Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өндірістік тәжірибенің қорытындысы

Өндірістік тәжірибенің қорытындысы

Жұбанов университетінде  бүгін  «Кемелділік әрекеттен басаталады» тақырыбында  ашық қорытынды конференция отырысы өтті.  Аталмыш шара «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы базасында өткен «Көлiк, көлiк техникасы және технологиялары», «Мұнай-газ ісі», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» білім бағдарламаларының 4-курс студенттерінің ақылы өндірістік тәжірибесін қорытындылау және өндірістік тәжірибенің негізгі артықшылықтары мен мәселелерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Еске салсақ, 2019 жылдың сәуір айында Жұбанов университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы арасында күндізгі бөлім студенттері үшін ақылы кәсіби тәжірибені ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылған болатын. Нәтижесінде жазғы кезеңде «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Мұнай-газ ісі», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» және «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламаларының 20 студенті ірі компанияда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Бүгінгі жиынға қатысқан студенттердің айтуынша, кәсіби тәжірибе олардың білімін тексеруге және болашақ маман ретінде қалыптасуға тамаша мүмкіндік болды. «Мұнай-газ ісі» мамандығының 3-курс студенті Арыстанбек Болатов «Кеңқияқ» Бас мұнай айдау станциясындағы жұмысы  туралы баяндады. «Біз жаз айында «Кеңқияқ» Бас мұнай айдау станциясында өндірістік тәжірибеден өттік. Тікелей өндірісте жұмыс істеу, технологиялық сызбалар, майды сақтау және барлық жабдықтар қалай жұмыс істейтіндігі біз үшін өте қызықты болды. Өндірістік тәжірибе барысында негізгі құрылыммен танысып, өзіміздің мамандығымыз бойынша алған  теориялық білімімізді өндірістік тәжірибеде қолдандық.  Сонымен қатар мұнай-газ саласындағы инновациялық технологиямен жұмыс жасау қабілеттімізді шыңдадық», — деді ол. Өндірістік тәжірибе  туралы әсерімен бөліскен Арыстан Болатов университет басшылығы мен ұстаздарына  алғысын білдірді.

Жиын барысында  «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы өндірістік тәжірибеде терең теориялық білім мен практикалық сабақтарға шығармашылықпен қарағандары үшін студенттер Жанар Досмағамбет пен Арман Қалиевті алғыс хаттармен марапаттады.

Өз кезегінде университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев өндірістік тәжірибенің нәтижелерін қорытындылай келе, оқу ордасының «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасымен бірлескен жұмысының негізгі мақсаты — жоғары білікті кадрларды даярлау екенін атап өтті.

Одан кейін сөз алған «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының бастығы Қуаныш Өтебалиев Жұбанов  университетінің түлектерін жұмысқа орналастыруға дайын екендігін жеткізді.  Сөз соңында басқарма басшысы  студенттердің дайындығы мен біліміне жоғары баға берді.

Жұбанов жастарының тәжірибеден  өтуін қадағалап отырған «КазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының өкілдері Айнұр Есмаханова, Нұржан Башембаев, Амир Валиев, Нұрхан Кайкиев  бүгінгі конференцияда студенттердің білімі туралы да баяндап,  студенттердің жұмысқа ерекше дайындықпен келгендерін жасырмады.

Кездесу соңында Жұбанов университеті мен «КазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы арасында күндізгі бөлім студенттерінің ақылы кәсіби тәжірибесін ұйымдастыру мен өткізу бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру, «КазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы өкілдерін оқу жұмысы жоспарын құрастыруға қатыстыру,  2019-2020 оқу жылында жоспарланған өндірістік тәжіибелерді тиімді ұйымдастыру үшін анықталған тәжірибенің артықшылықтары мен мәселелерін шешу,  білім бағдарламалары бойынша «КазТрансОйл» АҚ тарапынан ұсынылған таңдау пәндерін оқыту туралы қаулы қабылданды.

Айта кетейік, бүгінгі жиынға СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Нектар» ӨК өкілдері,  техникалық, жаратылыстану факультетінің декандары мен кафедра меңгерушілері, кураторлар,  3-4 курс студенттері қатысты.