң олар қоғамдық көліктерде Ә.Еспаевтың «Ұстазым менің» әнін орындап, қала тұрғындары мен қонақтарының ұстаз алдындағы борыштарын естеріне салды. Акция барысында жастар «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты №24, №27 және №45 автобустарда  қала тұрғындарын акция мақсатымен таныстырып, «Ұстазыма мың алғыс!» деген тақырыптағы парақшаларды таратты. Сондай-ақ  аялдамалар мен сауда орындары секілді қоғамдық жерлер де назардан тыс қалмады. Акцияға қатысушы жастың бірі Жұбанов университетінің тарих факультетінің 4-курс студенті  Әсем Әлібек шараға белсене қатысып жүргенін айтты.

«Ұстаздық төзімділік пен мейірімділікті қажет ететін мамандық. Саналы тәрбие, сапалы білім беруге табиғатынан педагог болып жаратылған жандар ғана қабілетті. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты арқалап жүрген жандарды қалай құрметтесең де лайық. Сондықтан мұндай игі шаралар жиі өткізіліп тұру керек деп ойлаймын. Мен өз  қатарластарымды аталған бастаманы әрі қарай жалғастыруға шақырамын», — деді Әсем.

Мерекелік құттықтаулар легі 3 қазанға дейін жалғасын табады. Шараға 400-ге жуық студент қатысуда.