Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Нұрпейіс Байғанин атындағы аллея ашылды

Нұрпейіс Байғанин атындағы аллея ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде  ХХ ғасырдағы қазақ халық поэзиясының аса көрнекті өкілі, жыр алыбы Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне аллея ашылды. Мәдени шараға  университеттің профессорлық-оқытушылық  құрамы, студенттер мен магистранттар, Н.Байғаниннің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, ақтөбелік ақын-жазушылар қатысты.

Аталмыш аллея жас ұрпаққа халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби мұрасын насихаттау,  жастардың бойына патриоттық тәрбие-тағлымын сіңіру, адамгершілік ізгілік пен зиялы қасиеттерге, туған халқына қызмет етуге тәрбиелеу мақсатында ашылды.

Салтанатты шарада алғысө­зін сөйлеген уни­верситеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев: «Елге та­нымал ақын  Нұрпейіс Байғанин аллеясын ашу біраздан ойда жүрген мақсатымыз еді. Бүгін ашылу салтанатына куә болып отыр­сыздар. Мақсатымыз – ұлтымыз­дың бірлігіне, тари­хы мен руха­ниятына өлшеусіз еңбек сіңір­­ген тұлғаларды жастар тани түс­се екен, солардың өмір жолдары­нан тағылым алып, со­лар­дай ұлтын шексіз сүйіп, еліне, жеріне қыз­мет етіп, халқының мақта­ны­шы бол­са деген ниеттен туған еді», – деп сал­танатты жиын­ға кел­ген жұрт­шылыққа, тұлғаның ұрпақта­ры­на алғыс айтты.

Еліміздің біртуар тұлғасы арамызға қайта оралғандай әсер еткен салтанатты шарада ақынның   ұрпақтары да сөз алып, ал­ғыс білдірді. Көрікті аллеяның ашылуында сөз сөйлеген Нұрпейіс  Байғаниннің келіні Манар Сәтханқызы: «Бүгін университет ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен  ашылып отырған аллеяның елдің игіліне туып, тұлғаның өнегелі ғұмыры мен артына қал­дырған жақсы мирасын өс­ке­лең ұрпаққа үлгі етудің жасам­паз жолы. Университет басшылығы­ның соңғы жылдардағы жастарға ұлт­тық құндылықтарды насиxаттау барысында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Өз кезегінде, аллеяның Жұбанов университетінде ашылуы үлкен мән-маңызға ие, ғиб­ратты қадам деп білемін. Өйт­кені, бұл уни­вер­ситет – еліміздегі тағлымды та­ри­хы бар, іргелі де ірі білім ор­даларының бірі ретінде кешегі ба­ладан байыпты да білімді, жо­ғары парасатты, кәсіби маман даяр­лап, осындай талай жасты ел игі­лігі мен мемлекет мүддесі жо­лына бағыттап жүрген киелі шаңырақ. Бұл да болса білім ордасының туын тік ұстап, ілім-ғылым дәнін сеуіп келе жатқан ұстаздар қауы­мының арқасы. Ендеше, алдағы уақытта да еліміздің жоғары білі­мін жетілдіру жолындағы ең­бек­теріңіз жеміс­ті жалғаса бергей» – деген тілегін арнады.

Бұдан соң Момын Байғаниннің қызы Гүлмира Байғанина да сөз сөйлеп, «Еліміздің тұғырлығына, руха­нияты мен мәдениеті, өнеріне өлшеусіз үлес қосып, өмірінің соңына дейін ұлт үшін еңбек ет­кен атамызды ұмытпай, ұрпаққа да ұмыттырмайтын айтулы іске бас­тамашы болған азаматтарға алғы­сымыз шексіз. Бүгін осы тұлғаның ұрпағы болғанымыз үшін марқайған, жүрегіміз қуан­ған күн болды», – деп ризашылығын білдірді.

Мәдени шара соңы факультет студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетейік, аталған аллеяның аумағы абаттандырылып, шырша егілген. Сондай-ақ аллеяға ақыннның мрамордан жасалған ескерткіші қойылған, жоба авторы — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәдігер Кенбай. Алдағы уақытта аллеяда салтанатты жиындар өткізіліп, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері өтеді.