Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастарға жол сілтеген Жұбановшылар

Жастарға жол сілтеген Жұбановшылар

Жұбанов университетінен бастау алған «Жұбанов керуені» жобасының жұмыс тобы бүгін Алға ауданына барды.

Аталмыш жоба жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Жылжымалы топтың құрамында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, кәсіби бағдар беру және қабылдау бөлімінің мамандары, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің белсенділері мен шығармашыл жастар  бар.

Бұл шараға 300-ден астам мектеп түлектері жиналды. Сондай-ақ, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов,  аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжар,  аудандық білім бөлімінің басшысы Марат Төлеуов  пен ата-аналар, мектеп мұғалімдері, мектеп директорлары қатысты. Шараға  барысында түлектер Жұбанов университетінің академиялық бағдарламалары, грантқа түсу мүмкіндіктері мен білім алу шарттары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар жоба аясында Алға мәдениет үйінің төменгі қабатында университеттің ғалымдарының еңбектерін табыстау рәсімі, білім бағдарламаларының көрмесі, қолөнер көрмесі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, мастер-класстар өткізіліп, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

«Жұбанов керуені» жобасын кіріспе сөзімен ашқан  Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов биылғы жылғы түлектерге ерекше шараны ұйымдастырған қазақ білімінің қара шаңырағына, шараға қатысқан ата-аналар мен  университет басшылығына дән ризашылығын білдірді.

Жиында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков алдымен жобаға қолдау білдірген Алға ауданының жұртшылығына алғысын жеткізді.  «Бүгін біз үлкен жобамызды Алға ауданынан бастап отырмыз… Өздеріңізге белгілі «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты – жұмыссыз жүрген жас мамандарды жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру. Егерде жас мамандар ауылға баратын болса, ауыл көркейеді.  Біз ауылды көркейтуіміз керек…  

Келесі бір мәселе – мектеп бітіруші түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Ата-аналардың 80%-ы, пән мұғалімдері, класс жетекшілерінің де баланың мамандық таңдауына қосатын үлесі зор. Барлық сыннан өтіп, тек құжаттарын өткізуге келгенде ғана мамандық таңдап, немесе грант үшін, төрт жыл, жүрегі қаламаған мамандықты аяқтап диплом алған жастар, не жұмыссыздардың санатында, не сапасыз кадрдың санатында жүретіні бізді қынжылтады. Сондықтан қала және аудандар бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары тек 11-класта емес, 8,9-кластардан басталуы керек.

Мұғалім болатын түлектердің 75%-ы жұмысқа орналасты дегенімізбен, пән мұғалімдері өңірде жетіспейді дедік. Бұл тұрғыда облыстық, қалалық білім беру басқармаларымен, мектептермен, аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Дегенмен де, бұл жұмысты күшейту мақсатында осы айдан  бастап «Жұбанов керуені» жобасы аясында университет ұжымы аудандарға іссапарға  шығып отыр. Оқуға түсу туралы жалаң үгіт-насихатпен емес, ғалымдар дәрістері, мектептегі кафедра филиалдары жұмысы, оқушылар арасындағы түрлі олимпиадалар, ҰБТ-ға дайындау, жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша бірлескен семинар, дөңгелек үстелдер өткізу, бірлесіп оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселелері осы кешенді жобаның негізгі бағдары болып, мектеп пен университеттің арасындағы байланысты күшейтіп, бірнеше түйткілді мәселелерді шешеді деген ойдамыз», — деп, Жұбанов университетінің аудандық мектептерімен жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді. Сөз соңында ректор алдағы жылы Абайдың 175 жылдық мерекесі тойланатынын тілге тиек етіп,  оқырман жастарға рухани күш жігер, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге беретін рухани сарқылмас қазына ретінде «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның  барлық  мектептерінің кітапхана қорына табыстады.

Айта кетейік,  ректор Бауыржан Ердембеков жастарға әлеуметтік қызмет пен әлеуметтік қолдау көрсету және олардың әлеуметтiк маңызды бастамаларын iске асыруға мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соның айғағы ретінде бүгін де университет Кеңесінің шешімімен Алға ауданының 4 мектеп түлегіне профессор Құдайберген  Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттары табысталды.   Бұдан бөлек, бүгінгі шарада оқу үлгерімі жоғары және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген Жұбанов университетінің мақтанышына айналған студенттердің ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылса, Алға ауданының белсенді жас мамандары да (университет түлектері) назардан тыс қалмады.

Солардың бірі — Жұбанов университетінің «Биология» мамандығының түлегі, Қайындысай негізгі мектебінің директор орынбасары Шерхан Отаров та  өз кезегінде университеттің түлегі атағына лайықты абыройлы істердің басында жүріп, әрдайым Батыс өңіріндегі ірі білім ордасын  мақтан тұтатындығын тілге тиек етті.  Содан соң университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев «Жоғары оқу орнына түсу ережелері» туралы баяндап,  онда білім деңгейінің сатыларына, жаңадан ашылған мамандықтарға, әлеуметтік жобаларға, нысандар мен оқу процесіндегі мүмкіндіктерге,   білім беру гранттарына тоқталды.

«Жұбанов керуені» жобасы аясында «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясы ұйымдастырылды. Анкета толтыру арқылы акцияға қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25% (пайыз) жеңілдік сертификаттары тарту етілді.

Мінберде сөз алған университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі, «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының президенті Алиасқар Отарбай: «Мен университеттің «Үздік студент» төсбелгісінің иегерімін. Осы жоғарғы оқу орнын таңдап, білім алып жатқаныма өте қуаныштымын, себебі оқу барысында болашақ мамандығым туралы көптеген нәрсені біліп үйрендім. Университет мен үшін мол тәжірибе орны болып есептеледі. Университет жанынан құрылған көптеген үйірмелерге қатысу арқылы өзімді жаңа қырымнан танытуға мүмкіндік берді. Біздер оқу ордасында түрлі мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласамыз. Жұбанов университеті – болашаққа бастар үлкен жол! Жастардың ертеңі осы университет қабырғасында құрылмақ!», — деді.

«Жұбанов керуенінің» Алға ауданындағы сапары соңында жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов пен ректор Бауыржан Ердембеков меморандумға қол қойды.  Содан соң «Алға мектеп гимназиясы» КММ-сінен  инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас таланттардың​ ​ білімін арттырып,​ шеберлігін шыңдау және түрлі байқауларға​ дайындалуға мүмкіндігін кеңейту мақсатында ашылған «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының, «Физика» кафедрасының филиалдарының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Айта кетейік, ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен ұйымдастырылған жоба 2019 жылдың қазан айынан бастап  қараша айының соңына дейін облыстың барлық аудандарын аралайды.