Пятница, Октябрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ректордың халық алдындағы жылдық есебі тыңдалды

Ректордың халық алдындағы жылдық есебі тыңдалды

Жұбанов университетінің 2018-2019 оқу жылындағы қызметінің қорытындылары бойынша ректор Бауыржан Ердембековтің халық алдында есеп беру кездесуі өтті.

Екі сағатқа созылған кездесуге «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, ардагер Келдібай Еспағамбетов, Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, танымал ақын, публицист, «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Нұргүл Әбішева, кәсіпкер Роман Рахиев, «Ер-Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетайұлы, облыстың және қаланың білім беру ұйымдарының басшылары, университеттің серіктес өндіріс басшылары, өндірістен шақырылған практик-мамандар, меценаттар, қоғамдық ұйымдар басшылары, университет құрылымдарының басшылары, студенттік парламент және БАҚ өкілдері шақырылды. Онлайн форматта өткен есеп беру кездесуге шамамен 3000-ға жуық адам қатысты.

Жиында Бауыржан Аманкелдіұлы: «Менің таңдауым – Жұбанов» жобасының нәтижесінде Жұбанов университеті студенттерінің саны биыл 15491 адамды құрады, оның 8 мыңы педагогикалық мамандықтарда оқиды. Осы оқу жылына 1 курсқа 6 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 180 «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар университтің студенті атанды. 1400 студент мемлекеттік және облыс әкім грантын иеленсе, меценаттардың қолдауымен 50 млн теңгеге 161 студент білім алуда. Университет тарапынан 21 студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 1200 студентке түрлі жеңілдіктер берілді. Университет 72 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура,барлығы 118 білім бағдарламасы және жоғары колледжде 13 мамандық бойынша мамандар даярлайды.

Қазақстандық «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің» бас рейтингісінде Жұбанов университеті еліміздің 56 ЖОО-ның ішінде 4-орынды, «Білім» бағыты мамандықтары бойынша 3-орынды иеленді. Ақтөбеде өткен Х жазғы универсиадада 62 ЖОО-ның ішінде жүлделі 2 орынға көтерілді», -деді.

Сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және өндіріспен байланыс туралы да тілге тиек етті. «Келесі бір мәселе — мектеп бітіруші түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Мектеп оқушысының мамандық таңдауынан бастап, университетті бітіріп жұмысқа орналасуына дейінгі аралықтағы қызметті қамтитын «Кәсіби даму және мансап» орталығы құрылды. Қазақстандағы шетелдік инвесторлар қауымдастығы ұсынысымен мұндай орталық 5 ЖОО-да ашылса, соның бірі — Жұбанов университетінде. Орталықтың негізгі мақсаты, ең алдымен, өңірге қажетті мамандардың мониторингін жасау. Бүгін оқуға түскен студент төрт-бес жылдан кейін жұмыссыз қалмауы қажет. Бұл жөнінде «Bilim ja’ne g’ylym» тақырыбында өткен облыс педагогтарының жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесінде де айтылды. Қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-класта емес, 8,9-кластардан басталуы керек. Ата-аналардың 80%-ы, пән мұғалімдері, класс жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына қосатын үлесі зор. Барлық сыннан өтіп, тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап, немесе грант үшін, төрт жыл, жүрегі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады. Бұл арада, әрине, жан-жақты кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіре түсу қажет.

Мұғалім болатын түлектердің 75%-ы жұмысқа орналасты дегенімізбен, пән мұғалімдері өңірде жетіспейді дедік. Жұбанов университеті ең алдымен, өңірді кадрмен қамтамасыз етуі керек. Бұл тұрғыда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Дегенмен де, бұл жұмысты күшейту мақсатында қазан айынан бастап «Жұбанов керуені» жобасы аясында университет ұжымы аудандарға іссапарға шығады. Оқуға түсу туралы жалаң үгіт-насихатпен емес, ғалымдар дәрістері, мектептегі кафедра филиалдары жұмысы, оқушылар арасындағы түрлі олимпиадалар, ҰБТ-ға дайындау, жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша бірлескен семинар, дөңгелек үстелдер өткізу, бірлесіп оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселелері осы кешенді жобаның негізгі бағдары болып, мектеп пен университеттің арасындағы байланысты күшейтіп, бірнеше түйткілді мәселелерді шешеді деген ойдамыз», — деді ректор.

Жиында дуалды оқыту жүйесінің талаптарына сай өндірісте жүргізілетін пәндер санын көбейту, кәсіби практиканы өткізу сапасын арттыру, университеттің оқу процесіне тартылатын практик мамандардың жалақысын көбейту сияқты мәселелер күн тәртібінде екені айтылды. Облысымыздың 40-қа жуық мектептерінің базасында 80-нен астам кафедра филиалдары өз жұмысын жүргізіп келеді. Дуалды оқыту элементтері соңғы екі жылда 50-ге тарта мамандықта 124 пәнге енгізілген.

Үш тілде білім беру — бүгінгі заман талабы. 2019 жылдан бастап үш тілде оқыту кезең-кезеңімен енгізілуге байланысты, түлектерге ағылшын тілін меңгерту мақсатында университетте «Білім» бағытының 6 білім бағдарламасы (физика, информатика, математика, химия, биология, дефектология) бойынша көптілді білім беру жүзеге асырылуда. Арнайы пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін оқытушыларға қосымша үстемe ақы енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім бағдарламасы да көптілде оқыту жүйесіне енеді. Үштілділік – университетте жыл сайын қабылданатын жас мамандарға да қойылатын талап. Бүгінгі таңда университетте «Жұбанов жастарды шақырады», «Жұбанов жас ғалымдар ордасы» жобасы аясында 200-ге жуық жас PhD докторлары мен магистрлер еңбек етеді, алдағы оқу жылынан бастап оларға сынақ мерзімінсіз келген уақытынан бастап үстеме ақы төленетінін де университет басшысы атап өтті.

Бүгінгі есеп беру жиынында Бауыржан Аманкелдіұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы, университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты, бұқаралық спортты дамыту, «Smart Zhubanov University» кешенді жобасы, студенттік ғылыми-зерттеу жұмысы, жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы, студенттерді жатақханамен қатамасыз ету, университет құрылымдарын оңтайландыру жұмыстары жөнінде баяндап, жоғары оқу орнының болашақта тұрған міндеттеріне де тоқталды.

Ашық әңгіме түрінде өткізілген университет ректорының бүгінгі есебінде оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу сапасы, білім алушылардың академиялық ұтқырлығы, шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары, тілдік орталықтар мен зертханалар қызметін үйлестіру, шетелдік серіктестермен бірлескен халықаралық инновациялық жобалар түгел қамылды. Оқу ордасында халықаралық байланыстар аясы кеңіп, Түркия және Польша ЖОО-да «Қазақ елі» орталықтары ашылды. Білім беруді интернационализациялау мақсатында университетте профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы аясында шетелдік 35 ғалым дәріс жүргізсе, 109 универсиант шетелде білім алды. Қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша Польшаның Быдгощ экономикалық университетінде 8 студент оқыса, Қытай мұнай университетінің 1 студенті Жұбанов университетінде білім алып жатыр. Университеттің «Атақоныс Ақтөбе» ауқымды жобасының нәтижесінде 8 елден 994 шетелдік азаматтар осы оқу ордасында оқиды.

Сонымен қатар, есеп берілген жылы университетте ашылған Startup Academy студенттерді кәсіпкерлікке баулу орталығы ретінде елеулі шаралар атқарды. Соның бір көрінісі — Startup жобасы нәтижесінде университет жанынан ашылған «Зерек» балаларды дамыту орталығы тек балаларды әлеуметтендіру, қолдау бағытында ғана емес, дуалды оқыту жүйесін іске асыруда да оқу-тәжірибе базасына айналып отыр.

Университетте әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмаған. Мұның куәсі ретінде унверситет қызметкерлері мен білім алушыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Жомарт жандар Жұбановта», «Үмітің үзілмесін», «Жұбанов жылуы» қайырымдылық қорлары сынды ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.

Ректор есепті баяндамасының екінші бөлігін жаңа оқу жылында университеттің Стратегиялық бағыттағы негізгі жоспарына арнады, проректорлар мен құрылым басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысында есепті баяндамадан туындаған мәселелер бойынша белгілі ғалымдар сөз алса, өз пікірін білдіруден жастар да тыс қалмады. Университеттің үздік студенті, экономика және құқық факультетінің студенті Әлиасқар Отарбай Жұбанов жастарына жасалған мүмкіндіктерге тоқталып, ұстаздары мен университет басшылығына алғысын айтты.

Одан соң сөз алған жас маман, «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасының оқытушысы Айдана Қуантай: «Өзім осы қарашаңырақтың түлегімін. Магистратураны тәмамдаған соң, Хромтау Дөң кен байыту комбинатында инженер-конструктор болып жұмыс жасадым. Дегенмен, бала күнгі «оқытушы боламын» деген арманым осы білім ордасына жетеледі. Ұстаз ретіндегі басты парызым алдыма келген әр студенттің түзу таяқтпай халықтың кәдесіне жарайтын білгір маман иесі болуына өз үлесімді қосу деп білемін. Қазіргі таңда тау-кен саласының өндірісінде қолданылатын AutoCUD, DataMINE, MacroMINE ақпараттық бағдарламаларын студенттерге үйретуді жоспарлап отырмын. Осы ретте, жас та болсақ бізді қолдап, сенім артқан университетке алғысымды білдіргім келеді!», — деді.

Жиын қорытындысында ардагер Келдібай Еспағамбетов университет басшылығының халық алдында жыл қорытындысы бойынша есеп беруінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, оқу орны ұжымының ауызбіршілігі мен ынтымақтастығы еліміздегі үздік ЖОО қатарынан көрінуге септігін тигізгенін және білім ордасының ел келешегі үшін сапалы жас ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып отырғанын ерекше атады. Бұл ретте университеттегі қосдипломды білім беру мен дуалды оқыту мәселелерінің білім беру кеңістігінде маңызы зор екеніне тоқталды.

Өз кезегінде танымал ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «Арқанның ұзыны, сөздің қысқасы жақсы деген бар» (күліп)… Әдетте, «басқосулар, жиындар» дегенде бір топ адамдардың басын қосып, қасаң тілде (көбіне ресми тілде) баяндама жасасып, өздеріне ғана түсінікті ойларымен ортақтасып жататын көңілсіздеу жиын көзге елестейді. Ондай жиындардың да қажеттілігі бар шығар, бірақ қалың көпшілік қабылдай бермейді.

Бірақ, бүгін көптен бері зерікпей, қатысып тыңдаған кездесуім болған шығар?! Шыны керек, бүгін Бауыржан бауырым мазмұнды және мағыналы баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісіп отыр. Өте қуантарлық жағдай. Жалпы, біраздан бері жасалып жатқан жұмыстарды көріп, куәсі болып жүрміз. Елімізде жағдай тұрақты, тек еңбек етіп, алға ұмтылу керек. Сонда ғана мәдени, ғылыми, адамгершілік тұрғыдан да үздіктер қатарына қосыламыз. Міне, бүгін соның нәтижесін көріп те отырмыз. Игі бастамаларыңа мен қашан да тілектеспін! Бауыржан інім мен университет ұжымына алғыс білдіремін! Еңбектеріңіз абыройлы, табысты болсын!», — деген тілегін жеткізді.

Басқосу соңында Бауыржан Аманкелдіұлы университеттің ұйымшыл ұжымына ризашылықпен алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі.