Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұлдызды түлектер студенттермен кездесті

Жұлдызды түлектер студенттермен кездесті

Өткізілген шаралардан кейін Жұлдызды түлектер студенттермен кездесті. Кездесуді кіріспе сөзбен Бауыржан Аманкелдіұлы ашты: «Түлектердің барлығының басын бір күнде қосу мүмкін емес, сондықтан әр факультет, әрбір мамандық өзінің кездесетін күнін белгілеуі керек. Осы үрдіс дәстүрге айналса, түлектер өздері білім алған қара шаңырағына келіп, әдемі естеліктерін еске алатын болады. «Ерім» деген ел болмаса, «елім» деген ер қайдан болсын» деген қазақта даналық сөз бар. Сондықтан түлектерімізбен байланысты нығайтудың маңыздылығы зор болмақ», — дей келе, университет ректоры университетте жасалып жатқан жаңа жобаларға, жаңалықтарға тоқталды.

Кездесу барысында Жұлдызды түлектер оқу ордамыз жайлы бірауыз жылы лебіздерімен бөлісті. Жәрдемғали Шүкіров «Физика мамандығын бітірген алғашқы түлектердің қатарынанмын. Маман болып қалыптасуыма осы университет, білім берген ұстаздарымыз, үлкен ұжым мүмкіндік берді»десе, Айгүл Мақсатқызы: «Маған үлкен өмірге жол ашты», Раушан Серікқызы: «Филология факультетін бітірдім. Бұл білім ордасы маған білім берді, тәрбие берді» деді. Қанат Айтбаев: «Бұл оқу орны асқақ арман берді, даңғыл жолға бағыттады. Өмірдегі жеткен жетістіктеріме осы оқу орны жетеледі» деген ыстық ықыласын жеткізді. Светлана Айтбаева: «Мен осы оқу орнында музыкалық факультетін бітірдім. Ең алдымен жақсы маман қылып шығарды. Адам мамандық таңдауда қателеспеу керек дейді. Қателеспедім деп ойлаймын. Осы оқу орнындағы ұстаздарыма әркез рахметімді айтып өтемін»,-деді.

Әсерлі кездесуде студенттер қонақтарға «Студенттік кездегі ең есіңізде қалған кездеріңіз, ол кезде ұялы телефон болған жоқ, достарыңызбен қалай хабарластыңыздар, студенттік өмірде қандай маңызды шешімдер қабылдау керек» деген секілді қызықты сұрақтар қойды. Жұлдызды түлектер де студенттік шақтарын бір еске алып, әдемі, еркін отырыс болды.

Кездесу соңында университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы «Жұбанов» медалімен Жұлдызды түлектерді марапаттады.